Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ҚҰДАЙ ЖЕКЕ СІЗГЕ КӨҢІЛ БӨЛЕ МЕ?

Құдай сізді өзіне жақын тартады

Құдай сізді өзіне жақын тартады

“Мені жіберген Әкем жақындатып тартса ғана, адам маған келе алады” (ЖОХАН 6:44).

НЕГЕ КЕЙБІРЕУЛЕР БҰҒАН КҮМӘНДАНАДЫ? Діндар адамдардың көбісі Құдай өздерінен алыс деп сезінеді. Апта сайын Құдайға ғибадат етуге баратын Кристина есімді ирландиялық әйел былай дейді: “Құдай мен үшін барлығын жаратқан Жаратушы ғана болатын. Мен оны жақсы білмейтінмін және оның қасымда екенін ешқашан сезінген емеспін”.

ҚҰДАЙ СӨЗІНДЕ НЕ ДЕЛІНГЕН? Өмір жолында өзімізді адасып қалғандай сезінсек те, Ехоба Құдай бізден үмітін үзбейді. Иса пайғамбар Құдайдың бізге деген қамқорлығын былай деп сипаттады: “Бір кісінің жүз қойы болып, біреуі адасып кетсе, ол тоқсан тоғызын тауда қалдырып, адасып кеткенін іздеп шықпай ма?” Бұдан не білуге болады? “Сол сияқты, көктегі Әке де осы кішкенелердің бірде-біреуінің құрып кеткенін қаламайды” (Матай 18:12—14).

“Осы кішкенелердің” әрқайсысы Құдай үшін аса қымбат. Ал адасып кеткендерді Құдай қалай іздейді? Мақаланың басында келтірілген жазба орнына сәйкес, Ехоба адамдарды өзіне жақындатып тартады.

Бүгінде адамдардың үйлеріне барып және көшелерде жүріп, Құдай жайлы Киелі кітаптағы хабарды айтып жүрген кімдер?

Құдайдың әрбір адамды өзіне қалай жақындатып тартатынын қарастырып көрейік. Б. з. І ғасырында Құдай Філіп деген Исаның шәкіртін күймеде отырған эфиопиялық қызметшіге жібереді. Сонда Філіп ол оқып отырған Киелі кітаптағы пайғамбарлықтың мәнін түсіндіріп береді (Елшілердің істері 8:26—39). Басқа бір жағдайда Құдай елші Петірге римдік жүзбасы Корнелдің үйіне баруды айтады. Бұл кісі Құдайға дұға айтып, оған ғибадат етуге тырысып жүрген болатын (Елшілердің істері 10:1—48). Сондай-ақ Құдай елші Пауыл мен оның серіктестеріне Філіпі қаласының шетіндегі өзенге баруға нұсқау береді. Сол жерде олар “Құдайға ғибадат ететін” Лүдия есімді әйелді кездестіреді. Ехоба Лүдияның жүрегін ашып, ол шындықты қабылдайды (Елшілердің істері 16:9—15).

Бұл оқиғалар өзін іздеген адамдарға Ехоба өзі жайлы білуге жол ашатынын көрсетеді. Бүгінде адамдардың үйлеріне барып, сондай-ақ көшелерде жүріп, Киелі кітаптағы Құдай жайлы хабарды айтып жүрген кімдер? Көп адам бұл сұраққа: “Ехоба куәгерлері”,— деп жауап берер еді. Былай ой жүгіртіп көріңіз: “Ізгі хабардың бұлай уағыздалуы Құдайдың мені өзіне жақындатып тартып жатқанының белгісі емес пе?” Біз сізді Құдайдың өзіңізді жақындатып тартып жатқанын байқап, соған сай әрекет ету үшін, одан көмек сұрап, дұға айтуға шақырамыз *.