Ата-аналар балаларына жыныстық жағынан тәрбие берулері керек пе?

Ата-аналар балаларына жыныстық жағынан тәрбие берулері керек пе?

Оқырман сауалдары

Ата-аналар балаларына жыныстық жағынан тәрбие берулері керек пе?

▪ Әдетте ата-аналар балаларын қауіпті жұқпалы аурулардан қорғау үшін көп күш салады. Балаларды өнегесіздіктен қорғау үшін де осылай еткен дұрыс. Мұның бір жолы — жыныстық жағынан өз орнымен тәрбие беру (Нақыл сөздер 5:3—23). Бұндай тәлім-тәрбие өте қажет, өйткені бүгінгі таңда теледидар, Интернет, кітап пен әзіл-сықақтарда азғын көріністер ашықтан-ашық бейнеленеді.

Даян Левин есімді профессор әрі жазушы бұған қатысты былай дейді: “Мәселе балаларымыздың жыныстық қатынас туралы біліп жатқанында емес. Мәселе олардың нені, қай жаста және кімнен үйреніп жатқанында. Жарнамашылар мен кең тараған көзқарастар оларға жыныстық қатынас туралы бұрыс мәлімет беріп, саналарын улауда”.

Ата-аналар балаларын қоғамды ірітіп-шірітіп жатқан азғын, бұрмаланған көзқарастардан қорғаулары қажет (Нақыл сөздер 5:1; Ефестіктерге 6:4). Мысалы, балалар дене мүшелерінің атқаратын қызметін, сондай-ақ өз тәндерін қалай күтіп, азғын адамдардан қалай қорғану керектігін де білулері қажет. Қыз бала өсіп-жетілмей тұрып, яғни жыныстық жетілудің белгілері пайда бола бастағанға дейін, тәнінде болатын өзгерістер жайында және етеккірдің қалай және неліктен келетінін білуі керек. Сол сияқты ер баланың да түнгі уақытта шәуеттің бөлінуі туралы білгені жөн. Ата-аналар кішкентай балаларына жыныс мүшелерінің дұрыс атауларын үйретсе болады. Сүюші ата-ана оларға бұл дене мүшелері жайлы үш негізгі жайтты үйреткендері жақсы. Біріншіден, олардың басқа дене мүшелерден орны бөлек әрі олар жабық ұсталу қажет. Екіншіден, оларды жаман мәнерде сөз етпеу керек. Үшіншіден, оларды өзгелерге көрсетуге не ұстатуға болмайды. Балалары есейе бастағанда, ата-аналар әйелдің қалай екіқабат болатынын түсіндіретін уақыттың келгенін де байқағандары жақсы a.

Ата-аналар мұндай тәрбиені қашан бастаулары керек? Көбісі ойлағаннан ертерек. Қыз баланың етеккірі 10 жаста не одан ертерек басталуы мүмкін. Ал ұлдарда түнгі мезгілде шәуеттің бөлінуі 11, 12 жаста-ақ басталуы ықтимал. Бала бұл жайттардан бейхабар болса, ағзасында орын алатын бұл өзгерістер оны қатты алаңдатуы мүмкін. Сондықтан оған мұндай табиғи өзгерістерден еш қорқудың қажеті жоқ екенін алдын ала айтып қойғандары жөн. Бұған қоса, ата-аналардың балаларына бүгінде білім беру бағдарламаларының көбісі елеусіз қалдырып жатқан Киелі кітаптағы моральдық нормалардың құндылығы мен оларды ұстанудың маңыздылығын түсінуге көмектескендері жақсы (Нақыл сөздер 6:27—35).

[Сілтеме]

a Осыған қатысты пайдалы мәліметті келесі басылымдардан табуға болады: “Жастардың сауалдары. Пайдалы кеңестер” (ор.) 2-том, 6-тарау; “Күзет мұнарасының” (ор.) 2010 жылдың 1 қарашасындағы санының 12—14 беттері; “Отбасы бақытының сыры” 8-тарау, 4—11 абзацтар; “Құдайдың сүйіспеншілігінен айырылмаңдар” 9-тарау, 9—12 абзацтар және 218, 219-беттердегі қосымша.