Құпиялық параметрлері

To provide you with the best possible experience, we use cookies and similar technologies. Some cookies are necessary to make our website work and cannot be refused. You can accept or decline the use of additional cookies, which we use only to improve your experience. None of this data will ever be sold or used for marketing. To learn more, read the Global Policy on Use of Cookies and Similar Technologies. You can customize your settings at any time by going to Privacy Settings.

Патшаның күзетші жасағына куәлік ету

Патшаның күзетші жасағына куәлік ету

Біздің заманымыздың 59 жылы. Жүзбасы Юли мен оның шаршап-шалдыққан сарбаздары бір топ тұтқынды Римге әкеле жатты. Олар қалаға Порта Капина қақпасы арқылы кірді. Палатин төбесінен император Неронның сарайы көрініп тұр. Бұл сарайды семсерлерін киімдерінің ішіне тығып тұратын патшаның күзетші жасағы (преториан гвардиясы) күзететін *. Тұтқындар Рим форумының, яғни алаңының, қасынан өтіп, Виминал төбесіне көтерілді. Олар Рим құдайларына арнап көптеген құрбандық орны тұрғызылған бақтың, сосын шерулер мен әскери дайындықтар өтетін үлкен алаңның жанынан өтті.

Б. з. 51 жылы соғылған Клауди аркасындағы патшаның күзетші сарбаздарының бедері

Сол тұтқындардың арасында елші Пауыл да бар еді. Осыдан бірнеше ай бұрын, ол мінген кеме дауылға ұшырағанда, Құдайдың періштесі оған: “Сен императордың алдында тұруың қажет”,— деген болатын (Ел. іс. 27:24). Бұл сөздер қалайша орындалмақ еді? Пауыл қалаға көз тастағанда, Иерусалимдегі Антония мұнарасында Исаның өзіне айтқан мына сөздері есіне түссе керек: “Батыл бол! Иерусалимде мен туралы түбегейлі куәлік еткеніңдей, Римде де куәлік етуге тиіссің” (Ел. іс. 23:10, 11).

Сірә, Пауыл Кастра претория деп аталған патшаның күзетші жасағы орналасқан лагерьге көз тіккен болса керек. Бұл қызыл кірпіштен тұрғызылған биік дуалы мен мұнаралары бар үлкен бекініс  болатын. Онда 12 когорта * және атты әскерлерді қоса алғанда, полиция қызметін атқаратын бірнеше мың басқа да сарбаздар тұратын. Бұл ғимарат жұртқа императордың қаншалықты мықты екенін көрсететін. Патшаның күзетші жасағы Рим империясының басқа да аймақтарындағы тұтқындарға жауапты еді. Сондықтан да патшаның күзетші жасағының жүзбасы Юли әлгі тұтқындарды Римдегі басты төрт қақпаның бірі арқылы қалаға алып кірді. Осылайша бірнеше айға созылған ауыр жолдан соң, тұтқындар Римге келіп жетті (Ел. іс. 27:1—3, 43, 44).

ПАУЫЛ “ЕШ БӨГЕТСІЗ” УАҒЫЗДАДЫ

Римге бара жатқан жолда керемет жайттар орын алған болатын. Теңіздегі сұрапыл дауыл кезінде Құдай Пауылға кеменің қирап, бірақ бәрі аман қалатынын алдын ала айтқан еді. Пауылды улы жылан шағып алады, бірақ оған еш зақым келмейді. Сосын ол Мальта аралындағы ауруларды сауықтырады. Мұны көргенде, жергілікті тұрғындар оны құдай дей бастайды. Осы оқиғалар жайлы әңгімелер патшаның ырымшыл күзетшілерінің арасында да тараған болса керек.

Пауыл римдік бауырластарды осыған дейін кездестірген болатын. Олар “Үш қонақүй мен Аппи базарына дейін келіп”, оны қарсы алған еді (Ел. іс. 28:15). Пауылдың Римде де уағыз ісін жалғастыруға деген ықыласы зор болды. Бірақ тұтқындағы ол мұны қалай жүзеге асырмақ? (Рим. 1:14, 15). Кейбіреулердің айтуынша, тұтқындар алдымен күзетші жасағының басшысына апарылатын. Бұл шынымен солай болса, Пауыл патшаның күзетші жасағының басшысы Афраниус Бурустың алдына апарылса керек. Афраниус императордан кейінгі екінші адам болғанға ұқсайды *. Қалай болған күнде де, Пауылды жүзбасы емес, патшаның күзет жасағындағы қарапайым сарбаздардың бірі күзетті. Пауылға үй жалдауға және келушілерді қабылдап, оларға уағыздауға рұқсат етілді (Ел. іс. 28:16, 30, 31).

“ҰЛЫҚТАРҒА ДА, КІШІКТЕРГЕ ДЕ” КУӘЛІК ЕТТІ

Кастра претория қабырғаларының бүгіндегі көрінісі

Бурус Пауылды Неронның алдына апармас бұрын, сарайда не патшаның күзетші жасағының лагерінде тергеген болса керек. Пауыл “ұлықтарға да, кішіктерге де куәлік ету” мүмкіндігін қалт жібермей, жоғары билік иесіне уағыздады (Ел. іс. 26:19—23). Біз Бурустың Пауылды кінәлі не кінәсіз деп тапқанын білмейміз,  алайда бір білетініміз, ол елшіні патшаның күзетші жасағының түрмесіне жібермеген *.

Пауылдың тұрып жатқан жері айтарлықтай үлкен болғанға ұқсайды. Ол “яһуди жетекшілері” мен басқа да көптеген адамдарды қабылдап, оларға куәлік берді. Патшаның күзетші жасағындағы сарбаздар да куәлік алды. Олар Пауылдың Иса жайлы және Патшалық туралы “ертеден кешке дейін түбегейлі куәлік бергенін” естіді (Ел. іс. 28:17, 23).

Пауыл тұтқында болғанда, сарбаздар оның хат жаздыртқанын естіп тұрды

Сарайды күзететін патша жасағындағы сарбаздар тобы сегіз сағат сайын ауысып тұратын. Демек, Пауылды әр күні әртүрлі сарбаз күзеткен болса керек. Нәтижесінде көптеген күзетшілер куәлік алды. Олар Пауылдың ефестіктерге, філіпіліктерге, қолостықтар мен еврей мәсіхшілерге қалай хат жаздыртқанын естіді. Сондай-ақ олар Пауылдың Філімон есімді мәсіхшіге өз қолымен хат жазғанын көрді. Түрмеде болғанында, Пауыл қожайынынан қашып кеткен Онисым деген құлға көмектескен еді. “Баласындай болған” Онисымды  ол кейін қожайынына қайтарады (Флм. 10). Пауыл өзін күзетіп тұрған сарбаздарға да көңіл бөлгені шүбәсіз (Қор. 1-х. 9:22). Мысалы, ол күзетшіден асынған қару-жарағының әрқайсысы неге арналғанын сұрастырса керек. Сосын білгендерін керемет көрнекі мысал ретінде қолданған (Ефес. 6:13—17).

“ҚҰДАЙ СӨЗІН АЙТУҒА ҚОРЫҚПА”

Патшаның күзетші жасағындағылар бүкіл Рим империясындағы адамдармен, соның ішінде императормен және оның отбасындағылармен, қызметшілері және құлдарымен де, қарым-қатынаста болған. Сондықтан олар да ізгі хабарды естіп, кейбірі тіпті мәсіхші болды (Філіп. 1:12, 13; 4:22). Пауылдың үлгісі Римдегі бауырластарды “Құдай сөзін айтуға қорықпауға” талпындырды (Філіп. 1:14).

Жағдайымыз қандай болмасын, әртүрлі қызмет көрсетушілерге уағыздай аламыз

Пауылдың үлгісі бізді де “Құдай сөзін, уақыт қолайлы не қиын болсын, уағыздауға” талпындырады (Тім. 2-х. 4:2). Бәлкім, ауруханада, қарттар үйінде яки сеніміміз үшін түрмеде жатқан шығармыз. Жағдайымыз қандай болмасын, біз уағыздай аламыз. Мысалы, бізді қарап жатқан медицина қызметкерлеріне не басқа да қызмет көрсетушілерге куәлік берсек болады. Әр мүмкіндікті қалт жібермей батылдықпен уағыздасақ, еш нәрсе “Құдай сөзін бұғаулай” алмайтынына көзіміз жетеді (Тім. 2-х. 2:8, 9).

^ абзац 2 14-беттегі “Неронның күніндегі патшаның күзетші жасағы” атты қоршауды қара.

^ абзац 4 Рим когортасы сарбаздар саны 1000-ға дейін жететін әскери топ болған.

^ абзац 7 16-беттегі “Сикстус Афраниус Бурус” деген қоршауды қара.

^ абзац 9 Патшаның күзетші жасағының түрмесіне Ирод Агриппа жабылған болатын. Оны б. з. 36—37 жылдары император Тиберий келесі император Калигула болады деп айтқаны үшін осы түрмеге отырғызған еді. Калигула император болған соң, Иродқа сый-сияпат көрсетіп, Яһудеяның патшасы етті (Ел. іс. 12:1).