Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Исаның қайта тірілуі. Біз үшін қандай мәні бар?

Исаның қайта тірілуі. Біз үшін қандай мәні бар?

“Ол... қайта тіріліп кетті!” (МАТ. 28:6).

1, 2. а) Дінбасылары Петірден нені білгісі келді және ол қалай жауап берді? ә) Неге Петір батылдықпен сөйлей алды?

ИСАНЫҢ өлімінен бірнеше апта өткен соң, елші Петір қаһарлы да айбарлы бір топ адамның алдында тұрды. Бұлар Исаның өлімін ұйымдастырған яһуди дінбасылары болатын. Петір туылғаннан ақсақ бір кісіні сауықтырғандықтан, олар елшіге тіс қайрап тұрды. Дінбасылары бұны қандай билікпен, кімнің атынан істегенін сұрағанда, Петір батылдықпен: “Бұл адам назареттік Иса Мәсіхтің атымен, өздеріңіз бағанаға іліп өлтірген, бірақ Құдай тірілтіп алған кісінің арқасында сауығып, алдарыңызда тұр”,— деп жауап берді (Ел. іс. 4:5—10).

2 Осы оқиғадан біраз уақыт бұрын Петір қорқынышқа бой алдырып, Исадан үш рет танған болатын (Мар. 14:66—72). Ал енді дінбасылардың алдында тұрып сөйлеу үшін ол батылдықты қайдан алды? Әрине, оған киелі рух көмектесті. Бірақ бұл ғана емес, Исаның қайта тірілгеніне деген нық сенімділігі де Петірге ерекше батылдық берді. Не себепті ол Исаның тірі екеніне кәміл сенді? Неге біз де бұған кәміл сенуіміз керек?

3, 4. а) Исаның елшілері туылмай тұрғанда, қандай қайта тірілулер орын алған? ә) Иса кімдерді тірілткен?

3 Өлгендердің қайта тірілуі туралы ілім Исаның елшілері үшін жаңа ілім болған жоқ. Өйткені олар туылмай тұрғанда да, біраз қайта тірілу орын алған болатын. Олар Құдайдың Ілияс пен Еліше пайғамбарларға осындай керемет жасауға құдірет дарытқанын білетін (Пат. 3-ж. 17:17—24; Пат. 4-ж. 4:32—37). Тіпті қабірге тасталған бір адамның мәйіті Елішенің сүйегіне тигенде, ол қайта тіріліп кеткен! (Пат. 4-ж. 13:20, 21). Бүгінде біз Құдай Сөзінің шынайылығына қалай сенімді болсақ, ертедегі мәсіхшілер де қайта тірілу жайлы оқиғаларға солай сенген.

4 Исаның адамдарды қалай тірілткені жайлы оқығанда, ешқайсысымыз да бейжай қалмаған шығармыз, сірә. Мәселен, Иса жесір әйелдің жар дегенде жалғыз ұлын тірілткенде, оның қуаныштан жүрегі жарыла жаздаған болар (Лұқа 7:11—15). Басқа бір жолы Иса 12 жасар қызды тірілткен. Сол кезде қайғыдан қан жұтқан ата-анасының қасіреті үлкен қуанышқа ұласқаны шүбәсіз (Лұқа 8:49—56). Ал он екі мүшесі сап-сау күйінде Елазардың қабірден шығып келе жатқанын көргенде, жұрт қатты таңырқаған болса керек (Жох. 11:38—44).

ИСАНЫҢ ҚАЙТА ТІРІЛУІНІҢ ЕРЕКШЕЛІГІ

5. Исаның қайта тірілуі оған дейінгілерден несімен ерекше болды?

5 Елшілер Исаның қайта тірілуі оған дейін болған қайта тірілулерден ерекше болғанын білген. Исаға дейін тірілген адамдар ет пен сүйектен тұратын тәнмен тіріліп, ақыр соңында, қайтадан дүние салған. Ал Иса ешқашан шірімейтін рухани тәнмен тірілген (Елшілердің істері 13:34 оқы). “Ол тәнінде өлтіріліп, рухани денемен тірілді”,— деп жазды Петір. Бұған қоса, “Мәсіх көкке көтеріліп, Құдайдың оң жағына отырды. Құдай оған періштелерді, билеушілер мен күш атаулыны бағындырып берді” (Пет. 1-х. 3:18—22). Иә, басқа қайта тірілулердің бәрі ғажайып кереметтер болған, бірақ Исаның тірілуі олардың барлығынан да асып түсті.

6. Исаның қайта тірілуі шәкірттеріне қалай әсер етті?

6 Исаның тірілуі шәкірттеріне қатты әсер етті. Жаулары оны мәңгіге өлім ұйқысына кетті деп ойлағанмен, ол тірілген болатын. Иса құдіретті рухани тұлға ретінде тірілгендіктен, енді оған адам баласы зиян келтіре алмайтын. Оның қайта тірілгені Құдайдың Ұлы екенін растады. Ұстаздарының тірі екенін білгенде, шәкірттерінің еңселері көтеріліп, қайғылары қуанышқа алмасты. Ал қорқыныштарының орнын батылдық басты. Исаның қайта тірілуі Ехобаның ниетінде ең маңызды рөл атқарды, ол тірілмегенде, ізгі хабардың да еш мәні болмас еді.

7. Иса бүгінде не істеуде және қандай сұрақтарды қарастырамыз?

7 Біз үшін Иса тарихта болған ұлы адам ғана емес. Бүгінде ол тірі, әрі дүниежүзілік уағыз ісінде бағыт-бағдар беруде. Көктегі Құдай Патшалығының Патшасы болып табылатын ол жуырда жер бетін зұлымдықтан тазартып, оны адамдар мәңгі өмір сүретін жұмаққа айналдырады (Лұқа 23:43). Иса қайта тірілмегенде, мұның бәрі мүмкін болмас еді. Олай болса, Исаның қайта тірілгенін растайтын қандай айғақтар бар? Оның қайта тірілуінің біз үшін мәні қандай? Осы сұрақтарды қарастырып көрейік.

ЕХОБАНЫҢ ӨЛІМГЕ БИЛІГІ ЖҮРЕДІ

8, 9. а) Неге яһуди дінбасылары Исаның қабірін күзетуді сұрады? ә) Әйелдер қабірге келгенде, қандай жайттың куәсі болды?

8 Иса өлтірілген соң, жоғарғы діни қызметкерлер мен парызшылдар Пилатқа келіп былай деді: “Мырза, әлгі алаяқтың тірі кезінде “үш күннен соң қайта тірілемін” дегені есімізге түсті. Сондықтан қабірді үш күнге дейін күзетуді бұйыра көріңіз. Әйтпесе шәкірттері келіп, сүйегін ұрлап әкетіп, жұртқа: —Ол өлімнен қайта тірілді!— деп жүрер. Сонда соңғы өтірік алғашқысынан да бетер болады”. Бұған Пилат: “Сақшыларды алып, өз білгендеріңше күзете беріңдер”,— деп жауап берді. Олар тап солай істеді (Мат. 27:62—66).

9 Исаның денесі жартастан үңгіп жасалған қабірге қойылып, аузы үлкен таспен бекітіліп қойылған еді. Яһуди дінбасылары Исаның сол қабірде мәңгі бақи қалғанын тіледі. Алайда Ехобаның ниеті мүлдем басқа еді. Үш күннен кейін мағдалалық Мәриям мен өзге Мәриям қабірге келгенде, оның аузындағы тастың домалатылып тасталғанын және оның үстінде періштенің отырғанын көрді. Періште әйелдерге қабірге кіріп көруді айтты. Сосын: “Ол мұнда жоқ, қайта тіріліп кетті!”— деді (Мат. 28:1—6). Иса, шынында да, тірі еді!

10. Исаның қайта тірілгеніне Пауыл қандай дәлелдер келтірді?

10 Бұдан кейін 40 күн бойы орын алған жайттар Исаның қайта тірілгеніне еш күдік қалдырмады. Осы жайттарды түйіндей келе, елші Пауыл қорынттықтарға былай деп жазды: “Сендерге айтқан, өзім де қабылдаған басты нәрселердің бірі — Жазбаларда айтылғанға сай, Мәсіх біздің күнәларымыз үшін өлді. Сондай-ақ, Жазбаларда айтылғандай, жерленді, ал үшінші күні қайта тірілді. Сосын, Кефаға, кейін он екі елшіге көрінді. Бұдан соң бір мезгілде 500-ден аса бауырласқа көрінді. Олардың көбі әлі арамызда, ал кейбірі өлім ұйқысында жатыр. Сонан соң Жақыпқа, сосын, елшілердің бәріне көрінді. Соңынан, мезгілінен бұрын туылғандай болған маған да көрінді” (Қор. 1-х. 15:3—8).

ИСАНЫҢ ҚАЙТА ТІРІЛГЕНДІГІНІҢ АЙҒАҚТАРЫ

11. Қалайша Исаның қайта тірілуі “Жазбаларда айтылғанға сай” орындалды?

11 1. Исаның қайта тірілуі “Жазбаларда айтылғанға сай” орындалды. Оның қайта тірілетіні жөнінде Құдай Сөзінде алдын ала айтылған болатын. Мысалы, Дәуіт пайғамбар Құдайдың “адал қызметшісі” көрде қалдырылмайтынын жазған (Елшілердің істері 13:35 оқы). Б. з. 33 жылы Елуінші күн мейрамында елші Петір осы пайғамбарлықтың Исаға қатысты орындалғанын көрсетіп: “[Дәуіт] Мәсіхтің қайта тірілетінін алдын ала біліп, Құдайдың оны молада қалдырмайтынын және тәні шірімейтінін айтқан болатын”,— деді (Ел. іс. 2:23—27, 31).

12. Қайта тірілген Исаны кімдер көрді?

12 2. Қайта тірілген Исаны көптеген адам көрді. Иса 40 күннің ішінде шәкірттеріне қабірдің қасындағы бақта, Еммаусқа апаратын жолда және басқа да жерлерде көрінді (Лұқа 24:13—15). Ол жекелеген адамдармен, соның ішінде Петірмен, сондай-ақ бір топ адаммен сөйлескен. Тіпті Иса бір жерде шоғырланған 500-ден астам адамға көрінді! Осыншама куәгерді жоққа шығару мүмкін бе?!

13. Шәкірттердің құлшынысынан Исаның тірілгеніне сенімді болғандары қалай көрінді?

13 3. Исаның қайта тірілгені жайлы шәкірттері құлшыныспен уағыздаған. Исаның қайта тірілгенін құлшыныспен уағыздағаны үшін шәкірттер қудаланып, азап шегіп, тіпті өлім құшқан. Егер Исаның қайта тірілгені жай ғана аңыз әңгіме болса, Петір өмірін қатерге тігіп, дінбасылардың алдында Исаның қайта тірілуі жайында жариялар ма еді?! Дәл сол адамдар Исаны жек көріп, оның өлімін ұйымдастырған еді ғой. Алайда Петір де, басқа шәкірттер де Исаның тірі екеніне және Құдай тапсырған іске жетекшілік етіп жатқанына сенімді болды. Оның үстіне, Исаның қайта тірілгені оларға өздерінің де қайта тірілетініне сенімділік берді. Солардың ішінде Степан да бар, ол қайта тірілуге деген нық сеніммен көз жұмды (Ел. іс. 7:55—60).

14. Исаның тірі екеніне неге сенімдіміз?

14 4. Исаның қазір Патша әрі мәсіхшілер қауымының Басы екеніне айқын дәлел бар. Бүгінде шынайы мәсіхшілік күннен-күнге өркендеп жатыр. Иса қайта тірілмегенде, бұл мүмкін болар ма еді? Расында да, Иса тірілмегенде, ол туралы тіпті естімес те едік. Бірақ оның тірі екеніне және ізгі хабарды шартарапқа жариялау ісінде бағыт-бағдар беріп жатқанына сенімді болуымызға келелі себептер бар.

ИСАНЫҢ ҚАЙТА ТІРІЛУІНІҢ БІЗ ҮШІН ҚАНДАЙ МӘНІ БАР?

15. Исаның тірілгені неге бізге уағызда батылдық береді?

15 Мәсіхтің тірілгені уағыз ісімізде батылдық береді. 2000 жыл бойы Құдайдың жаулары уағыз ісін тоқтату үшін жолдан тайдыру, келеке-мазақ ету, зорлық-зомбылық көрсету, тыйым салу, азаптау және өлімге кесу сияқты небір “қару-жарақты” қолданып келеді. Алайда уағыздау мен шәкірт дайындау ісімізді ештеңе тоқтата алмайды, өйткені Киелі кітапта: “Қандай қару-жарақ саған қарсы жасалса да, сені құрта алмайтын болады”,— деп алдын ала айтылған (Ишая 54:17). Біз Шайтанның сойылын соғатындардан еш қорықпаймыз. Өйткені Иса өзі уәде еткендей, бізбен бірге болып, қолдау көрсетіп жатыр (Мат. 28:20). Ендеше, батыл болуға бізде себеп көп. Жауларымыз қанша тырыспасын, біздің аузымызға қақпақ қоя алмайды.

Исаның қайта тірілгені бізге батылдықпен уағыздауға көмектеседі (15-абзацты қара)

16, 17. а) Исаның қайта тірілуі оның тәлімдерін қалайша растайды? ә) Жохан 11:25-ке сай, Құдай Исаға қандай құдірет берген?

16 Исаның тірілгені оның тәлімдерін растайды. Пауыл егер Мәсіх қайта тірілмегенде, уағызымыздың да, сеніміміздің де бекер екенін айтқан. Бір Киелі кітап зерттеушісі былай деген: “Мәсіх қайта тірілмегенде... мәсіхшілер қып-қызыл өтірікке иланған аңқау немелер болар еді”. Иса қайта тірілмегенде, Ізгі хабардағы оқиғалар дұшпандарының қолынан өлген жақсы да дана адам туралы мұңлы оқиғаға айналар еді. Алайда Иса қайта тіріліп, өз тәлімдерінің, болашақ жайлы айтқандарының да шынайы екенін растады (Қорынттықтарға 1-хат 15:14, 15, 20 оқы).

17 Бірде Иса: “Қайта тірілу және өмір — менмін. Маған сенген адам өлсе де, қайта өмір сүреді”,— деген (Жох. 11:25). Оның бұл уәдесі сөзсіз орындалады. Ехоба Исаға көкте билік ететіндерді ғана емес, жер бетінде мәңгі өмір сүретін миллиардтаған адамды да тірілтуге құдірет берген. Исаның күнәні өтейтін құрбандығы мен қайта тірілгені болашақта өлім атаулының болмайтынына кепілдік береді. Мұны білгеніміз кез келген сынаққа төзуге, тіпті өліммен бетпе-бет келуден қорықпауға көмектеседі емес пе?!

18. Исаның тірілгені не нәрсеге кепілдік береді?

18 Исаның тірілгені жердің тұрғындары Ехобаның сүйіспеншілікке негізделген талаптары бойынша сотталатынына кепілдік береді. Ежелгі Афиныда бір топ ер мен әйелге айтқан сөзінде Пауыл былай деген болатын: “[Құдай] бүкіл жержүзін әділдікпен соттайтын күнді белгілеп, сотты жүргізетін кісіні тағайындап қойды және сол кісіні қайта тірілту арқылы барлық адамзатқа кепілдік берді” (Ел. іс. 17:31). Иә, Иса — Құдай тағайындаған Соттаушы, біз оның соты әділдік пен сүйіспеншілікті арқау ететініне сенімдіміз (Ишая 11:2—4 оқы).

19. Мәсіхтің тірілгеніне деген сенім бізге қалай әсер етеді?

19 Исаның тірілгеніне деген сенім бізге Құдай еркін орындауға серпін береді. Иса өз өмірін құрбан етіп, кейін қайта тірілмегенде, біз күнә мен өлімнің құрсауында қала берер едік (Рим. 5:12; 6:23). “Бүгін ішіп-жеп қалайық, ертең бәрібір өлеміз ғой” деген ұстаныммен өмір сүрер едік (Қор. 1-х. 15:32). Бірақ біз өмірдің қызығын көріп қалуды ғана ойламаймыз. Біз үшін қайта тірілуге деген үміт асыл қазынадай, сондықтан барлық жағдайда Ехобаға мойынсұнуға асықпыз.

20. Исаның тірілгені Құдайдың ұлылығын қалай паш етеді?

20 Исаның тірілгені “өзін шын жүректен іздейтіндерге сый беретін” Ехобаның ұлылығын паш етеді. (Евр. 11:6) Исаны көктегі ешқашан үзілмейтін өмірге тірілту үшін Ехоба орасан зор күшін қолданды және даналығын паш етті. Бұған қоса, Құдай өзінің барлық уәдесін орындауға құдіретті екенін көрсетті. Сол уәделердің арасында ерекше “ұрпақтың” бүкіләлемдік билікке қатысты мәселеде шешуші рөл атқаратыны жайлы уәде де бар. Ол орындалу үшін “ұрпақ”, яғни Иса өліп, қайта тірілу керек еді (Жар. 3:15).

21. Қайта тірілуге деген үміттің сен үшін қандай мәні бар?

21 Қайта тірілуге берік үміт сыйлаған Ехобаға ризашылығымыз көл-көсір емес пе?! Киелі кітапта мынадай уәде жазылған: “Міне, Құдайдың шатыры адамдар арасында! Ол солармен бірге тұрып, олар оның халқы болмақ. Осылай Құдайдың өзі солармен бірге болады. Сонда Құдай олардың көздеріндегі әрбір жасты сүртіп тастайды, енді қайтып өлім, жоқтау, зар еңіреу мен ауру болмайды. Бұрынғы жайттар құрып жоқ болды”. Бұл керемет уәде елші Жохан арқылы берілді, сондай-ақ оған былай делінді: “Жазып қой, өйткені бұл сөздер сенуге тұрарлық әрі шынайы”. Жоханға бұл аянды кім берген? Өлімнен қайта тірілген Иса Мәсіхтің өзі! (Аян 1:1; 21:3—5).