Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Құдай Заңы әділет пен туралықты талап еткен

Құдай Заңы әділет пен туралықты талап еткен

ЖИЫРМА жыл уақыт бұрын бір батыс елінде қылмыстық іс қаралғанда, сот екі адамды кісі өліміне айыпты деп тауып, өлім жазасына кескен еді. Кейінірек шындықтың беті ашылып, жалған айып тағылғаны анықталғанда, заңгерлер көп тер төгіп, сотталғандардың біріне бостандыққа шығуына көмектесті. Алайда екінші адам үшін ең тәжірибелі заңгерлердің өздері ешнәрсе істей алған жоқ. Өйткені оған қатысты сот шешімі орындалып қойған еді.

Кез келген заң жүйесінде әділдік осылай бұрмалануы мүмкін болғандықтан, Киелі кітаптың: “Әділдікке, тек әділдікке ғана ұмтылыңдар!”— деген сөздері орынды (Заңды қайталау 16:20). Сот ісі осы нұсқауға сай жүргізілгенде, елдің азаматтары мұның пайдасын көретіні анық. Ежелгі Исраилде алалаушылық танытпастан, әділ сот жүргізуге мүмкіндік берген Құдай Заңы болған. Қазір сол Заңның кей қырларын қарастырып, Құдайдың “барлық жолдары әділетті” екеніне көз жеткізейік (Заңды қайталау 32:4).

“АҚЫЛДЫ ДА ПАРАСАТТЫ, ТӘЖІРИБЕЛІ” ТӨРЕШІЛЕР

Төрешілер әділ, өз ісін жақсы білетін әрі пара алмайтын болса, адамдардың құқығы аяқасты етілмейді. Құдайдың Исраилге берген Заңында сот жүргізетін адамдарға осындай талаптар қойылған. Құдай Мұса пайғамбарға: “Қабілетті бірсыпыра адамды таңдап ал. Олар Құдайды терең қастерлеп, оған ұнамсызды істеуден шошынатын адал, әрі арам табыстан бойын аулақ ұстайтын болулары қажет”— деген нұсқау берген (Мысырдан шығу 18:21, 22). Қырық жыл өткен соң, Құдай төрелік ететін адамдардың “ақылды да парасатты, тәжірибелі” болуы қажет екеніне тағы да баса назар аударған (Заңды қайталау 1:13 ЖД, 14—17).

Ғасырлар өте Яһуданың патшасы Жосафат * төрешілерге былай деген: “Істейтін істеріңе мұқият көңіл бөліп жүріңдер! Себебі адамның емес, Жаратқан Иенің атынан төрелік етесіңдер. Сендер үкім шығарған кезде Жаратқан Ие қастарыңда болады. Сондықтан Жаратқан Иені терең қастерлеп, зұлымдық атаулыдан шошыныңдар! Іс-әрекеттеріңе мұқият назар аударыңдар! Біздің Құдайымыз Жаратқан Ие әділетсіз үкім, бет-жүзге қарау, пара алу дегеннің бірде-біреуіне төзбейді!” (Шежірелер 2-жазба 19:6, 7). Осылайша патша төрешілердің шешімдеріне алалаушылық не ашкөздік әсер етсе, Құдайдың оларды жауапқа тартатынын естеріне салды.

Исраил төрешілері аталмыш нормаларды ұстанғанда, халық қауіпсіздікте әрі қорғанышта болған. Сондай-ақ Құдай Заңында төрешілерге тіпті өте қиын істерде әділ шешім қабылдауға көмектесетін көптеген принцип бар еді. Сол принциптердің кейбірін қарастырайық.

ӘДІЛ ҮКІМ ШЫҒАРУҒА КӨМЕКТЕСЕТІН ПРИНЦИПТЕР

Халықты соттау үшін дана да қабілетті адамдар таңдалғанмен, олар сотты өз ақыл-парасатына сүйеніп жүргізбеу керек еді. Ехоба Құдай оларға әділ үкім шығаруға көмектесетін принциптер не басшылықтар берген. Исраил төрешілеріне берілген осындай принциптердің кейбірін қарастырайық.

Мұқият тергеу. Құдай Мұса пайғамбар арқылы Исраилдің төрешілеріне мынандай нұсқау берген:  “Исраилдіктер арасында... пайда болып отыратын дауларды тыңдап, әділ шешім шығарыңдар!” (Заңды қайталау 1:16). Әділ үкім шығару үшін төрешілер мәселеге қатысты барлық айғақтарды жинап алу керек еді. Құдай сот жүргізетін адамдарға тағы былай деген: “Істің мән-жайын тексеріп, бәрін зерттеп, тәптіштеп тергеңдер!” Демек, сот ісінде үкім шығарылмас бұрын қылмыскердің айыбы дәлелденуі керек болған (Заңды қайталау 13:14; 17:4).

Куәгерлерді тыңдау. Тергеу ісінде куәгерлерді тыңдау өте маңызды болған. Осыған қатысты Құдай Заңында былай делінген: “Қандай да бір қылмыс не күнә жасады деп адамға айып тағу үшін, бір ғана куәгердің растауы жеткіліксіз. Кез келген іс екі не үш куәгердің сөзімен дәлелденуі керек” (Заңды қайталау 19:15). Ал куәгерлерге Заңда мынадай бұйрық берілді: “Құр лақап таратпа! Жалған куәгер болып әділетсіз адамға қол ұшын берме!” (Мысырдан шығу 23:1).

Куәгерлердің шыншыл болуы. Жалған куәгердің алатын жазасына қатысты Заңда былай делінген: “Төрешілер істің мән-жайын мұқият тексерсін. Егер айыптаушының бауырына таққан айыбы өтірік болып шықса, онда сол адамның өз бауырына тартқызайын деген жазасын оның өзіне тартқызыңдар! Зұлымдықты араларыңнан осылайша аластатыңдар!” (Заңды қайталау 19:18, 19). Демек, адам әлдебіреудің мұралық меншігін алу үшін өтірік айтса, ол айыппұл ретінде соған парапар құн төлеу керек еді. Ал адамды өлтіргісі келгендіктен жалған куәлік берсе, оның өзі өлім жазасына кесілу керек болған. Мұндай заң халыққа жауапкершілік сезініп, сотта шындықты айтуға талпындырған.

Алаламай соттау. Барлық айғақтар жиналғанда, төрешілер кеңесіп, үкім шығаратын. Бұл үшін олар маңызды бір жайтты ескеру керек еді: “Сотта әділетсіздік жасамаңдар. Кедейге алалаушылық танытпаңдар, байға да орынсыз құрмет  көрсетпеңдер, бәрін әділ соттаңдар” (Леуіліктер 19:15 ЖД). Төрешілер қандай істі қарастырмасын, адамның сырт көрінісіне не қоғамдағы дәрежесіне емес, жасаған қылмысына қарай үкім шығару керек болған.

Ғасырлар бұрын исраилдіктерге берілген Құдай Заңындағы бұл принциптер бүгінгі күні де сот ісінде тиімді. Оларды ұстанып сот жүргізілсе, әділдік бұрмаланбайды және қате шешімдер қабылданбайды.

Құдай Заңын ұстанып сот жүргізілсе, әділдік бұрмаланбайды

ӘДІЛ СОТТЫҢ ИГІЛІГІН КӨРГЕН ХАЛЫҚ

Мұса пайғамбар Исраил халқына мынандай сұрақ қойған еді: “Мен сендерге қазір табыстап отырған осы бүкіл Таурат заңындай әділ ережелер мен шешімдерге ие болып отырған тағы басқа үлкен халық бар ма?!” (Заңды қайталау 4:8). Әрине, басқа мұндай халық болған жоқ. Ехобаның заңдарын жастайынан орындауға тырысқан Сүлеймен патшаның тұсында халық “алаңсыз тіршілік етті”, “тойына тамақтанып, көтеріңкі көңілмен өмір кешті” (Патшалықтар 3-жазба 4:20, 25).

Өкінішке қарай, уақыт өте Исраил халқы Құдайларынан теріс айналды. Сонда Құдай Еремия пайғамбар арқылы оларға: “Жаратқан Иенің сөзін қабылдамай тастады. Ендеше оларда қандай даналық бар?”— деді (Еремия 8:9). Тілазарлықтың кесірінен Иерусалим “жексұрын күнәларға” толып, “қан төккіш” қалаға айналды. Ал ақыр соңында, ол күйретіліп, 70 жыл бойы қаңырап бос қалды (Езекиел 22:2; Еремия 25:11).

Ишая пайғамбар Исраил тарихының ең қиын кезеңінде өмір сүрді. Ол сол уақытты есіне алып, Ехоба Құдай мен оның Заңдары жайлы мынадай бір шындықты айтты: “Сен дүниеге сот жүргізген кезіңде, Жердің халқы үйренеді әділдікке” (Ишая 26:9).

Ишая пайғамбар Құдай тағайындаған Патша Иса Мәсіхтің билігі жайлы келесі пайғамбарлық сөздерді айтуға қуанышты болған: “Патша тек көрген сырт пішінге, ұзын құлақтан естігеніне ғана сүйеніп үкім шығармайды. Қайта, жарлыларға әділдікпен төрелік айтып, жердің жапа шеккендерінің заңды мүдделерін қорғайды” (Ишая 11:3, 4). Құдай Патшалығының азаматтары болатын адамдардың бәрін осындай болашақ күтіп тұрғаны керемет емес пе?! (Матай 6:10).

^ абзац 6 Жосафат деген есім “Ехоба Төреші” дегенді білдіреді.