Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба сені қолдап-қуаттайды

Ехоба сені қолдап-қуаттайды

“Ауырып қалғанында, Ехоба оны қолдайды” (ЗӘБ. 41:3).

ӘНДЕР: 23, 138

1, 2. Біз нені уайымдауымыз мүмкін және бұл орайда Киелі кітаптағы қандай мысалдар ойымызға келеді?

“ОСЫ дерттен айығар ма екенмін?”— деп ойлаған кезің болған ба? Я болмаса ауырып жатқан жақын адамың не досың туралы осылай уайымдаған шығарсың. Әрине, әлдебіреу қатты дертке шалдыққанда уайымдайтынымыз түсінікті жайт. Мысалы, Ілияс пен Елішенің күндерінде екі патша денсаулығын ойлап қамыққан. Ахаб пен Езабелдің ұлы Ахазия патша қатты жарақаттанғанда: “Ауруымнан айығамын ба?”— деп сұраған. Кейінірек ауыр сырқаттанған Сирия патшасы Бен-Хадад та: “Мына ауруымнан айығамын ба, жоқ па?”— деген (Пат. 2-ж. 1:2; 8:7, 8).

2 Әлбетте, біз өзіміздің де, жақын адамдарымыздың да сауығып кеткенін тілейміз. Алайда көп адамға бұл ретте Құдай көмектесер ме екен деген ой келуі мүмкін. Әлгі патшалардың тұсында Құдай керемет жасап кейбіреулерді дертінен сауықтырған, тіпті пайғамбарлары арқылы адамды қайта тірілткен кездер де болған (Пат. 1-ж. 17:17—24; Пат. 2-ж. 4:17—20, 32—35). Ал бүгінгі күн жайлы не деуге болады? Құдай бізді керемет жасап сауықтырады деп күтуге негіз бар ма?

3—5. Құдайдың және Исаның қандай құдіреті бар және бұл ретте қандай сұрақтар туындайды?

3 Құдайдың адам денсаулығына ықпал ете алатын құдіреті бар екендігінде күмән жоқ. Киелі кітап бұны растайды. Мысалы, кейде Құдай адамдарды жазалау үшін ауруға шалдықтырған. Мұны Ыбырайымның күніндегі перғауынның және Мұсаның әпкесі Мәриямның оқиғасынан көруге болады (Мұс. 1-ж. 12:17; Мұс. 4-ж. 12:9, 10; Сам. 2-ж. 24:15). Сондай-ақ өзіне адалдық танытпаса, Құдай исраилдіктерге “небір аурулар мен індеттерді” жіберетінін ескерткен (Мұс. 5-ж. 28:58—61). Алайда Құдайдың өз халқынан ауру атаулыны аластатып, жолатпаған кездері де болған (Мұс. 2-ж. 23:25; Мұс. 5-ж. 7:15). Сонымен қатар Құдай кейбір адамдарды сырқатынан айықтырған. Әйүптің дерті ауыр болғаны сонша — ол өзіне өлім тілеген. Бірақ Ехоба оны сауықтырған! (Әйүп 2:7; 3:11—13; 42:10, 16).

4 Құдайдың адамды дертінен сауықтыратын құдіреті бар екені сөзсіз. Оның Ұлы Иса туралы да солай деуге болады. Ол керемет жасап, алапестерді, қояншық ауруы барларды, зағиптар мен сал адамдарды сауықтырды (Матай 4:23, 24 оқы; Жох. 9:1—7). Исаның адамдарды айықтырғаны оның жаңа дүниеде мұндай кереметтерді үлкен көлемде жасайтынына сенімділік береді. Сол кезде ешкім: “Мен науқаспын”,— демейтін болады (Ишая 33:24).

5 Бірақ бүгінде Құдай мен Иса ауруларды керемет жасап сауықтырады деп күтуіміз керек пе? Ауыр дертке деген көзқарасымыз қандай болу керек және ем таңдағанда, нені ескергеніміз жөн?

АУЫРЫП ҚАЛҒАНДА, ЕХОБА ҚОЛДАЙДЫ

6. Ертедегі мәсіхшілерге дарыған “сауықтыру сыйы” туралы Киелі кітаптан не білеміз?

6 Киелі кітаптан бірінші ғасырда Құдай майланған мәсіхшілердің кейбіріне кереметтер жасау қабілетін бергенін білеміз (Ел. іс. 3:2—7; 9:36—42). Киелі рух дарытқан “алуан түрлі сыйлардың” ішінде “сауықтыру сыйы” да болған (Қор. 1-х. 12:4—11). Бірақ осы сый да, әртүрлі тілдерде сөйлеу мен пайғамбарлық айту сияқты басқа да сыйлар бір кезде тоқтамақ еді (Қор. 1-х. 13:8). Бүгінде бұл сыйлар шынымен де тоқтаған. Сол себептен Құдай бізді және жақындарымызды керемет жасап сауықтырады деп күтпейміз.

7. Зәбүр 41:3-те жігер беретін қандай сөздер жазылған?

7 Әйткенмен ауруға шалдығып жатсақ, ежелгі қызметшілер сияқты, біз де Ехобадан жұбаныш іздеп, даналық пен күш-қуат сұрай аламыз. Дәуіт патша: “Бейшараның қамын ойлайтын адам бақытты, басына күн туғанда, Ехоба оны құтқарады. Ехоба оны қорғап, аман сақтайды”,— деп жазған (Зәб. 41:1, 2). Дәуіт бұл жерде Ехоба бейшараның қамын ойлаған адамды керемет түрде “аман сақтап”, өмірін мәңгіге ұзартады дегісі келген бе? Жоқ. Бұл сөздер Құдай сондай адал адамға көмектеседі дегенді білдіреді. Мұны ол қалай істейді? Дәуіт былай деп түсіндірді: “Ауырып қалғанында, Ехоба оны қолдайды. Уа, Құдайым, төсек тартып жатқанында, сен оның қамын жасайсың” (Зәб. 41:3). Иә, Ехоба өз қызметшілерінің қалай қиналып жатқанын жақсы біледі және оларды ешқашан тастамайды. Ол батылдық пен даналық сыйлайды. Оның үстіне, Ехоба ағзамызды өзі қалпына келетіндей етіп жаратқан.

8. Зәбүр 41:4-ке сай, Дәуіт төсек тартып жатқанында Ехобадан не сұрады?

8 Зәбүр жырының 41-тарауында Дәуіт өзінің төсек тартып, әл-қуаты кетіп, мазасы қашқан кезі туралы да айтқан. Баласы Абессалом патша тағын дәл сол уақытта тартып алмақшы болғанға ұқсайды. Дәуіттің қатты ауырғаны сонша — Абессаломды тоқтатуға мұршасы болмады. Ол бұл қиындықтардың Барсабиямен жасаған күнәсінің салдары екенін түсінді (Сам. 2-ж. 12:7—14). Сонда Дәуіт былай деп дұға етті: “Уа, Ехоба, ықыласыңды түсіре көрші, жан жарамды сауықтыршы, себебі мен саған қарсы күнә жасадым” (Зәб. 41:4). Ехоба Дәуіттің күнәларын кешірді. Сондықтан ол төсек тартып жатқанында Құдай өзін қолдап-қуаттайтынына сенімді болды. Бірақ ол Ехоба өзін тура мағынада да сауықтырып, ғұмырын ұзартады деп күтті ме?

9. а) Езекия патшаның жағдайында Ехоба не істеді? ә) Дәуіт Ехобаның не істегенін қалады?

9 Рас, Құдай кейде адамдарды сауықтырған. Мәселен, Езекия патша “науқастанып, өлім аузында жатқанда”, Ехоба оны құлан таза айықтырып, ғұмырын 15 жылға ұзартқан (Пат. 2-ж. 20:1—6). Ал Дәуітке келсек, ол Ехобаға керемет түрде сауықтырып жібер деп дұға етпеген. Мәнмәтіннен көрінетіндей, ол Ехобаның “бейшараның қамын ойлаған адамға” қалай көмектессе, өзіне де солай көмектескенін қалаған. Ехобаның кешіріміне ие болғандықтан, Дәуіт одан өзін жұбатуын және ауырып жатқанда, қолдап-қуаттауын сұрай алған. Сондай-ақ ағзаның өз-өзін қалпына келтіру қабілетінің арқасында оңалып кетуін сұраған (Зәб. 103:3). Біз де Ехобадан осындай көмек сұрасақ болады.

10. Трофим мен Епафродиттің жағдайынан қандай тұжырым жасай аламыз?

10 Бірінші ғасырда Пауылдың және басқа шәкірттердің сауықтыру қабілеті болса да, мәсіхшілердің бәрі бірдей керемет түрде ауруларынан айықпаған (Елшілердің істері 14:8—10 оқы). Бірде Пауыл “ыстығы көтеріліп, іші өтіп, төсек тартып жатқан” Публидің әкесіне келіп, “дұға етті де, үстіне қолын қойып, сауықтырып жіберді” (Ел. іс. 28:8). Алайда ол өзімен бірге миссионерлік сапарда жүрген Трофимді дертінен айықтырған жоқ (Ел. іс. 20:3—5, 22; 21:29). Трофим науқастанып, Пауылмен еріп жүре алмай қалған кезде, елші оны жазылғанша Милетте қалдырып кетті (Тім. 2-х. 4:20). Тағы бір досы Епафродит “қатты ауырып, өлім аузында жатқанда” да, Пауылдың оны керемет жасап сауықтырғаны жөнінде Киелі кітапта ештеңе айтылмаған (Філіп. 2:25—27, 30).

ПАРАСАТТЫЛЫҚ ТАНЫТ

11, 12. Лұқа Пауылға қандай көмек көрсете алды және оның арнайы білімі жайлы не деуге болады?

11 Елшілердің істері кітабын жазған “дәрігер Лұқа” да Пауылмен бірге сапарға шыққан (Қол. 4:14; Ел. іс. 16:10—12; 20:5, 6). Пауыл мен қасындағы сапарластары сырқаттанып қалғанда, Лұқа оларға денсаулыққа қатысты ақыл-кеңес беріп, дәрігерлік көмек көрсеткен болса керек (Ғал. 4:13). Оның мұндай көмегі Исаның “дәрігер денсаулығы жақсы адамдарға емес, ауруларға қажет” деген сөздеріне сай болды (Лұқа 5:31).

12 Киелі кітапта Лұқаның дәрігерлікті қашан және қайда меңгергені жайлы ештеңе айтылмаған. Бірақ онда Пауылдың қолостықтарға дәрігер Лұқадан сәлем жолдағаны айтылған. Соған қарағанда олар оны жақсы білгенге ұқсайды. Лұқа Қолостың жанындағы Лаудики қаласында дәрігерлік оқу орнында оқыған болуы мүмкін. Қалай болған күнде де, Лұқа денсаулыққа қатысты кеңес бере алмайтын арнайы білімі жоқ адам болмаған. Ол дәрігер болған. Мұны Лұқаның Ізгі хабарда және Елшілердің істері кітабында медициналық сөздерді қолданғанынан және Исаның өзгелерді сауықтырғанына көп назар аударғанынан көруге болады.

13. Денсаулыққа қатысты ақыл-кеңеске келгенде, қалай парасаттылық танытуымыз керек?

13 Бүгінде бауырластардың ешқайсысы да керемет жасап, бізді сауықтыра алмайды. Алайда бізге қатты көмектескісі келгендіктен, кейбіреулері сұрамасақ та, денсаулыққа қатысты ақыл-кеңес беріп жатады. Әрине, олардың кейбірі пайдалы болуы мүмкін. Мысалы, асқазаны ауырған Тімөтеге Пауыл аздап шарап ішуге кеңес берген. Тімөтенің асқазаны таза емес су ішкеннен ауырса керек * (Тімөтеге 1-хат 5:23 оқы). Алайда бұл мәселеде абай болғанымыз жөн. Кейде кейбір бауырластар бізге қандай да бір дәрі-дәрмекті не шөп дәріні ішуді, я болмаса емдәм (диета) ұстануды айтып қоймауы мүмкін. Олар былай дейтін шығар: “Менің бір туысқаным тура сен сияқты ауырған. Сонда ол мынадай дәрі ішті... Содан жазылып кетті”. Оның ниеті қанша жерден жақсы болмасын, мынаны есте ұстауымыз керек: тіпті кең тараған дәрі-дәрмек не ем-шараның өзі біздің денсаулығымызға жақпауы мүмкін (Нақыл сөздер 27:12 оқы).

САҚТЫҚТА ҚОРЛЫҚ ЖОҚ

14, 15. а) Кейбіреулер біреудің сырқатының есебінен не істегісі келеді? ә) Денсаулыққа қатысты ақыл-кеңес естігенде, Нақыл сөздер 14:15-тегі кеңесті қалай қолдана аламыз?

14 Өмірдің қызығын көру үшін және Ехобаға толыққанды қызмет ете алу үшін бәріміз де денсаулығымыздың жақсы болғанын қалаймыз. Бірақ кемелсіз болғандықтан, аурудан қашып құтыла алмаймыз. Сырқаттанып қалған кезімізде, емделудің түрлі жолы болуы мүмкін. Оның қайсысын таңдайтынын әр адам өзі шешеді. Өкінішке қарай, қазіргі ашкөз заманда біреудің сырқатының есебінен пайда тапқысы келетіндер баршылық. Кейбіреулері өздерінің “дәрі-дәрмектерін” не “ем-шараларын” ұсынып, аузы-аузына тимей мақтап жатады. Тағы біреулер не компаниялар көп пайда түсіру үшін удай қымбат өнімдерін ұсынуы мүмкін. Аурудан жаны қысылған адам үшін бұл “ем-шаралар” тығырықтан шығып, өмірін ұзартудың жолы болып көрінетін шығар. Алайда Құдай Сөзіндегі: “Аңғал әрбір сөзге сенеді, парасатты әр қадамын ойлап басады” деген кеңесті есте ұстағанымыз жөн (Нақ. с. 14:15).

15 Парасатты жан әсіресе бұл саладан арнайы білімі жоқ адамның “әрбір сөзіне”, яки ақыл-кеңесіне келгенде абай болады. Ол былайша ой жүгіртуге тырысады: “Оның айтуынша, мына дәрумен, шөп не емдәм жұртқа көмектесіпті, бірақ бұған дәлел бар ма? Тіпті оларға көмектескен күнде де, маған көмектесетініне не кепіл? Бәлкім, бұл туралы ізденіс жасауым керек шығар не осы салада білімі бар біреумен кеңескенім жөн болар?” (Мұс. 5-ж. 17:6).

16. Денсаулық мәселесінде есті болуымызға қандай сұрақтар көмектесуі мүмкін?

16 Құдай Сөзі бізді “осы заманда есті” болып өмір сүруге шақырады (Тит. 2:12). Есті болғанымыз әсіресе қандай да бір диагностикалық әдістер не ем-шаралар біртүрлі я күмәнді көрінгенде маңызды. Бізге ұсынып жатқан адам олардың қалай жасалатынын көңіліміз толатындай етіп түсіндіріп бере ала ма? Сол әдістердің не ем-шаралардың шынымен сенім артуға тұрарлық екенімен көп дәрігер келісе ме? (Нақ. с. 22:29). Әлде олар сезімдерімізге әсер етуге тырысып баға ма? Бәлкім, олар жаңа емнің түрі басқа елде табылған, бірақ дәрігерлердің көбісі әлі біле бермейді дейтін шығар. Бірақ мұның шынымен солай екеніне айғақтар бар ма? Кейбір диагностикалық құрылғылар мен ем-шараларда “құпия нәрселер” не тылсым күштер қолданылатын шығар. Бірақ бұл қауіпті болуы мүмкін. Себебі Құдай бізге “тылсым күштерге жүгінбеуді” ескертеді (Ишая 1:13; Мұс. 5-ж. 18:10—12).

АМАН-САУ БОЛАЙЫҚ

17. Бәріміз де нені қалаймыз?

17 Бірінші ғасырдағы басқарушы кеңес қауымдарға неден аулақ болулары керектігін айтып хат жолдаған. Хаттың соңында келесідей сөздер жазылған: “Бұлардан барынша сақтанып жүрсеңдер, игілігін көресіңдер. Қош-сау болыңдар!” (Ел. іс. 15:29). “Қош-сау болыңдар!” деген — әдетте қоштасар кезде амандық-саулық тілеп айтылатын сөз. Иә, Ехобаға қызмет ете алуымыз үшін аман-сау жүруді қалайтынымыз анық.

Ехобаға қызмет ете алуымыз үшін аман-сау жүруді қалаймыз (17-абзацты қара)

18, 19. Бізді қандай жарқын болашақ күтіп тұр?

18 Мына дүниеде кемелсіз болып тұрғанда, бір күні болмаса бір күні ауырып қаламыз. Бірақ Ехоба бізді қазір керемет жасап сауықтырып жібереді деп ойламаймыз. Дегенмен Аян 22:1, 2-де бәріміз құлантаза айығып кететін кез туралы айтылған. Елші Жохан аянда “өмір суының өзені” мен “жапырақтары халықтарды сауықтыруға арналған” “өмір ағаштарын” көрген. Мұнда аурудан жазылу үшін қазір не болашақта ішетін шөп дәрі туралы айтылып тұрған жоқ. Бұл мойынсұнғыш адамзатқа мәңгі өмір сыйлау үшін Ехобаның Иса арқылы жасаған іс-шарасын білдіреді (Ишая 35:5, 6).

19 Бәріміз де сол жарқын болашақты асыға күтіп жүрміз. Әйтсе де қазірдің өзінде Ехобаның әрқайсымызды жақсы көретініне және денсаулығымыз сыр беріп қиналғанда жанымызды түсінетініне сенімдіміз. Дәуіт секілді біз де сырқаттанған кезде Ехобаның қасымыздан табылатынын білеміз. Сонда Дәуіт сияқты: “Ал мені мінсіз болғаным үшін қолдайсың, көз алдыңда мәңгі бақи тұрғызасың”,— деп айта аламыз (Зәб. 41:12).

^ 13-абзац “Шараптың шығу тегі мен ежелгі тарихы” деп аталатын кітапта: “Шараптан іш сүзегін қоздыратын бактериялар мен басқа да қауіпті бактериялар тез өледі”,— делінген (“The Origins and Ancient History of Winе”).