Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

“Көктегі нәрселерді ойлаңдар”

“Көктегі нәрселерді ойлаңдар”

“Жердегі емес, көктегі нәрселерді ойлаңдар” (ҚОЛ. 3:2).

1, 2. а) Қолостағы қауымның қауіпті жағдайда болғанын неден білеміз? ә) Қолостағы мәсіхшілерге сенімдерінде берік тұруларына көмектесу үшін қандай кеңес берілді?

БІРІНШІ ҒАСЫРДА Қолостағы қауымның бірлігіне қауіп төнген еді. Өйткені қауымдағы кейбіреулер Мұса заңын ұстану керек деп қауымға іріткі салса, басқа біреулер адамды өз қалауларынан бас тартуға шақыратын аскетизм пәлсапасын таратты. Мұндай жалған ілімдерге қатысты елші Пауыл хат жазып, қолостықтарды: “Байқаңдар, біреу сендерді адамдардың дәстүріне негізделген пәлсапасымен, бос әрі алдамшы ойларымен, Мәсіх туралы емес, осы дүниенің қағидаларына негізделген ілімдерімен торға түсіріп алмасын”,— деп сақтандырды (Қол. 2:8).

2 Майланған мәсіхшілердің назары “дүниенің қағидаларына” ауып кетсе, Ехобаның құтқару үшін жасаған шарасынан бас тартқан болар еді (Қол. 2:20—23). Құдаймен құнды қарым-қатынастарын сақтауға көмектесу үшін, Пауыл оларға: “Жердегі емес, көктегі нәрселерді ойлаңдар”,— деп кеңес берді (Қол. 3:2). Демек, Мәсіхтің бауырлары “көкте сақтаулы тұрған” шірімес мұра алатындарын  ойдан шығармаулары керек еді (Қол. 1:4, 5).

3. а) Майланған мәсіхшілер қандай үміт жайлы ойлайды? ә) Осы мақалада қандай сұрақтарды қарастыратын боламыз?

3 Бүгінде де майланған мәсіхшілер Құдайдың Патшалығы және “Мәсіхпен мұралас” болу үміттері жайлы ойлап жүреді (Рим. 8:14—17). Ал жерде өмір сүруге үміті барлар туралы не деуге болады? Пауылдың сөздерінің оларға қандай қатысы бар? “Басқа қойлар” қалай “көктегі нәрселерді” ойлай алады? (Жох. 10:16). Қиындықтарға қарамастан көктегі нәрселерді ойлаған Ыбырайым мен Мұсаның үлгісін қарастырғанымыздың бізге қандай пайдасы бар?

КӨКТЕГІ НӘРСЕЛЕРДІ ОЙЛАУ ДЕГЕН НЕ?

4. Жердегі өмірге үміттенетін мәсіхшілер үшін көктегі нәрселерді ойлау нені білдіреді?

4 Басқа қойлар көкте өмір сүруге үміттенбесе де, олар көктегі нәрселерді ойлай алады. Бұл нені білдіреді? Ехоба Құдайды және Патшалықтың мүддесін өмірде басты орынға қоюды білдіреді (Лұқа 10:25—27). Бұл жағынан Иса үлгі көрсетті (Пет. 1-х. 2:21). Бірінші ғасырдағы мәсіхшілер сияқты, біз де Шайтан билеген дүниенің бұрыс ой-пікірлерінің, пәлсапалары мен материалдық нәрселерге деген көзқарастарының ықпалын көріп жүрміз (Қорынттықтарға 2-хат 10:5 оқы). Рухани күйімізге қауіп төндіретін осындай нәрселерден сақтану үшін, Исаға еліктеп, сергек болуымыз керек.

5. Дүние-мүлікке қатысты көзқарасымызды қалай тексере аламыз?

5 Осы дүниенің дүние-мүлікке қатысты көзқарасы біздің өмірімізге әсер етіп жатқан жоқ па? Ойымыздан және іс-әрекетімізден нені жақсы көретініміз байқалады. Иса: “Қазынаң қайда болса, жүрегің де сонда болады”,— деген (Мат. 6:21). Жүрегіміз бізді қайда еліктіріп жатқанын анықтағымыз келсе, арагідік өз-өзімізді тексеріп тұрған абзал. Бұл үшін келесі сұрақтардың үстінен ой жүгірт: “Ақша мәселесін уайымдауға, жақсы жұмыс табу мен жайлы өмір сүру туралы ойлануға қанша уақытым кетеді? Басты назарымды рухани нәрселерге тігуге тырысамын ба?” (Мат. 6:22). Иса “жер бетінде қазына жинауға” ұмтылғандар өз-өздерін рухани күйрететінін ескерткен (Мат. 6:19, 20, 24).

6. Тән әлсіздігімен күресте жеңіске жету үшін не істеуіміз керек?

6 Кемелсіз тән бізді көңілімізге жағатынды істеуге еліктіреді (Римдіктерге 7:21—25 оқы). Егер өмірімізге Құдайдың киелі рухы әсер етпесе, “түнектің істеріне” беріліп кетуіміз мүмкін. Мұндай істерге “ырду-дырду той-думан құру, маскүнемдік, азғындық, әдепсіздік” жатады (Рим. 13:12, 13). Тәнімізге жағымды “жердегі нәрселермен” күресте жеңу үшін, үнемі көктегі нәрселерді ойлауымыз керек. Бұл күш салуды талап етеді. Сондықтан елші Пауыл: “Денемді ұрғылап, өзіме құл іспетті бағындырудамын”,— деген (Қор. 1-х. 9:27). Өмір үшін жарыстан шығып қалмас үшін, босаңсымауымыз керек екені анық. Қазір екі адал кісінің “Құдайға ұнамды” болу үшін не істегенін қарастырайық (Евр. 11:6).

ЫБЫРАЙЫМ ЕХОБАҒА СЕНДІ

7, 8. а) Ыбырайым мен Сара қандай қиындықтарға кезікті? ә) Ыбырайым нені ойлады?

7 Ехоба Ыбырайымға үй ішімен Қанаханға көшуді бұйырғанда, ол дайындықпен мойынсұнды. Сенімі мен  мойынсұнғыштығы үшін Ехоба Ыбырайымға: “Мен сенен үлкен халықты өрбітіп таратамын, Сені жарылқаймын”,— деп уәде беріп, онымен келісім жасады (Жар. 12:2). Алайда ұзақ жыл бойы Ыбырайым мен Сараның балалары болмады. Сонда Ыбырайымға Ехоба өз уәдесін ұмытқандай көрінген шығар. Оның үстіне, Ыбырайымның Қанахандағы өмірі қиын еді. Ол Месопотамияның өркендеген Ур қаласындағы үйлері мен туыстарын тастап, 1600 шақырым жердегі Қанахан жеріне келіп, шатырларда өмір сүріп жатты. Бұл жерде ол аштықты да көрді, тонаушыларға да тап болды (Жар. 12:5, 10; 13:18; 14:10—16). Сонда да ол Урдағы жайлы өмірге қайта оралуды ойламады (Еврейлерге 11:8—12, 15 оқы).

8 Ыбырайым “жердегі нәрселерді” ойламай, Ехобаға сенді (Жар. 15:6). Бар назарын Ехобаның уәделеріне аудару арқылы көктегі нәрселерді ойлады. Ыбырайымның сенімі үшін Құдай оған: “Аспанға қарап жұлдыздарды санашы! Сен оларды санай алар ма екенсің? Сенің үрім-бұтағың да осындай сансыз көп болады!”— деп уәде берді (Жар. 15:5). Бұл сөздер Ыбырайымды жұбатқаны сөзсіз. Ол жұлдызды аспанға көз тіккен сайын Ехобаның осы уәдесін еске алған шығар. Құдай белгілеген уақытында уәдесін орындап, Ыбырайымға ұл сыйлады (Жар. 21:1, 2).

9. Ыбырайымның үлгісі қызметте белсенді болып қалуға қалай көмектеседі?

9 Ыбырайым сияқты, біз де Құдай уәделерінің орындалуын күтудеміз (Пет. 2-х. 3:13). Егер біз көктегі нәрселерді ойлаудан қалсақ, Құдай уәделерін орындауды кешеуілдетіп жатқандай көрініп, рухани істерде бәсеңдеп қалуымыз мүмкін. Бұрын сен ізашар болу үшін немесе қызмет аясын кеңейту үшін белгілі бір құрбандықтарға барғансың ба? Солай етсең, мұның мақтауға тұрарлық. Ал қазіргі қызметің жайлы не деуге болады? Ыбырайымның “іргетасы берік қаланған қаланы” ойлағанын есте ұста (Евр. 11:10). Ол “Ехобаға сенді, сондықтан оның алдында әділ деп танылды” (Рим. 4:3).

МҰСА “КӨЗГЕ КӨРІНБЕЙТІН ТҰЛҒАНЫ КӨРДІ”

10. Жас кезінде Мұса қандай өмір кешті?

10 Көктегі нәрселерді ойлаған адамдардың арасында Мұса да бар еді. Жас кезінде ол “мысырлықтардың бүкіл даналығын меңгерді”. Бұл қарапайым білім емес еді. Мұса сол кездегі ең қуатты Мысыр елінде өмір сүріп қана қоймай, перғауынның отбасында тәрбиеленді. Алған жоғары білімінің арқасында ол “сөзімен де, ісімен де ықпалды болды” (Ел. іс. 7:22). Оны алда қандай мансап пен байлық күтіп тұрғанын елестетші! Алайда Мұса әлдеқайда маңызды нәрсені, Ехобаның еркін орындауды, көздеген еді.

11, 12. Мұса қандай білімді жоғары бағалады және бұлай деуге қандай негіз бар?

11 Туған анасы Иохебед Мұсаға кішкентай кезінде исраилдіктердің Құдайы Ехоба жайлы көп үйреткен болу керек. Мұса бұл білімді бәрінен де жоғары бағалады. Сондықтан ол перғауынның сарайындағы артықшылықтар мен мүмкіндіктерден бас тартты (Еврейлерге 11:24—27 оқы). Мұсаның рухани білімі мен Ехобаға деген сенімі оны көктегі нәрселерді ойлауға талпындырғаны сөзсіз.

12 Мұса сол заманда қолжетімді ең  жоғары білімді алды. Бірақ ол бұл білімді Мысыр елінде өз беделін биіктетіп, мол байлық жинау үшін қолданды ма? Жоқ, ол бұлай етпеді. Қайта, ол “перғауын қызының ұлы деп аталудан бас тартты, күнәдан уақытша рақат алудан гөрі Құдай халқымен бірге жәбірленуді таңдады”. Ол рухани білімін Ехобаның ісін алға жылжытуға жұмсады.

13, 14. а) Ехобаның тапсырмасына дайын болу үшін Мұсаға қандай қасиеттер қажет еді? ә) Бізге де қандай қасиеттер қажет болуы мүмкін?

13 Мұса Ехоба мен оның халқы жайлы көп ойлаған. Содан ол 40 жасқа келгенде Құдайдың халқын Мысыр құлдығынан босату ісіне көмектесуге өзін дайынмын деп есептеді (Ел. іс. 7:23—25). Алайда Ехоба оның бұл тапсырмаға әлі дайын емес екенін білді. Себебі оған кішіпейілділік, шыдамдылық, жұмсақтық және ұстамдылық сияқты қасиеттер дамыту қажет еді (Нақ. с. 15:33). Құдайға ұнамды бұл қасиеттер Мұсаға алдағы қиындықтар мен сынақтарға төтеп беруге көмектесер еді. Қажетті дайындықтан өту үшін, ол қырық жыл бойы қой бақты.

14 Қойшы болғаны Мұсаға қандай да бір пайдасын тигізді ме? Тигізгенде қандай! Құдай Сөзінде Мұса “жер бетіндегі барлық адамдардың ең кішіпейілі” делінген (Ру. сан. 12:3). Мұса кішіпейілдік дамытқанының арқасында мінезі әртүрлі адамдарға шыдамды болды және олардың қиыншылықтарын көтере білді (Мыс. ш. 18:26). Сол сияқты, бізге де “зор алапаттан” өтіп, Құдайдың әділдік орнаған жаңа дүниесіне кіре алуымыз үшін, рухани қасиеттер дамыту қажет (Аян 7:14). Түрлі мінезді адамдармен, мысалы қызба не өте сезімтал адамдармен, тіл табыса аламыз ба? Бұл орайда, елші Петірдің: “Әркімге тиісті құрмет көрсетіңдер, бауырластарыңның бәрін сүйіңдер”,— деген кеңесіне ден қойған жөн (Пет. 1-х. 2:17).

КӨКТЕГІ НӘРСЕЛЕРДІ ОЙЛАП ЖҮРЕЙІК

15, 16. а) Неге дұрыс нәрселерді ойлау маңызды? ә) Мәсіхшілердің жүріс-тұрыстары неліктен үлгілі болу керек?

15 Біз “ерекше қиын” уақытта өмір сүрудеміз (Тім. 2-х. 3:1). Сондықтан рухани сергек болып қалу үшін, көктегіні нәрселерді ойлау маңызды (Сал. 1-х. 5:6—9). Мұның үш жолын қарастырайық.

16 Жүріс-тұрысымыз. Елші Петір үлгілі жүріс-тұрыстың маңыздылығын түсініп, былай деп жазған: “Осы дүниедегі адамдар арасында жүріс-тұрыстарың бұдан былай да үлгілі болсын. Сонда... олар игі істеріңді өз көздерімен көріп, Құдай тексеретін күні оны мадақтайтын болады” (Пет. 1-х. 2:12). Қайда жүрсек те: үйде, жұмыста, мектепте, демалыста не қызметте — жүріс-тұрысымызбен Ехобаны мадақтауға барынша тырысайық. Әрине, кемелсіз болғандықтан, қателіктер жіберіп жатамыз (Рим. 3:23). Дегенмен “сеніміміз үшін ізгі күрес жүргізе” берсек, тәніміздің әлсіздігіне берілмей, оны тізгіндеуді үйренеміз (Тім. 1-х. 6:12).

17. Исаның ой қалпына қалай еліктей аламыз? (Келесі беттегі суретті қара.)

17 Ой қалпымыз. Үлгілі жүріс-тұрыс дұрыс ой қалыппен тығыз байланысты. Елші Пауыл: “Сендер де Мәсіх Иса сияқты ойлаңдар”,— деген (Філіп. 2:5). Исаның ой қалпы қандай еді? Ол кішіпейіл болды. Кішіпейілділік оны қызметті жанын салып  атқаруға талпындырды. Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздауды ол басты назарында ұстады (Мар. 1:38; 13:10). Иса Құдай Сөзін қатты бедел тұтты (Жох. 7:16; 8:28). Киелі жазбаларды мұқият зерттегендіктен, ол одан үзінді келтіріп, шындықты қорғап сөйлеп, оны түсіндіре алды. Кішіпейіл әрі қызметте құлшынысты болсақ және жеке зерттеу жүргізсек, біздің де ой қалпымыз Исанікіндей болады.

Иса Құдай Патшалығы туралы ізгі хабарды уағыздауды басты назарында ұстады (17-абзацты қара)

18. Ехобаның ісіне қалай атсалыса аламыз?

18 Атсалысу. Ехобаның ниеті — “Исаның есімінің алдында көктегі, жердегі және жер астындағылардың бәрін тізе бүккізу” (Філіп. 2:9—11). Иса осындай дәрежесіне қарамастан, кішіпейілділікпен Әкесіне мойынсұнып, оның еркін орындайды. Бізге де Құдайға кішіпейілділікпен мойынсұну керек (Қор. 1-х. 15:28). Мұны қалай істей аламыз? “Барлық халықтардан шәкірт дайындау” ісіне бар ықыласымызбен атсалысып, өзімізге берілген тапсырманы орындау арқылы (Мат. 28:19). Сондай-ақ біз бәріне, бауырластарымызға да, басқа адамдарға да, “жақсылық жасай береміз” (Ғал. 6:10).

19. Біз не істеуге бел бууымыз керек?

19 Көктегі нәрселерді ойлап жүруіміз керектігін есімізге салғаны үшін Ехобаға дән ризамыз! Өйткені бізге “алдымыздағы қашықтықты табандылықпен жүгіріп өту” қажет (Евр. 12:1). Ісімізді “Ехоба үшін жан-тәнімізбен” атқарайық. Сонда көктегі Әкеміз бізді молынан жарылқайтын болады (Қол. 3:23, 24).