Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сенде Ехобаны “жақыннан танып біле алатын жүрек” бар ма?

Сенде Ехобаны “жақыннан танып біле алатын жүрек” бар ма?

“Оларға Мені, Жаратқан Иені, жақыннан танып біле алатын жүрек сыйлаймын. Олар... Менің халқым болады” (ЕРМ. 24:7).

1, 2. Неге кейбіреулерді інжір жемісі қызықтырады?

СЕН інжір деген жемісті жеп көргенсің бе? Ерте заманда исраилдіктер бұл жемісті жақсы көретін (Нқм. 3:12; Лұқа 13:6—9). Бүгінде інжірді көптеген елдерде өсіреді. Бұл жеміс өте нәрлі әрі жүрекке пайдалы болып саналады.

2 Бірде Ехоба адамдардың жүректерін інжірге теңеді. Ол інжірдің денсаулығымызға әкелетін пайдасы туралы емес, адамдардың бейнелі жүрегі туралы айтқан. Құдайдың Еремия пайғамбар арқылы айтқан сөздерінен өзіміз де, жақындарымыз да жақсы сабақ ала аламыз. Қазір оның сөздерін қарастырып жатып, мәсіхшілер не нәрсеге үйрене алатыны туралы ойланайық.

3. Еремия кітабының 24-тарауындағы інжірлер кімдерді бейнелейді?

3 Алдымен Құдайдың Еремия пайғамбардың заманында інжір туралы не дегеніне назар аударайық. Б. з. б. 617 жылы Яһуда халқының рухани күйі нашар еді. Құдай пайғамбарға болашақта не болатынын білдіру үшін берген аянында “өте жақсы” және “бұзылған” інжірлерді көрсетті (Еремия 24:1—3 оқы). Бұзылған інжір Седекиях патшаны және Набуходоносор мен оның әскерінің қолына түскен тағы басқа адамдарды білдіреді. Ал Бабылға әкетілген Езекиел, Даниял мен оның үш досы және кейінірек жер аударылған яһудилердің кейбірі өте жақсы інжір іспетті болды. Кейінірек олардан қалған тамтық Иерусалим мен ондағы ғибадатхананы қайта тұрғызу үшін қайтып келді (Ерм. 24:8—10; 25:11, 12; 29:10).

4. Неліктен Құдайдың жақсы інжір туралы айтқан сөздері бізді жігерлендіреді?

4 Ехоба жақсы інжірмен бейнеленгендерге былай деді: “Оларға Мені, Жаратқан Иені, жақыннан танып біле алатын жүрек сыйлаймын. Олар... Менің халқым болады” (Ерм. 24:7). Осы мақаланың негізгі тармағы болып табылатын бұл сөздер біз үшін  неткен жұбаныш десеңші! Ехоба адамдарға өзін “жақыннан танып біле алатын жүрек сыйлағысы” келеді. Бұл жерде “жүрек” адамның ниетімен байланысты. Сен де осындай жүрекке ие болып, Құдай халқының қатарында болғың келетіні шүбәсіз. Бұл үшін саған Киелі кітапты зерттеп, алған біліміңді өмірде қолдану, күнәларыңа өкініп, олардан теріс айналу, өміріңді Құдайға бағыштау, сондай-ақ Әкенің, Ұлдың және киелі рухтың атынан шомылдыру рәсімінен өту керек (Мат. 28:19, 20; Ел. іс. 3:19). Бәлкім, сен бұл қадамдарды жасап та қойған шығарсың немесе енді ғана Ехоба куәгерлерімен тығыз араласа бастап, рухани қадам жасап жатқан боларсың.

5. Еремия негізінен кімдердің жүректері туралы жазған?

5 Аталмыш қадамдардың кейбірін не бәрін жасаған болсақ та, бізге әлі де болса ниетіміз бен жүріс-тұрысымызды тексеріп тұру керек. Не себепті олай етуіміз керектігін Еремияның жүрек туралы жазған басқа сөздерінен көруге болады. Әңгіме кімдердің жүректері жайлы болып отыр? Еремия өз кітабының кейбір тарауларында басқа халықтар туралы айтқанымен, ол көбінесе Яһуда халқы бес патшаның тұсында қалай өмір сүргенін сипаттады (Ерм. 1:15, 16). Иә, Еремия негізінен Ехобаға бағышталған ерлер мен әйелдер және балалар туралы жазған. Олардың ата-бабалары өз ықтиярымен Құдайдың таңдаулы халқы болуға келіскен (Мыс. ш. 19:3—8). Еремияның заманында да олар: “Біз Саған қайтып келеміз, өйткені Сен біздің Құдайымыз Жаратқан Иесің!”— деді (Ерм. 3:22). Алайда олардың жүрек күйлері қандай еді?

ОЛАРДЫҢ БЕЙНЕЛІ ЖҮРЕГІНЕ ОТА ЖАСАУ КЕРЕК БОЛДЫ

6. Неліктен біз Құдайдың жүрек туралы айтқан сөздеріне ерекше мән беруіміз керек?

6 Дәрігерлер заманауи технологияның көмегімен адамның жүрегін тексере алады. Ал Ехоба болса адамның бейнелі жүрегін де көре алады. Ол былай дейді: “Адамның жүрегі бәрінен бетер алдамшы әрі жазылмайтындай бүлінген. Оны танып біле алатын кім бар? Мен, Жаратқан Ие, адамның жүрегіндегісін зерттеймін, оның жан дүниесін анық тексеремін. Содан әркімге жасаған қылығына, істеген істеріне қарай есесін қайтарамын” (Ерм. 17:9, 10). Бұл жерде Ехоба 70—80 жылда шамамен үш миллиард рет соғатын адам жүрегін медициналық тексеруден өткіземін деп тұрған жоқ. Қайта, ол адамның бейнелі жүрегін зерттеймін деп тұр. Бұл “жүрек” адамның қалауларын, ойларын, ниетін, көзқарасын және мақсаттарын қамтитын бүкіл ішкі дүниесін білдіреді. Сенде де осындай бейнелі жүрек бар. Құдай оны зерттейді және сен де оны қандай да бір шамада тексере аласың.

7. Еремия өз заманындағы яһудилердің көбісінің жүрек күйін қалай сипаттады?

7 Жүрегімізді тексермес бұрын Еремияның заманындағы яһудилердің бейнелі жүректерінің күйі қандай болғанына назар аударайық. Еремия: “Бүкіл Исраил халқы сүндеттеу рәсімін ұстанғанымен, [Құдайға] шын жүректен бағышталмаған”,— деді (Ерм. 9:25, 26). Иә, олар Ехобаға шын жүректен қызмет етпеген.

8, 9. Яһудилердің көбісіне жүректеріне қатысты не істеу керек еді?

8 Құдай яһудилерді: “Зұлым жолдарыңнан қайтып, іс-әрекеттерің мен жүрген жолдарыңды түбегейлі өзгертіңдер!”— деп шақырды (Ерм. 18:11). Олардың іс-әрекеттері зұлым болды, себебі жүректері зұлым еді (Марқа 7:20—23 оқы). Еремия арқылы Құдай яһудилердің күнәларының түпкі себебін дәл анықтап берді. Олардың жүректері қасарысқан әрі бүлікшіл еді, яки ой-ниеттері зұлым болған (Еремия 5:23, 24; 7:24—26 оқы). Құдай оларға: “Өздеріңді Ехоба үшін сүндеттеңдер,  жүректеріңді сүндеттеңдер”,— деді (Ерм. 4:4 ЖД).

9 Сонымен Еремияның заманындағы яһудилерге бейнелі жүректеріне ота жасау — “жүректерін сүндеттеу” — керек болды. Мұсаның заманындағы яһудилерге де солай ету қажет еді (Заң. қ. 10:16 сілт.; 30:6). “Жүректерін сүндеттеу” олар үшін жүректерін сезімсіз еткен Құдайға ұнамайтын ой-ниеттер мен қалауларды кесіп тастауды білдірді (Ел. іс. 7:51, сілт.).

ҚҰДАЙ БІЗГЕ ОНЫ “ЖАҚЫННАН ТАНЫП БІЛЕ АЛАТЫН ЖҮРЕК СЫЙЛАЙДЫ”

10. Дәуітке еліктей отырып не істеуіміз керек?

10 Біз Құдайға бейнелі жүрегіміздің қандай күйде екенін білуге көмектесіп жатқанына өте ризамыз! Алайда біреу “Ехоба куәгерлеріне бейнелі жүректері туралы уайымдаудың қажеті бар ма?” деп сұрайтын шығар. Расында да, бүгіндегі мәсіхшілер қауымдарында ежелгі Исраилдегідей көп адам зұлымдық жасап, “бүлінген інжір” іспетті болып жатқан жоқ. Қайта, Құдайдың бүгіндегі қызметшілері оған адал қызмет етіп, тазалықтарын сақтап жүр. Десе де адал Дәуіттің Ехобаға айтқан келесі өтінішінің үстінен ой жүгіртіп көрейік: “Уа, Құдай, жүрегімнің түкпірлерін тексере гөр, мені мазалаған ойларымды біле гөр, қауіпті жолдамын ба, сынай көрсеңші” (Заб. 16:3; 138:23, 24).

11, 12. а) Неліктен әрқайсысымыз өз жүрегімізді тексеруіміз керек? ә) Құдай не істейді деп күтпеуіміз керек?

11 Ехоба әрқайсысымыздың оны білгенімізді, яғни оның ықыласына бөленіп, онымен тығыз қарым-қатынас сақтағанымызды қалайды. Әділ адамға қатысты Еремия былай деді: “Уа, Әскерлер басы Ехоба, Сен әділді тексеріп сынайсың, адамның жүрегі мен бүйрегін көресің” (Ерм. 20:12 ЖД). Құдіреті шексіз Құдай тіпті әділ адамның жүрегін тексерсе, бәріміз өзімізді шыншылдықпен тексергеніміз жөн емес пе?! (Забур 10:5 оқы). Сонда біз қандай да бір ой-ниеттің, мақсаттың не ішкі сезімнің жүрегімізді сезімсіз етіп жатқанын көруіміз мүмкін. Онда бізге бұл нәрседен арылу, яғни бейнелі жүрегімізге ота жасау керек болады. Егер сен бейнелі жүрегіңді тексеруді жөн деп тапсаң, не нәрселерге назар аударғаның дұрыс? Қажетті өзгерістер жасауға не көмектеседі? (Ерм. 4:4).

12 Сондай-ақ мынаны да ұмытпайық: Ехоба бізді өзгеруге мәжбүрлемейді. Ол адамдардың жүректерін күштеп өзгертемін деген жоқ, қайта, “жақсы інжір” іспетті адамдарға оны “жақыннан танып біле алатын жүрек сыйлаймын” деді. Олар Құдайды білетіндерін көрсететін мойынсұнғыш жүрекке ие болуды өздері қалауы керек болды. Біз де осыны қалауымыз керек емес пе?

Жүрегіңді тексеріп, орынсыз қалаулардан арылсаң, Құдайдың батасына кенелесің

13, 14. Қалайша мәсіхшінің жүрегіндегісі оған зиян тигізуі мүмкін?

13 Иса былай деді: “Жүректен жаман ойлар, кісі өлтіру, неке адалдығын бұзу, азғындық, ұрлық, жалған куәлік, қорлық сөздер шығады” (Мат. 15:19). Әрине, егер бауырластың арам пиғылы болса, ол неке адалдығын бұзуы не азғындық жасауы мүмкін. Егер күнәсіна өкінбесе, ол Құдайдың ықыласынан  мәңгіге айырылып қалуы ықтимал. Алайда тіпті осыншама ауыр күнә жасамаған адам жүрегінде бұрыс қалаудың тамыр жаюына жол беріп жүрген болуы мүмкін (Матай 5:27, 28 оқы). Міне, осындай кезде жүрегімізді мұқият тексергеніміз жөн. Сен қарсы жынысты адам туралы Құдайға ұнамайтын ойларға беріліп жүрген жоқсың ба? Саған белгілі бір өзгеріс жасау керек емес пе?

14 Я болмаса бауырлас тура мағынада “кісі өлтірмесе” де, өзге бауырласқа деген ренішін көңіліне сақтап, оны іштей жек көріп кетуі мүмкін (Леу. 19:17). Мұндай бауырлас осындай сезімдерден арылуға бар күшін сала ма? (Мат. 5:21, 22).

15, 16. а) Қалайша мәсіхшінің “жүрегі сүндеттелмеген” болуы мүмкін? ә) Қалай ойлайсың, неге Ехоба “сүндеттелмеген жүрекпен” жүре бергенімізді қаламайды?

15 Қуанышқа орай, мәсіхшілердің басым көпшілігі жүректерінде әлгіндей қалаулар мен сезімдердің тамыр жаюына жол бермейді. Дегенмен Иса “жаман ойлар” туралы да айтты. Бұлар өмірдің кез келген саласына қатысты бұрыс көзқарасымыз болуы мүмкін. Мысалы, адам туысқандарына деген адалдығынан маңызды нәрсе жоқ деп ойлайтын шығар. Әрине, мәсіхші осы “соңғы күндері... бауырмалдықтан жұрдай” адамдар сияқты болмай, туыстарына сүйіспеншілік танытқысы келеді (Тім. 2-х. 3:1, 3). Алайда ол туыстарына сүйіспеншілік танытамын деп шектен шығып кетуі мүмкін. Оларға іші-бауыры елжіреп тұратындықтан біреу туыстарын ренжітсе, өзін ренжіткендей сезінеді. Осындай сезімдер Динаның бауырларының не істеуіне түрткі болғаны есіңде шығар (Жар. 34:13, 25—30). Сондай-ақ ағасы Амнонды өлтірген Абессаломның жүрегінде не болғанын ойлап көрші (Пат. 2-ж. 13:1—30). Бұл әрекеттерге себепші болған “жаман ойлар” емес пе?!

16 Әрине, шынайы мәсіхшілер адам өлтірмейді. Алайда олардың кейбірі туған-туыстарына жамандық жасағандықтан не жасады деп ойлағандықтан бауырласқа өкпелеп жүрген шығар. Олар оны қонаққа шақырмауы не ол шақырса бармауы мүмкін (Евр. 13:1, 2). Мұндай жағымсыз сезімдер мен қонақжайлылық танытпау сүйіспеншіліктің жоқтығын көрсетеді, сондықтан бұған немқұрайды қарауға болмайды. Өйткені жүректерді тексеретін Ехоба “жүрегіміз сүндеттелмеген” деген нақтама беруі мүмкін (Ерм. 9:25, 26 ЖД). Ол бізге “жүректеріңді сүндеттеңдер” дейді (Ерм. 4:4 ЖД).

 ӨЗГЕРІСТЕР ЖАСАП, ҚҰДАЙДЫ “ЖАҚЫННАН ТАНЫП БІЛЕ АЛАТЫН ЖҮРЕКТІ” САҚТА

17. Қалайша Ехобадан қорыққанымыз жүрегімізде өзгерістер жасауға көмектеседі?

17 Жүрегіңді тексергенде сен оның Ехобаның басшылығына бірден мойынсұнбайтынын, яғни қандай да бір шамада “сүндеттелмегенін” байқауың мүмкін. Бәлкім, жүрегіңде адам алдындағы қорқыныш, атақ-даңқ пен байлықты аңсау, тіпті қасарысуға бейімділік не тәуелсіздікке деген ұмтылыс бар шығар. Олай болса, басқалардың да мұндай нәрселермен күрескені есіңде болсын (Ерм. 7:24; 11:8). Еремия өз заманындағы опасыз яһудилердің “жүректері қасарысқан әрі бүлікшіл” екенін жазған. Сосын ол былай деп қосты: “Халық шын жүректен өзара: — Құдай Иеміз бізге күзгі де, көктемгі де жаңбырларын мезгілінде жауғызады, жыл сайын белгілі мерзімде өнім сыйлайды, Оны терең қастерлейікші!— десіп келмейді” (Ерм. 5:23, 24). Бұдан шығатын қорытынды мынадай: “жүректі сүндеттеудің” бірден-бір жолы — Ехобаны тереңірек қастерлеуді үйреніп, оған деген ризашылығымызды арттыру. Осындай орынды қорқынышымыз болса, жүрегімізде өзгерістер жасау және Ехобаның көңілінен шығу оңай болады.

18. Ехоба өзімен жаңа келісімге тұрғандарға қандай уәде берді?

18 Ехоба бізге оны “жақыннан танып біле алатын жүрек сыйлап” жатқанда, біз онымен қызметтесе аламыз. Ол өзімен жаңа келісімге тұрған майланғандарға осыны былай деп уәде етті: “Мен өз тәлімімді олардың ақыл-саналарына дарытамын әрі жүректеріне “жазып” та қоямын. Мен олардың Құдайы, ал олар Менің халқым болады”. Ал Құдай өзін жақыннан тануға қатысты не деді? Ол былай деп қосты: “Сонда ешкімге замандасы мен ағайынына: “Жаратқан Иені жақыннан танып біл!” деп үйретудің қажеті болмайды. Өйткені үлкенді-кішілі барлығы да Мені жақыннан танып білетін болады. Себебі Мен олардың әділетсіз істерін рақымшылықпен кешіріп, жасаған күнәларын бұдан былай есіме алмаймын” (Ерм. 31:31—34) *.

19. Шынайы мәсіхшілердің қандай керемет үміті бар?

19 Жаңа келісімнің игілігін көкте не жерде мәңгі көруге үміттенсең, Ехобамен тығыз қарым-қатынасты сақтауға және Құдай халқының мүшесі болып қала беруге деген шын ықыласың болу керек. Мәңгі игіліктерге ие болу үшін күнәларымыз Мәсіх берген төлемнің негізінде кешірілу керек. Кешірімге ие бола алатыныңды білгенің өзгелерді, тіпті қатты өкпелеткен адамдарды кешіруге талпындыруы тиіс. Біз жүрегімізді кез келген ыза мен жеккөрініштен тазартуға бар күшімізді салуымыз керек. Осылайша Ехобаға қызмет еткіміз келетінін ғана емес, оны жақынырақ білгіміз келетінін де көрсетеміз. Сонда Ехобаның келесідей сөздері бізге де қатысты болады: “Егер де Маған шын жүректен бет бұрып сиынып Мені іздесеңдер, табасыңдар. Сонда Мен сендерге Өзімді тапқызамын!” (Ерм. 29:13, 14).

^ абзац 18 Жаңа келісім “Күзет мұнарасының” 2012 жылдың 15 қаңтардағы санының 26—30 беттерінде талқыланған.