Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жан саулығы

Жан саулығы

Киелі кітап жағымсыз эмоцияларға берілмей, жағымды сезімдерге бөленуге шақырады.

АШУ-ЫЗА

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ КЕҢЕСІ: “Білектіден гөрі ашуға баяу жан артық” (Нақыл сөздер 16:32).

БҰЛ СӨЗДЕРДІҢ МӘНІ: Сезімдеріміздің жетегінде кетпей, бағындыра білгеніміз өзімізге жақсы. Кейде келелі себеппен ашуымыз келетін шығар, десе де ауыздықсыз ашу бір пәлеге ұшыратуы мүмкін. Қазіргі мамандардың байқауынша, көп жағдайда адамдар ашу үстіндегі айтқан сөздері мен істеріне артынан өкініп қалады.

НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫЗ? Ашу сізді билеп алмай тұрғанда, сіз ашуды билеп алыңыз. Кейбіреулер қаһарына мінген адам күштілігін көрсетеді деп пайымдайды. Шындығына келгенде, бұл — әлсіздіктің белгісі. “Өз-өзіне ие бола алмайтын жан Ұқсайды қалаға қабырғасы қираған”,— дейді Киелі кітап (Нақыл сөздер 25:28). Ашудың жетегіне ермеудің бір жақсы жолы — алдымен жағдайдың анық-қанығына көз жеткізіп алу. Құдай Сөзіндегі “терең түсінік адамды ашуға баяу етер” деген сөздер дәл айтылған (Нақыл сөздер 19:11). Мәселенің мән-жайын жан-жақты таразылап алсақ, жағдайға түсінікпен қарап, ашуымыз басылады.

РИЗАШЫЛ БОЛЫҢЫЗ

КИЕЛІ КІТАПТЫҢ КЕҢЕСІ: “Әрдайым алғыс білдіріңдер” (Қолостықтарға 3:15).

БҰЛ СӨЗДЕРДІҢ МӘНІ: Ризашыл адамдар ғана бақытты болады деседі. Тіпті жанына қымбат адамынан не дүниесінен айырылған кісілер де осы сөздерге қосылады. Олардың айтуынша, жоқты жоқтай бермей, барды бағалағанының арқасында жан жарасы жеңілдеген.

НЕ ІСТЕЙ АЛАСЫЗ? Әр күні қандай нәрселер үшін риза екеніңізді ойлаңыз не тіпті жазып отырыңыз. Ол үшін көп нәрсенің қажеті жоқ. Мәселен, арайлап атқан таң, жаныңызға жақын адаммен жарасқан әңгіме, тіпті тағы бір күнге аман-есен жеткеніңіз жайлы ойланыңыз. Өміріміздегі осындай жағымды жайттарды байқап, ризашылық сезінсек, көңіліміз жадырай түспек.

Достарыңыз бен отбасыңызға не үшін риза екеніңізді ойлап тұрғаныңыз да жан саулығына септігін тигізеді. Жаныңызда жүрген жақсыларға қандай қасиетін әсіресе бағалайтыныңызды айтыңыз. Хат-хабарламамен жазып жіберсеңіз де болады. Бұдан араларыңыз одан сайын жақындай түсіп, оларға жасаған ізгіліктен өзіңіздің де мәз боп қаларыңыз анық (Елшілердің істері 20:35).

КИЕЛІ КІТАПТАҒЫ ҚОСЫМША КЕҢЕСТЕР

Киелі кітаптың аудиожазбасын жүктеп алсаңыз болады. Олар jw.org сайтында 40-қа жуық тілде бар.

ҰРЫС-КЕРІСТЕН АУЛАҚ ЖҮРІҢІЗ

“Басталған ұрыс бөгетті бұзған тасқындай, Кетіп қал сол жерден жанжал басталмай” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 17:14).

БОЛАШАҚТЫ ОЙЛАП, АРТЫҚ УАЙЫМҒА САЛЫНБАҢЫЗ

“Ешқашан ертеңгі күнді ойлап уайымдамаңдар, өйткені ертеңгі күннің өз уайымы бар. Әр күннің қиыншылығы өзіне жеткілікті” (МАТАЙ 6:34).

СЕЗІМНІҢ ЖЕТЕГІНЕ ЕРМЕЙ, МӘН-ЖАЙДЫ ТАРАЗЫЛАП АЛЫҢЫЗ

“Саналылық сені аман сақтайды, Парықтылық сені қорғайды” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 2:11).