Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Құлақ салып, мәнін ұғып алыңдар”

“Құлақ салып, мәнін ұғып алыңдар”

“Бәрің де сөзіме құлақ салып, мәнін ұғып алыңдар” (МАР. 7:14).

1, 2. Неге Исаның тыңдаушылары оның сөздерінің мәнін ұқпаған?

БІЗ өзімізге сөйлеп тұрған кісіні еститін, тіпті оның қандай мәнерде сөйлеп тұрғанын ажырата алатын шығармыз. Бірақ айтылған сөздің мәнін ұқпасақ, бұдан келіп-кетер пайда бар ма? (Қор. 1-х. 14:9). Сол сияқты Исаның айтқан сөздерін мыңдаған адам естіген. Бірақ Иса оларға өздері түсінетін тілде сөйлесе де, тыңдаушыларының бәрі бірдей оның айтқандарын түсінбеген. Сондықтан Иса: “Бәрің де сөзіме құлақ салып, мәнін ұғып алыңдар”,— деді (Мар. 7:14).

2 Неге олар Исаның сөздерінің мәнін түсінбеді? Кейбіреулерінің әбден қалыптасып қалған өз ойлары болған, сондай-ақ олардың ниеттері дұрыс емес еді. Мұндай адамдарға Иса: “Өз дәстүрлеріңді сақтау үшін Құдайдың өсиеттерін шетке ысырып тастауға шеберсіңдер”,— деді (Мар. 7:9). Олар естігендерінің мәнін түсінуге шындап тырыспаған. Істері мен көзқарастарын да өзгерткісі келмеген. Олардың құлақтары ашық болғанмен, жүректері мықтап бекітілген еді (Матай 13:13—15 оқы). Ендеше Исаның тәлімінің пайдасын көру үшін, жүрегіміздің ашық екеніне қалай көз жеткізе аламыз?

ИСАНЫҢ ТӘЛІМІНІҢ ПАЙДАСЫН КӨРЕЙІК

3. Не себепті шәкірттері Исаның сөздерін түсіне алған?

3 Біз Исаның кішіпейіл шәкірттерінің үлгісіне еліктеуіміз керек. Иса оларға: “Сендер бақыттысыңдар, себебі көздерің көріп, құлақтарың естиді”,— деген (Мат. 13:16). Өзгелер түсінбегенді неге олар түсіне алған? Біріншіден, олар сұрақ қоюдан тартынбаған, әрі Исаның сөздерінің астарында не жатқанын түсінуге тырысқан (Мат. 13:36; Мар. 7:17). Екіншіден, естігендерін кезінде бар жүректерімен қабылдаған шындықпен байланыстырған (Матай 13:11, 12 оқы). Үшіншіден, естіп, түсінгендерін өз өмірлерінде ғана емес, өзгелерге көмектескенде де қолдануға тырысқан (Мат. 13:51, 52).

4. Қандай үш қадам Исаның астарлы әңгімелерін түсінуімізге көмектеседі?

4 Исаның астарлы әңгімелерін түсінгіміз келсе, оның адал шәкірттеріне еліктеуіміз керек. Бұл үшін бізден де үш қадам жасау талап етіледі. Біріншіден, Исаның сөздерін оқып, ой жүгірту, қажетті ізденіс жүргізу және сұрақтар қою үшін уақыт бөлуге ықыласты болуымыз керек. Бұдан біліміміз тереңдейді (Нақ. с. 2:4, 5). Екіншіден, сол білімді бұрын алған білімімізбен байланыстырып, жеке өзімізге қандай пайдасы бар екенін көре білуіміз керек. Бұдан түсінігіміз тереңдейді (Нақ. с. 2:2, 3). Үшіншіден, білгенімізді өмірде қолдануымыз керек. Бұл даналыққа жатады (Нақ. с. 2:6, 7).

5. Білім, түсінік, даналықтың айырмашылығын мысалмен түсіндір.

5 Білім, түсінік пен даналықтың бір-бірінен қандай айырмашылығы бар? Бұны мынадай мысалмен түсіндіруге болады: сен жолдың қақ ортасында тұрсың делік, саған қарай бір автобус келе жатыр. Сенің әрекетің қандай болады? Алдымен, көліктің автобус екенін айырасың. Бұл — білім. Бұдан кейін, солай тұра берсең, сені автобус қағып кететінін ұғасың. Бұл — түсінік. Сондықтан оның жолынан ыршып кетесің. Бұл — даналық. Біз Киелі кітапта даналықты “мықтап ұстануымыз” керектігіне баса назар аударылатынына таңғалмаймыз. Себебі даналық өмірімізді сақтайды! (Нақ. с. 3:21, 22; Тім. 1-х. 4:16)

6. Исаның жеті астарлы әңгімесін талқылау барысында қандай төрт сұрақтың жауабын іздейміз? (8-беттегі  қоршауды қара.)

6 Осы және келесі мақалада біз Исаның жеті астарлы әңгімесін талқылаймыз. Талқылау барысында өзімізге келесі сұрақтарды қоямыз: Бұл әңгіменің мәні неде? (Осылай білімге ие боламыз.) Иса бұл әңгімені не үшін айтқан? (Осылай түсінікке ие боламыз.) Білгенімізді өзіміздің және өзгелердің игілігі үшін қалай қолдануға болады? (Бұл — даналық.) Бұл әңгімеден Ехоба мен Иса туралы не білуге болады?

ҚЫША ДӘНІ

7. Исаның қыша дәні туралы астарлы әңгімесінің мәні неде?

7 Матай 13:31, 32 оқы. Исаның қыша дәні туралы астарлы әңгімесінің мәні неде? Дәннің өзі Патшалық туралы хабар мен сол хабарды уағыздаудың нәтижесінде пайда болған мәсіхшілер қауымын білдіреді. “Тұқым атаулының ең кішкентайы” қыша дәні іспетті, б. з. 33 жылы мәсіхшілер қауымының бастамасы да кішкентай болған. Бірақ бірнеше онжылдықтың ішінде ол қатты өсті. Оның көлемі ешкім күтпеген деңгейге жетті (Қол. 1:23). Мұндай өсім игілікті болды, себебі Иса “аспан құстары келіп” оның “бұталарын паналайтынын” айтқан. Бұл құстар мәсіхшілер қауымынан рухани ас-су, сая мен пана тапқан ақжүректі адамдарды бейнелейді (Езекиел 17:23 салыстыр).

8. Иса қыша дәні туралы астарлы әңгімені не үшін айтқан?

8 Иса бұл әңгімені не үшін айтқан? Ол қыша дәнінің үлкен болып өсетініне назар аударуымен Патшалық ісінің кең етек алатын, қорғайтын және барлық кедергілерді жоятын күшін суреттегісі келген. 1914 жылдан бері Құдай ұйымының жердегі бөлігінің өсімі керемет болды! (Ишая 60:22) Ұйым өз мүшелерін рухани жағынан барынша қорғауда (Нақ. с. 2:7; Ишая 32:1, 2). Бұған қоса, Патшалық ісінің кеңейіп жатқанынан оның барлық қарсылықты жеңіп, алға баса беретіні көрінеді (Ишая 54:17).

9. а) Қыша дәні туралы астарлы әңгіменің біз үшін қандай пайдасы бар? ә) Бұл әңгімеден Ехоба мен Иса туралы не білеміз?

9 Қыша дәні туралы астарлы әңгіменің біз үшін қандай пайдасы бар? Бәлкім, біз тұратын жерде Куәгерлер аз шығар не уағыздау ісінің нәтижесін бірден көрмей жүрген болармыз. Әйтсе де Патшалық ісінің барлық кедергілерді жеңе алатынын есте ұстағанымыз табанды болуымызға көмектеседі. Мысалы, 1926 жылы Эдвин Скиннер бауырлас Үндістанға келгенде, елдегі Куәгерлерді саусақпен санап алуға болатын. Бастапқыда өсім онша болмады, уағыз ісі “қиын жылжып” жатқан іс ретінде суреттелді. Бірақ бауырласымыз қайтпай уағыздай берді, әрі Патшалық туралы хабардың үлкен кедергілерді жеңгенін көрді. Бүгінде Үндістанда 37 000 белсенді Куәгер бар. Ал Еске алу кешіне былтыр 108 000 адам келді. Енді Патшалық ісінің барынша кең етек алып жатқанын көрсететін мысалды қарастырайық. Скиннер бауырлас Үндістанға барған жылы Замбияда уағыз ісі жаңа басталған еді. Ал бүгін онда 170 000 жариялаушы уағыздап жүр. Былтырғы Еске алу кешіне болса 763 915 адам келді. Демек, Еске алу кешіне Замбияның әрбір 18-інші тұрғыны келген. Өсім деп осыны айт!

АШЫТҚЫ

10. Ашытқы туралы астарлы әңгіменің мәні неде?

10 Матай 13:33 оқы. Ашытқы туралы астарлы әңгіменің мәні неде? Бұл астарлы әңгіме де Патшалық туралы хабар мен оның нәтижесін білдіреді. “Бүкіл қамыр” барлық халықтарды, ал ашу процесі уағыз ісі арқылы Патшалық туралы хабардың кең тарайтынын бейнелейді. Қыша дәнінің өскені анық көрінетін болса, қамырдың аши бастағаны бірден байқалмайды. Бірақ біраз уақыт өте нәтижесі көріне бастайды.

11. Иса ашытқы туралы астарлы әңгімені не үшін айтқан?

11 Иса бұл әңгімені не үшін айтқан? Ол Патшалық туралы хабардың “жердің қиыр шетіне дейін” тарайтын және адамдарды өзгерістер жасауға талпындыратын күші бар екенін көрсетті (Ел. іс. 1:8). Мұндай өзгерістер әрдайым байқала бермейді, тіпті кейбірі бастапқыда сезілмеуі де мүмкін. Алайда өзгеріс болып жатыр: Патшалық туралы пәрменді хабарды қабыл алғандардың саны ғана емес, болмыстары да өзгеруде (Рим. 12:2; Ефес. 4:22, 23).

12, 13. Ашытқы туралы астарлы әңгімеде айтылғандай, уағыз ісінің кең таралып жатқанын көрсететін мысалдар келтір.

12 Жиі уағыздау ісінің әсері адамдар хабарды естігеннен кейін, бірнеше жылдан соң байқалады. Мысалы, 1982 жылы Бразилиядағы, ал қазір басқа елдегі Бетелде қызмет етіп жүрген Франц пен Маргитпен болған оқиғаны қарастырайық. Олар кезінде бір шағын қалада уағыздап, бірнеше Киелі кітап зерттеу сабағын бастайды. Солардың арасында төрт баласы бар бір әйел болады. Әлгі әйелдің 12 жасар үлкен баласының ұяң болғаны соншалық — жиі зерттеудің алдында жасырынып қалатын. Басқа жаққа тағайындалғандықтан ерлі-зайыптылар олармен әрі қарай зерттей алмайды. Бірақ 25 жылдан кейін олар сол қалашыққа қайта барады. Бұл кезде онда 69 жариялаушыдан тұратын қауым, ал қауымда 13 жалпы ізашар бар еді. Олардың жиналыстарын өткізетін жаңа Патшалық сарайлары да болды. Баяғы ұяң балақай болса ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісі екен! Исаның астарлы әңгімесіндегі ашытқы сияқты, Патшалық туралы хабар кең тарап, көп адамды өмірлерін өзгертуге талпындырыпты. Бұны көрген Франц пен Маргиттің қуанышында шек болмады!

13 Уағыз ісіне шектеулер қойылған елдерде де Патшалық туралы хабардың адамдардың болмысын өзгертетін күші байқалады. Мұндай елдерде хабардың қаншалықты кең таралып жатқанын біле бермейміз. Сондықтан оның нәтижесін білгенде, қайран қаламыз. Мысалы, Кубада ізгі хабар алғаш рет 1910 жылы уағыздалған, ал 1913 жылы онда Расселл бауырлас сапармен барған. Бірақ бастапқыда өсім бола қоймады. Ал бүгіндегі ахуал қандай? Кубада қазіргі таңда 96 000 жариялаушы ізгі хабарды уағыздап жүр. Ал Еске алу кешіне былтыр 229 726 адам, яғни аралдың әр 48-інші тұрғыны келді. Тіпті уағыз ісіне тыйым салынбаған елдерде Патшалық туралы хабар жергілікті Куәгерлердің ойына да келмеген аймақтарға жеткен болуы мүмкін * (Уағ. 8:7; 11:5).

14, 15. а) Ашытқы туралы астарлы әңгіменің біз үшін қандай пайдасы бар? ә) Бұл әңгімеден Ехоба мен Иса туралы не білеміз?

14 Исаның ашытқы туралы астарлы әңгімесінің біз үшін қандай пайдасы бар? Исаның осы астарлы әңгімесі туралы ой жүгірткенде, миллиондаған адамның әлі ізгі хабарды естімегенін ойлап, уайымдаудың қажеті жоқ екенін түсінеміз. Бұл істі Ехобаның өзі қадағалап отыр. Сонда біз не істеуіміз керек? Құдай Сөзінде былай делінген: “Таңертең тұқымыңды сеп, кешке де қол қусырып отырма! Өйткені қайсысының өнімді боларын, анаусы ма, мынаусы ма, әлде екеуі де бітік шыға ма, соны білмейсің” (Уағ. 11:6). Әрине, біз уағыз ісінің, әсіресе шектеулер қойылған елдерде, алға басуын сұрап дұға етуді ұмытпауымыз керек (Ефес. 6:18—20).

15 Сонымен қатар қызметіміздің нәтижесін бірден көрмесек, көңіліміз түспесін. “Қарапайым бастаманы менсінбей” жүрмейік (Зәк. 4:10 ЖД). Себебі уақыт өте келе оның жемісі біз күткеннен әлдеқайда мол болуы мүмкін! (Заб. 39:6; Зәк. 4:7)

ЖИҺАНКЕЗ САУДАГЕР ЖӘНЕ ЖАСЫРЫЛҒАН ҚАЗЫНА

16. Жиһанкез саудагер және жасырылған қазына туралы астарлы әңгімелердің мәні неде?

16 Матай 13:44—46 оқы. Жиһанкез саудагер және жасырылған қазына туралы астарлы әңгімелердің мәні неде? Исаның заманында кейбір саудагерлер ең жақсы меруерттерді табу үшін, Үнді теңізіне дейін сапар шегетін. Бұл астарлы әңгімедегі саудагер рухани қажеттілігін қанағаттандыру үшін көп ізденетін ақжүректі адамдарды бейнелейді. Ал асыл меруерт — Патшалық туралы шындықтың бейнесі. Меруерттің қаншалықты құнды екенін түсінген саудагер оны сатып алу үшін, “дереу” бар мүлкін сатып жіберуге дайын болған. Иса бір кісінің танапта жұмыс істеп жүріп, “жасырылған” қазына тауып алғаны туралы тағы бір астарлы әңгіме айтты. Бұл әңгімедегі кісі жиһанкез саудагер сияқты, қазына іздеген жоқ. Бірақ ол да тауып алған қазынасына ие болу үшін, әлгі саудагер іспетті “өзінде бардың бәрін” сатып жіберуге дайын болған.

17. Иса жиһанкез саудагер және жасырылған қазына туралы астарлы әңгімелерді не үшін айтқан?

17 Иса бұл екі астарлы әңгімені не үшін айтқан? Ол адамдардың шындықты әртүрлі жолмен табатынын көрсетті. Кейбіреулер оны іздеп, табу үшін біраз күш салады. Өзге біреулер іздемесе де, шындықты тапқан. Бәлкім, оларға біреу айтқан болса керек. Қалай таппасын, екеуі де шындықтың құнды екенін түсініп, сол үшін үлкен құрбандықтарға баруға дайын болған.

18. а) Жоғарыда қарастырған екі астарлы әңгіменің біз үшін қандай пайдасы бар? ә) Бұл әңгімелерден Ехоба мен Иса туралы не білеміз?

18 Осы екі астарлы әңгіменің біз үшін қандай пайдасы бар? (Мат. 6:19—21) Өзіңнен былай деп сұрап көрші: “Менің де шындыққа деген көзқарасым сол екі кісінікіндей ме? Мен де шындықты солар сияқты бағалаймын ба? Шындық үшін құрбандықтарға баруға дайынмын ба? Әлде күнделікті тіршілік қамы сияқты жайттардың алаңдатуына жол беремін бе?” (Мат. 6:22—24, 33; Лұқа 5:27, 28; Філіп. 3:8). Шындықты тапқанымызға шынымен қуанышты болсақ, оны өмірде бірінші орынға қоюға деген шешіміміз берік болады.

19. Келесі мақалада не талқыланады?

19 Лайым Патшалық туралы астарлы әңгімелерге құлақ салып, шынымен мәнін ұғатынымызды көрсетейік. Олардың мәнін біліп қана қою жеткіліксіз екенін ұмытпайық. Біз солардан алған сабағымызды өмірде қолдануымыз керек. Келесі мақалада тағы үш астарлы әңгімені қарастырып, олардан не білуге болатынын көреміз.

^ абзац 13 Келесі елдерде де жағдай осыған ұқсас болған: Аргентина (2001 жылғы “Жылнама” (ор.) 186-беттегі қоршау), Шығыс Германия (1999 жылғы “Жылнама” (ор.) 83-бет), Папуа — Жаңа Гвинея (2005 жылғы “Жылнама” (ор.) 63-бет), Робинзон Крузо аралы (“Күзет мұнарасы” (ор.) 15 маусым 2000 жыл, 9-бет).