Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП

Соғысқа қатысты Құдайдың көзқарасы қандай?

Соғысқа қатысты Құдайдың көзқарасы қандай?

Бұл сұраққа сіз қалай жауап берер едіңіз? Көпшіліктің ойынша, Құдай адамдардың соғысқанын құптайды. Олар “өткен заманда Құдай өзіне құлшылық ететіндерге соғысуды бұйырған ғой. Бұған Киелі жазбаларда да дәлелдер бар” деген ойды алға тартады. Ал Иса пайғамбардың тәлімімен таныс адамдар болса оның “жауларыңды ұдайы жақсы көріңдер” деп үйреткенін біледі (Матай 5:43, 44). Сондықтан Құдайдың көзқарасы өзгерген, бүгінде ол соғыстарды құптамайды деп есептейді.

Ал сіз не ойлайсыз? Құдай соғыстардың болғанын құптай ма? Егер құптаса, бүгінде кімге болысады? Бұл сұрақтардың жауабы соғысқа қатысты көзқарасыңызға әсер етуі мүмкін. Мысалы, екі ел соғысып жатып, сіз жақтайтын елді Құдай да жақтайды делік. Мұны білгеніңіз көңіліңізді орнықтырып, болысқан жағыңыздың жеңіске жететініне сенімділік берсе керек. Ал Құдай, керісінше, жауласқан жақты қолдаса ше? Мұндай жағдайда көзқарасыңызды өзгертетін шығарсыз.

Алайда бұдан да маңызды жайт бар: соғыстарға Құдайдың қалай қарайтынын білгеніңіз оған деген көзқарасыңызға әсер етуі мүмкін. Егер сіз соғыстың ауыр зардабын тартқан миллиондаған адамның бірі болсаңыз, мына сұрақтар сізді қызықтырары сөзсіз: Құдай соғысқұмар ма? Адамдардың соғыстан қасірет шеккенін қалай ма? Қиянат көріп жатқан адамдарға бейжай қарап отыра бере ме?

Бұл сұрақтардың жауабын Киелі кітаптан табуға болады. Олар көпшіліктің ойынан мүлде өзгеше. Құдайдың соғысқа қатысты көзқарасы ешқашан өзгерген емес. Ендеше, Киелі кітапқа үңіліп, ежелгі заманда және бірінші ғасырда Құдайдың соғысқа қалай қарағанын көрейік. Сонда оның бүгіндегі соғыстарға қатысты көзқарасын, сондай-ақ болашақта жер бетінде соғыс бола ма, жоқ па, соны білеміз.