Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | ҚҰДАЙДАН АЛЫСТАТАТЫН ЖАЛҒАН ҰҒЫМДАР

Шындық сізді азат етеді

Шындық сізді азат етеді

Бірде Иерусалимде болғанда Иса өзінің Әкесі Ехоба жайлы куәлік еткен еді және сол замандағы жалған діннің жетекшілерін әшкерелеген болатын (Жохан 8:12—30). Оның айтқандары бүгінде Құдай туралы кең тараған ілімдердің дұрыс не бұрыс екенін анықтауға көмектеседі. Иса пайғамбар: “Егер менің сөзімді ұстансаңдар, шынымен менің шәкіртімсіңдер, әрі шындықты біле түсесіңдер, ал шындық сендерді азат етеді”,— деген (Жохан 8:31, 32).

“Менің сөзімді ұстаныңдар”. Исаның бұл сөздері бізге діни ілімдердің “шындыққа” сай келетін-келмейтінін тексеруге көмектесетін басшылық болып табылады. Құдай туралы қандай да бір нәрселерді естісеңіз, өзіңізге былай деп сұрақ қойыңыз: “Бұл Иса пайғамбардың сөздерімен және Киелі жазбаларда жазылғандармен үйлесе ме?” Бұл ретте елші Пауылдан тәлім алған және “естіген нәрселерінің [алып жатқан білімдерінің] растығына көздерін жеткізу үшін Жазбаларды күн сайын мұқият зерттеген” адамдарға еліктегеніміз абзал (Елшілердің істері 17:11).

Бірінші мақалада сөздері келтірілген Марко, Роуса және Реймонда өздерінің сенетін ілімдерінің дұрыс не бұрыс екеніне көздерін жеткізу үшін Ехоба куәгерлерімен бірге Киелі кітапты зерттеген. Олар алған білімдері жайлы не дейді екен?

Марко: “Бізбен Киелі кітап зерттеу сабағын өткізген Куәгер әйелім екеуміздің барлық сұрағымызға Жазбаларды қолданып жауап беретін. Біздің Ехоба Құдайға деген сүйіспеншілігіміз артты, сондай-ақ бір-бірімізге де жақындай түстік”.

Роуса: “Алғашында мен Киелі кітапты бар болғаны Құдай жайлы адамдардың ойлары жазылған кітап деп қарастыратынмын. Алайда бірте-бірте Киелі кітаптан өз сұрақтарыма жауап алдым. Қазір мен үшін Ехоба — тірі әрі сенім артуға тұратын Тұлға”.

Реймонда: “Мен өзін танып-білуге көмектесуін сұрап, Құдайға дұға еттім. Көп ұзамай күйеуім екеуміз Киелі кітапты зерттей бастадық. Сөйтіп, Ехоба жайлы шындықты білдік. Оның қандай Құдай екенін білгенде қатты қуандық!”

Киелі кітап Құдай туралы жалған ілімдерді әшкерелеп қана қоймай, Құдайдың керемет қасиеттері жайлы шындықты ашады. Киелі кітап — киелі рухтың жетелеуімен жазылған Құдайдың Сөзі және оның көмегімен “Құдайдың бізге тарту еткендерін түсіне аламыз” (Қорынттықтарға 1-хат 2:12). Олай болса, Құдай жайлы, өмірдің мағынасы мен біздің болашағымыз жайлы өте маңызды сұрақтарға Киелі кітаптың қалай жауап беретінін неге біліп көрмеске? Егер Киелі кітапты зерттегіңіз келсе, www.jw.org сайтына кіріп, бұл жайлы өтініш толтырсаңыз не Ехоба куәгерлерінің біріне айтсаңыз болады. Осылай етер болсаңыз, Құдайды сүю мүмкін екеніне көз жеткізетініңізге сенімдіміз.