Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ШАЙТАН ШЫНЫМЕН БАР ТҰЛҒА МА?

Шайтаннан қорқуымыз керек пе?

Шайтаннан қорқуымыз керек пе?

Шайтан көмірқышқыл газ сияқты көзге көрінбейді әрі қауіпті

Оның әсерін сезу өте қиын. Түссіз әрі иіссіз болғандықтан, адамдар байқаусызда оның құрбаны болып жатады. Дүниежүзі бойынша уланудың кесірінен болған өлімнің жартысынан көбіне осы қылмыскер себепші. Бұл айыпталушы — көмірқышқыл газ. Алайда қорқынышқа бой алдырудың еш қажеті жоқ. Себебі осы газдан қорғанудың жолдары бар. Көптеген адам үйлеріне газды анықтайтын арнайы құралдарды орнатып, қауіпті ескертетін белгілерге мұқият болуда.

Көмірқышқыл газ сияқты, Шайтан да көзге көрінбейтін, адамдар анықтап біле бермейтін аса қауіпті тұлға. Алайда Құдай бізді қорғансыз қалдырған жоқ. Құдай ұсынатын келесі сыйлардың арқасында бізге Шайтаннан қорқудың еш қажеті болмайды.

Таңдау еркіндігі. Жақып 4:7-де: “Ібіліске қарсы тұрыңдар, сонда ол сендерден қашып кетеді”,— делінген. Шайтан құдіретті тұлға болса да, адамды қаламайтын нәрсесін істеуге мәжбүрлей алмайды. Себебі әрбір адамда таңдау еркіндігі бар. Петірдің 1-хаты 5:9-да: “Сендер сенімде берік болып, оған [Шайтанға] қарсы тұрыңдар!”— деп жазылған. Есіңізде болар, Иса үш азғыруға қарсы тұрғанда, Шайтан оның қасынан кетіп қалған еді (Матай 4:11). Сіз де Шайтанға қарсы тұруды таңдай аласыз.

Құдаймен достық қарым-қатынас. Жақып 4:8- де: “Құдайға жақындаңдар”,— делінген. Иә, Ехоба Құдай сізді өзімен тығыз қарым-қатынас дамытуға шақырады. Мұны қалай істей аласыз? Ең жақсы жолы — Киелі кітаптан Құдай жайлы көбірек білім алу (Жохан 17:3). Ехоба туралы білім алған сайын, оған деген сүйіспеншілігіңіз арта түседі. Ал мұндай сүйіспеншілік сізді оның еркін орындауға талпындыратын болады (Жоханның 1-хаты 5:3). Жақыптың кітабында жазылғандай, көктегі Әкеңізге жақындай түссеңіз, ол да сізге жақындайды.

Ехоба сізге қорғаныш ретінде рухани сыйлар береді

Қорғаныш беруге қатысты уәде. Нақыл сөздер 18:10-да: “Жаратқан Иенің есімі — мықты мұнара, Бас сауғалаған әділге қауіпсіз пана”,— деп жазылған. Бұл сөздер Құдайдың есімі жамандықтан қорғайтын сиқырлы сөз дегенді білдірмейді. Қайта, Құдайдың есімін шын жүректен қастерлейтін адамдар кез келген уақытта одан қорғаныш сұрай алатынын көрсетеді.

Киелі кітаптағы оқиғалар. Елшілердің істері 19:19-да Ефес қаласында мәсіхшілікті жаңадан қабылдағандар жайлы былай делінген: “Сиқырлықпен айналысқан көптеген адамдар кітаптарын әкеліп, жұрттың көзінше өртеп жіберді. Олардың құнын есептегенде, 50 000 күміс теңге болып шықты” *. Осы мәсіхшілер жын-перілермен байланысы бар барлық заттарды қымбат болғанына қарамастан жойып жіберді. Олардың әрекеті біз үшін жақсы үлгі болып табылады. Бүгінгі дүниеде оккультизм мен спиритизм кең етек алған. Тіпті зиянсыз болып көрінетін спиритизммен байланысты заттар мен салт-жоралар жын-перілердің бізге әсер етуіне жол ашуы мүмкін. Сондықтан да қаншалықты қиын болмасын, мұндай нәрселерден арылғанымыз маңызды (Заңды қайталау 18:10—12).

Мақаланың басында аталып өткен Рокалио 50 жыл бойы Ібілістің бар екеніне сенбеген еді. Бірақ кейін ол көзқарасын өзгертті. Бұған не себеп болды? Ол былай дейді: “Киелі кітаптан алған білімім Шайтанның шынымен бар тұлға екеніне көзімді жеткізді. Осы білім бүгінде мені оның ықпалына беріліп, құрбаны болудан қорғайды”.

“Киелі кітаптан алған білімім Шайтанның шынымен бар тұлға екеніне көзімді жеткізді. Осы білім бүгінде мені оның ықпалына беріліп, құрбаны болудан қорғайды”

Шайтан жоқ болатын дүниеде өмір сүргіңіз келе ме? Жазбаларда көп адамды адастырып жүрген Ібілістің болашақта “от пен күкірт жанып жатқан көлге лақтырылатыны” жазылған (Аян 20:10). Кәдімгі от пен күкірт көзге көрінбейтін рухани тұлғаға еш зиян келтіре алмайды. Сондықтан отты көл мәңгілік жойылуды бейнелейді деп айта аламыз. Иә, үмітсіз Шайтан демекші, ол мәңгілікке жойылатын болады. Құдайды сүйетін адамдар үшін бұл қаншалықты қуанышты кез болады десеңізші!

Сол уақыт келгенше Ехоба Құдай туралы және оның жолдары жайлы білім ала беруді доғармаңыз *. “Шайтан енді жоқ” деп нық сеніммен айта алатын заманда өмір сүру неткен ғанибет болады!

^ 8-абзац Жазба орнындағы күміс теңге римдік динарий болған болса, бұл өте қомақты соманы құраған. Аталған құнды жинау үшін бір жұмысшы 50 000 күн жұмыс істеу керек болатын.

^ 11-абзац Спиритизмге қатысты Құдайдың көзқарасы мен Шайтан туралы көбірек мәлімет алу үшін “Киелі кітап шын мәнінде неге үйретеді?” кітабының 10-тарауын қараңыз. Оның бір данасын Ехоба куәгерлерінен сұрасаңыз немесе www.jw.org сайтынан онлайн оқысаңыз болады.