Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Халықтарды Ехоба туралы білім алуға дайындау

Халықтарды Ехоба туралы білім алуға дайындау

“Әмірші Ехоба туралы білгендеріне қатты таңғалып, Исаның ізбасары болды” (ЕЛ. ІС. 13:12).

1—3. Исаның шәкірттері ізгі хабарды “барлық халықтарға” уағыздау ісінде қандай қиындықтарға кезікті?

ИСА МӘСІХ ізбасарларына ауқымды іс тапсырып: “Барыңдар да, барлық халықтардан шәкірттер дайындаңдар”,— деді. Олар іске кіріскен соң, уақыт өте келе “Патшалық жайлы ізгі хабар барлық халықтар есту үшін бүкіл жер бетінде уағыздалмақ” еді (Мат. 24:14; 28:19).

2 Исаның шәкірттері Ұстаздарын да, ізгі хабарды да жақсы көрді. Бірақ көңілдерінде: “Бұл тапсырманы орындау қолымыздан келер ме екен?”— деген сұрақ тұрды. Өйткені ол кезде мәсіхшілерді саусақпен санап алуға болатын. Өздері Құдай Ұлы деп жариялап жүрген Иса болса өлім жазасына кесілді. Ал оның шәкірттерін жұрт “арнайы білімі жоқ қарапайым адамдар” деп білетін (Ел. іс. 4:13). Соған қарамай, олар ата-баба салтына негізделген арнайы білім алған беделді дінбасыларының ілімдеріне қайшы келетін хабарды таратулары керек еді. Оның үстіне, шәкірттер өз елдерінде сыйлы болған жоқ. Ал Исраил халқы айбынды Рим империясымен салыстырғанда, ешкім де емес еді.

3 Бұған қоса, Иса шәкірттерінің өзгелерге жеккөрінішті болатынын, қуғындалатынын, кейбіреулерінің тіпті өлтірілетінін ескертті (Лұқа 21:16, 17). Сонымен қатар олар сатқындық, жалған пайғамбарлардың пайда болуы, заңсыздықтың белең алуы сияқты жайттарды бастан кешірмек еді (Мат. 24:10—12). Таратып жүрген хабарларын жұрт жақсы қабылдаған күннің өзінде, оны “жердің қиыр шетіне дейін” қалай жеткізбек? (Ел. іс. 1:8) Осының барлығы қорқынышты болып көрінсе керек!

4. Алғашқы мәсіхшілердің уағызы қаншалықты жемісті болды?

4 Қиын болғанына қарамай, шәкірттер ізгі хабарды Иерусалим мен Самарияда ғана емес, сол кезде белгілі болған бүкіл әлемге уағыздады. Олар талай қиындықты бастан кешірді, сөйтсе де 30 жылдың ішінде ізгі хабар “барлық жерде уағыздалып”, “бүкіл дүниеде жеміс беріп” жатты (Қол. 1:6, 23). Мысалы, Кипр аралында елші Пауылдың сөзін естіп, істеген ісін көрген Римнің аймақ әміршісі Серги Пауыл “Ехоба туралы білгендеріне қатты таңғалып, Исаның ізбасары болды” (Елшілердің істері 13:6—12 оқы).

5. а) Иса шәкірттеріне қандай уәде берді? ә) Бірінші ғасырдағы жағдайға қатысты кейбіреулер қандай тұжырым жасады?

5 Исаның шәкірттері уағыз ісін өз күштерімен атқара алмайтындарын білген. Иса оларды тастамайтынын, киелі рух та оларға қолғабыс ететінін айтты (Мат. 28:20). Қандай да бір шамада сол кезде дүниеде орнаған жағдай да Патшалық туралы хабарды уағыздауға жайлы болды. Бір еңбекте былай делінген: “Әлем тарихындағы ешбір кезең жаңа туған Шіркеуді қабылдауға бірінші ғасыр сияқты жайлы болмаса керек... Екінші ғасырда мәсіхшілер... мәсіхшіліктің келуіне Құдайдың өзі дүниені дайындап қойған еді деген ойды алға тарта бастады” (“Evangelism in the Early Church”).

6. Осы және келесі мақалада нені қарастырамыз?

6 Уағыз ісі кең етек алу үшін, бірінші ғасырдағы оқиғалардың өрбу барысына Құдайдың қаншалықты ықпал еткені туралы Киелі кітапта ештеңе айтылмаған. Бірақ біз мынаған сенімдіміз: Ехоба ізгі хабардың уағыздалғанын қалаған, ал Шайтан қаламаған. Уағыз ісі тарихтың басқа кезеңдерінің бірінде атқарылса, бірінші ғасырдағыдай оңай болмаса керек-ті. Бұл мақалада біз бірінші ғасырда уағыз ісін жеңілдеткен кей жайттарды қарастырамыз. Ал келесі мақалада ізгі хабардың жердің қиыр шетіне дейін жетуіне бүгінде қандай жайттар ықпал етіп жатқаны талқыланады.

ПАКС РОМАНА КЕЗЕҢІ — ЖАЙЛЫ КЕЗЕҢ

7. Пакс Романа деген не және бұл кезең қай жағынан ерекше болды?

7 Бірінші ғасырда Рим империясының билік құрғаны қандай да бір дәрежеде мәсіхшілер үшін игілікті болды. Мысалы, Пакс Романа (Pax Romanа), яки Рим тыныштығын, қарастырып көрейік. Ұлан ғайыр Рим империясының жерінде тұратын адамдардың өмірінде тұрақтылық болды. Әрине, Иса алдын ала айтқандай, арагідік соғыстар болып не соғыстар туралы хабар естіліп тұратын (Мат. 24:6). Мысалы, б. з. 70 жылы Рим әскері Иерусалимді күйретті, сондай-ақ империяның шегараларында қақтығыстар болып тұратын. Сөйтсе де Исаның заманынан бастап шамамен 200 жыл бойы Жерорта теңізінің аймағы қандай да бір шамада тыныш өмір кешкен. Осыған қатысты бір еңбекте: “Тарих бойында ешқашан осыншалық ауқымды жерде тыныштық орнаған емес, әрі соншалықты көп халықтар арасында тұрақты бейбітшілік те енді қайтып болған емес”,— делінген.

8. Қалай ертедегі мәсіхшілерге бейбіт кезең игілікті болды?

8 Үшінші ғасырда өмір сүрген теолог Ориген өз ойын келесі сөздермен жеткізді: “Патшалықтардың көптігі Исаның ілімінің бүкіл әлемге таралуына тосқауыл болар еді... себебі жұрт елдерін қорғап соғысуға мәжбүр болар еді... Олай болса, бейбітшілікті насихаттайтын, тіпті жауынан да кек алмауға шақыратын бұл ілім қалай алға баспақ-тын? Исаның келуі халықтар арасындағы қатынасты өзгертіп, оларды өзара ымыраға келтірген жағдайда ғана солай болмақ еді”. Рим империясындағы жариялаушылар қуғын-сүргінге ұшыраған, бірақ олар тату адамдар болған, әрі сол бейбіт кезеңнің игілігін көрсе керек (Римдіктерге 12:18—21 оқы).

ЖОЛДАРДЫҢ ПАЙДАСЫ

9, 10. Неге мәсіхшілер Рим империясының жер-жерлеріне сапар шеге алған?

9 Мәсіхшілер Рим империясының жолдарын да тиімді қолдана білді. Римнің өз азаматтарын қорғауға және уысында ұстап отыруға арналған күшті әрі тәжірибелі әскері болды. Әскер жасақтары жылдам жылжи алу үшін жақсы жолдар қажет еді, ал римдіктер жол салуға шебер болатын. Рим инженерлері империяның барлық дерлік провинциясына қарай бас-аяғы 80 000-нан астам шақырымға созылатын жол салған. Бұл жолдар ормандар, шөл далалар мен таулар арқылы өтіп жатты.

10 Бұған қоса, римдіктердің өзендер мен каналдарда кеме қатынайтын 27 000 шақырымдай су жолдары болған. Рим кемелері 900-дей сапар желісімен жүздеген кемежайға қатынайтын. Сондықтан мәсіхшілер империяның жер-жерлеріне сапар шеге алатын. Әрине, бұлай жол жүрудің өз қиындықтары бар еді, сөйтсе де елші Пауыл мен өзгелер төлқұжат, визасыз-ақ сапарлай алатын. Иммиграциялық және кеден тексерулері де болмайтын. Қарақшылар римдіктердің жазасынан қорқатын, сондықтан жолдар қандай да бір шамада қауіпсіз еді. Теңіз жолдары да біршама қауіпсіз болатын, өйткені Рим флоты пираттардың жолын кесіп отыратын. Пауыл бірнеше рет кеме апатына ұшырап, қатерге тап болғанмен, Жазбаларда оның пираттардан жапа шеккені туралы ештеңе айтылмаған (Қор. 2-х. 11:25, 26).

ТІЛДІҢ КӨМЕГІ

Кодекстен үзінділерді табу әлдеқайда оңай болды (12-абзацты қара)

11. Не себепті мәсіхшілер грек тілін қолданды?

11 Койненің, яки жалпыхалықтық грек тілінің, арқасында мәсіхшілер өзара еркін араласа алатын, әрі қауымдарда бірлік болды. Ескендір Зұлқарнайынның жеңістерінен кейін грек тілі кең тарап, көпшілік түсінетін тілге айналды. Осылай Құдайдың қызметшілері әртүрлі адамдармен сөйлесе алатын болды. Ал бұл ізгі хабардың таралуына жағдай жасады. Бұған қоса, Мысырда тұратын яһудилер Еврей жазбаларын грек тіліне аударды. Жұртқа таныс сол Септуагинт аудармасын ертедегі мәсіхшілер емін-еркін қолданатын. Грек тілі мәсіхшілердің жазбалары үшін де тиімді болды. Бұл сөз қоры бай, рухани жайттарды түсіндіруге қолайлы тіркестері көп тіл еді.

12. а) Кодекс деген не және шиыршықтардан оның қандай артықшылығы болды? ә) Мәсіхшілер кодексті қашаннан бастап кеңінен қолдана бастады?

12 Мәсіхшілер Жазбалардан тәлім беру үшін нені қолданды? Бастапқыда шиыршықтарды қолданды, бірақ оларды қолдану да, алып жүру де ыңғайсыз еді. Өйткені шиыршықтарды жазып, сосын қайтып орап қою керек еді және әдетте мәтін пергаменттің тек бір бетіне түсірілетін. Мысалы, Матай жазған ізгі хабардың өзі бір шиыршық болатын. Ал уақыт өте кодекс, ертедегі кітап түрі, пайда болды. Кодекс деген біріктіріп тігілген парақтар болатын. Одан қажетті үзіндіні табу оңай еді. Мәсіхшілер қай кезден бастап кодексті қолдана бастағаны белгісіз, бірақ бір еңбекте: “Екінші ғасырда кодекстің мәсіхшілер арасында соншама кең қолданыста болғанына қарағанда, ол б. з. 100-ші жылынан бұрын қолданысқа енсе керек”,— делінген.

РИМ ЗАҢЫНЫҢ ПАЙДАСЫ

13, 14. а) Қалай Пауыл Рим азаматтығының игілігін көрген? ә) Қалай мәсіхшілер Рим заңының пайдасын көрді?

13 Рим заңының күші бүкіл империяға жүретін, әрі Рим азаматтарының құқық жағынан біраз артықшылықтары мен жеңілдіктері болды. Пауыл бірнеше жағдайда Рим азаматы екенінің игілігін көрген. Мысалы, Иерусалимде оған дүре соққалы жатқанда, ол римдік жүзбасынан: “Рим азаматын сабағандарыңыз, оның үстіне соттың үкімінсіз сабағандарыңыз, заңды ма?”— деп сұрады. Бұлай ету заңға қайшы еді. Пауыл туылғанынан Рим азаматы екенін айтқанда, “оны қинап тергемек болғандар шегініп кетті. Мыңбасы болса оның Рим азаматы екенін біліп, шынжырмен бұғаулағаны үшін қорқып кетті” (Ел. іс. 22:25—29).

14 Філіпіде Пауыл түрмеден босау үшін Рим заңына жүгінді (Ел. іс. 16:35—40). Ефесте қала әкімі ашулы тобырды тыныштандыру үшін Римнің құқық жүйесін тілге тиек етті (Ел. іс. 19:35—41). Ал Кесарияда заңға жүгінгеннің арқасында Пауыл императордың алдында өз сенімін қорғап сөйледі (Ел. іс. 25:8—12). Осылай Рим заңы “ізгі хабарды қорғап, оны заңдастыруға” мүмкіндік берді (Філіп. 1:7).

ЯҺУДИЛЕРДІҢ ШАШЫРАЙ ҚОНЫСТАНҒАНЫНЫҢ ӘСЕРІ

15. Бірінші ғасырда қай жерлерде яһуди қауымдастықтары болды?

15 Яһуди қауымдастықтарының бүкіл Рим империясы бойынша шашырай қоныстанғаны да мәсіхшілер үшін уағыз ісін біршама оңайлатса керек. Бірнеше ғасыр бұрын ассириялықтар, ал кейінірек бабылдықтар яһудилерді елдерінен жер аударған еді. Б. з. б. V ғасырдың басында-ақ Персияның 127 провинциясында яһуди қауымдастықтары болған (Ест. 9:30). Ал Исаның заманында Мысырда және солтүстік Африканың басқа да жерлерінде, сондай-ақ Кіші Азия, Грекия, Месопотамияда осындай қауымдастықтар бар болатын. 60 000 000 халқы бар Рим империясының әрбір 14-інші тұрғыны яһуди болған деген болжам бар. Яһудилер қайда барса да, өз діндерін насихаттаған (Мат. 23:15).

16, 17. а) Яһудилердің бүкіл империя бойынша шашырай қоныстанғанының басқа ұлттарға қандай пайдасы тиді? ә) Мәсіхшілер яһудилердің ғибадат үлгісінің қай тұстарын ұстанатын болды?

16 Яһудилерді Рим империясының кез келген жерінен кездестіруге болатын. Сондықтан өзге ұлттар Еврей жазбаларымен таныс болды, сондай-ақ тек бір ғана Құдай бар екенін, әрі оған қызмет еткісі келетіндер жоғары өнегелік талаптарға сай өмір сүру керектігін білді. Еврей жазбаларында Мәсіхке қатысы пайғамбарлықтар көп еді (Лұқа 24:44). Яһудилер де, мәсіхшілер де Еврей жазбаларының Құдай Сөзі екенін түсінетін. Сол себепті де Пауыл жүрегі әділдікті қалайтын адамдармен сөйлескенде, ортақ тақырып таба білген. Ол жиі яһудилердің ғибадатханаларына кіріп, Жазбалардың негізінде пікір алысатын (Елшілердің істері 17:1, 2 оқы).

17 Яһудилердің қалыптасқан ғибадат ету үлгісі болатын. Олар ғибадатханада не ашық аспан астында бас қосып, ән айтып, дұға ететін, Жазбаларды талқылайтын. Бүгіндегі мәсіхшілер әлі де осыған ұқсас ғибадат үлгісін ұстанады.

ЕХОБА ҮШІН БӘРІ МҮМКІН

18, 19. а) Бірінші ғасырдағы мәсіхшілерге қандай жайттар көмек болды? ә) Қарастырған мәліметтер Ехобаға деген көзқарасыңа әсер етті ме?

18 Сонымен, келесі елеулі жайттар Исаның шәкірттеріне Құдайдан алған тапсырмаларын орындауға көмектесті: Пакс Романа, біршама ыңғайлы әрі қауіпсіз жолдар, бірегей тіл, Рим заңы, яһуди қауымдастықтарының шашырай орналасқаны.

19 Б. з. б. IV ғасырда өмір сүрген грек пәлсапашысы Платон өзінің бір кейіпкері жөнінде былай деген: “Әлеміміздің жаратушысы мен әкесін табу — оңай іс емес. Ал тапқан күннің өзінде, оның барлық адаммен сөйлесуі мүмкін емес”. Бірақ Иса: “Адамның қолынан келмейтін нәрселер Құдайдың қолынан келеді”,— деген (Лұқа 18:27). Әлемнің Жаратушысы Ехоба адамдардың өзін тауып, өзімен танысқанын қалайды. Оның үстіне, Иса: “Барлық халықтардан шәкірттер дайындаңдар”,— деп тапсырған (Мат. 28:19). Ехобаның көмегімен бұл тапсырманы орындау қолымыздан келеді. Келесі мақалада біздің күнімізде осы істің қалай атқарылып жатқаны талқыланады.