Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП

Көп іске көміліп жүрсіз бе?

Көп іске көміліп жүрсіз бе?

Жұмысыңыз бастан асып, мұрныңыздан шаншылып жүрсіз бе? Олай болса, сіз жалғыз емессіз. “Экономист” деген британ журналы: “Қайда қарасаң да, кімге қарасаң да — бәрі уақыт тапшылығын көруде”,— деп жазады.

2015 жылы сегіз елде жүргізілген сауалнама нәтижесі бойынша, толық уақыт жұмыс істейтіндердің көбісіне жұмыс пен отбасы өмірін қатар алып жүрудің өте қиын екені мәлім болды. Бұған жұмыс пен үйде көп міндеттің артылуы, шығындардың көбеюі, жұмыс уақытының ұзаруы себеп болып отыр. АҚШ-та толық күн жұмыс істейтіндердің апталық қалыпты жұмыс уақыты 47 сағатты құрайды екен. Ал жұмысшылардың шамамен бесеуінің бірі аптасына 60 не одан да көп сағат істейтін болып шықты!

36 елде жүргізілген басқа бір сауалнамадан келесідей нәрсе белгілі болды: қатысушылардың 25%-ы тіпті демалыс кезінде де жұмыстағыдай асығып-аптығып жүрген! Мектепте бір үйірмеден екіншісіне жүгіріп жүретін балалар да осындай күй кешеді екен.

Аз уақытқа көп істі сыйғызу бізді әбден әбігерге салуы мүмкін. Олай болса, етегімізге сүрінбей, байыптылық сақтап өмір сүру үшін не істеуге болады? Бұған қол жеткізуде ұстанымдарымыз, шешімдеріміз бен мақсаттарымыздың әсері қандай? Бұл сұрақтарға жауап алмас бұрын, алдымен адамдардың неліктен қолдары босамай кеткенінің төрт себебіне тоқталайық.

1 БАРЫНША ОТБАСЫНЫҢ ЖАҒДАЙЫН ЖАСАУҒА ТЫРЫСУ

Гарри есімді бір отағасы былай деп ой бөлісті: “Бала-шағам ештеңеден құр қалмасын деп аптасына жеті күн жұмыс істедім. Өзім көрмегенді солар көрсін, өзім жемегенді солар жесін дедім”. Қанша жерден ниеттері жақсы болса да, ата-аналардың отбасы үшін ненің маңыздырақ екенін анықтап алғандары жөн. Зерттеулер көрсеткендей, барға шүкіршілік ететін жанұяларға қарағанда, ақша мен дүние-мүлікке көп басымдық беретін ата-аналар мен балалардың аз қуанып, өмірге көңілдері толмайтындары және денсаулықтары да мәз емес екені байқалған.

Дүние-мүлікке көп мән беретін отбасыларда балалар өздерін бақытты сезіне бермейді

Келешектері жарқын болсын деп кей ата-ана өздеріне де, балаларына да түрлі міндеттер жүктеп қояды. Ал нәтижесінде екі жақ та ұршықша үйіріліп, қатты қажиды.

2 КӨПТІК ЕТПЕЙДІ ДЕП ЖИЯ БЕРУ

Жарнама жасаушылар жаңа өнімдерін сатып алмасақ, көп нәрседен құр қалып қоятынымызға сендіруге тырысып бағады. “Тауарлардың үйіліп-төгіліп келуі онсыз да жетпей жатқан уақытты ұрлауда. Тұтынушылар аз уақыттың ішінде не сатып алатындарын, не көріп, не жейтіндерін таңдап әлек болып жатады”,— дейді “Экономист” журналы.

1930 жылы бір беделді экономист технологияның дамуы уақытты үнемдеуге көмектесіп, жұмысшылардың бос уақыттары көбейеді деп болжады. Оның қатты жаңылысқанын бүгінгі күні көріп отырмыз. “Нью-Йоркер” журналының қызметкері Елизабет Колберттің айтуынша, жұмысшылардың уақытты үнемдеп жатқандары шамалы. Қайта, олардың алғысы келетін жаңа өнімдері табылады да тұрады. Ал бұл айналып келіп қаржы мен уақытқа тіреледі.

3 БАСҚАЛАРДЫҢ КӨҢІЛІНЕН ШЫҒУҒА ТЫРЫСУ

Кей қызметкерлер бастықтарына жақпай қалудан қорқып, ертеден қара кешке дейін жұмыс істейді. Кейде әріптестері қысым жасағандықтан, олар жұмыста ұзаққа қалмағандары үшін өздерін кінәлі сезінуі мүмкін. Бұған қоса, дүниедегі әлеуметтік тұрақсыздық та адамды жұмыста ұзаққа қалуға, телефон шыр етсе жұмысқа тұра жүгіруге итермелейді.

Кейбір ата-аналарға басқа отбасылардың қызу қарқынды өмірлері әсер етуі мүмкін. Кейін “балаларымыз кемдік көріп жүр-ау” деп жандарын жегідей жемес үшін де, олар әлгі отбасыларға еліктей бастайды.

4 ЖЕТІСТІК ПЕН ШЕН-ДӘРЕЖЕГЕ ҰМТЫЛУ

АҚШ-та тұратын Тим былай дейді: “Жұмысымды жақсы көретінмін. Қабілетім бар екенін дәлелдемек болып, бас алмай жұмыс істедім”.

Тим сияқты көп адам жұмысбасты болуды жетістік деп санайды. Бұндай ой қалып неге әкеледі? Жоғарыда сөздері келтірілген Елизабет Колберт былай дейді: “Қол тимеушілік беделді бір кәсіпке айналды. Қолың босамай жүрсе, абыройлы көрінесің”.

БАЙЫППЕН ҚАРАУДЫ ҮЙРЕНІҢІЗ

Киелі кітап ынтамен еңбек етуге баулиды (Нақыл сөздер 13:4). Сөйте тұра байыпты болуға да шақырады. “Тынымсыз еңбектеніп, желдің соңынан қуғанша, азырақ тынығып алған артық” (Уағыздаушы 4:6).

Байыппен өмір сүргеніміз денсаулығымызға және эмоциялық күйімізге пайдалы. Жұмыс уақытын қысқартып, тыныш өмір сүру мүмкін бе? Иә. Осыған қатысты төрт кеңесті қарастырып көрейік.

1 ҚҰНДЫЛЫҚТАР МЕН МАҚСАТТАРДЫ АНЫҚТАУ

Қаржының адамға тірек екені рас. Бірақ алаңсыз өмір сүру үшін қанша табу керек? Нағыз табыс деген не? Ол тек айлықпен не дүние - мүлікпен өлшене ме? Мына жайтты да ескерген жөн: көп демалып, көп көңіл көтеру де уақытымызды жеуі мүмкін.

Тим былай деп ой бөлісті: “Әйелім екеуміз өмір салтымыз туралы жақсылап ойланып, қарапайым өмір кешуді шештік. Біз қазіргі жағдайымыз бен болашақ мақсаттарымызды көрсететін кесте құрдық. Бұрын қабылдаған шешімдеріміздің салдарын және мақсатымызға қалай жететінімізді қарастырдық”.

2 КӨЗ ҚАЛАУЫН ЖҮГЕНДЕУ

Киелі кітапта көздің қалауын жүгендеу керектігі айтылған (Жоханның 1-хаты 2:15—17). Ал жарнамалар болса бұл қалауымызды өршітіп, бұрынғыдан да көп жұмыс істеуге немесе қымбат тұратын демалыс түрлеріне жиірек баруға итермелеуі мүмкін. Әрине, қайда қарасаң да көз шалынатын жарнамалардан қашып құтылу мүмкін емес шығар. Бірақ оның әсеріне берілу-берілмеу өз қолыңызда. Қалауыңызды тізгіндей отырып, өзіңізге шынымен не қажет екенін анықтап алыңыз.

Араласатын адамдарыңыздың да ықпалы зор болуы мүмкін. Олар бақ-дәулет қуып, дүние-мүлікті бақыттың көзі деп білсе, бұдан да маңызды жайттарға көз тігетін достар тапқан дұрыс болар. “Данамен жүрген дана болар”,— дейді Киелі кітап (Нақыл сөздер 13:20).

3 ЖҰМЫС МЕЖЕСІН БЕЛГІЛЕУ

Бастығыңызға жолығып, жұмыстан басқа маңызды істеріңіздің бар екенін айтыңыз. Бос уақытыңызда жұмыстан байланыс үзгеніңіз үшін өзіңізді кінәлі сезінбеңіз. Бір кітапта былай деп жазылған: “Жұмыс пен үйдің межесін белгілеп, демалысқа шығып тұратындар мына бір шындықтың өзгермейтінін байқаған: сен жұмыста болмай қалсаң, дүние төңкеріліп кетпейді” (“Work to Live”).

Гарридің тұрмысы жақсы болғандықтан, жұмыс уақытын қысқартуды шешті. Ол былай дейді: “Отбасы болып алдымызға қарапайым өмір сүреміз деген мақсат қойып, оған қарай адымдай бастадық. Сосын бастығыма аптасына бірнеше күн ғана жұмыс істегім келетінін айттым. Ол келісе кетті”.

4 ҮЙ ІШІМЕН ӨТКІЗЕТІН УАҚЫТҚА БАСЫМДЫҚ БЕРУ

Жұбайлар бір-бірімен, ал балалар ата-аналарымен бірге уақыт өткізуге зәру. Сондықтан жұмысбасты отбасылардың жолына түсіп кетуден сақ болыңыз. Гарри: “Тынығуға арнайы уақыт бөліңіз, уақытты жейтін аса маңызы жоқ істерді ысырып қойыңыз”,— деп кеңес береді.

Отбасы болып бас қосқанда, теледидар, ұялы телефон сияқты құрылғыларға байланып, оқшау қалып қоймаңыз. Күніне кем дегенде бір мәрте барлығыңыз дастарқан басына жиналып, әңгіме-дүкен құрыңыздар. Бұл кеңес қарапайым көрінгенмен, оны ұстанған үйдің балалары бақыттың құшағында өсіп, мектепте де үлгерімі жақсы болады.

Отбасымен дастарқан басына жиналғанда, әңгіме-дүкен құрыңыздар

Соңында мына сұрақтар жайында ойланып көріңіз: “Өмірден не күтемін? Отбасым үшін не қалаймын?” Әлдеқайда бақытты әрі мағыналы өмір сүремін десеңіз, Киелі кітаптың даналығын арқау ете отырып, маңызды істерге өміріңіздің төрінен орын беріңіз.