Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

СЕНІМІН СЕРІК ЕТКЕНДЕР | САРА

Құдай оны “Ханшайым” деп атады

Құдай оны “Ханшайым” деп атады

САРА істеп жатқан тірлігін біраз қоя тұрып, айналасына көз тастады. Оның қол астындағы қызметшілері жұмыстарына білек сыбана кіріскен. Сара да қарап отырмай, үй шаруасының бір шетін көтерісіп жүр. Оның жұмыстан талып кеткен қолын уқалап, терең ойға шомып отырған кезін елестетіп көріңізші. Бәлкім, ол баспаналары болып кеткен шатырдың жыртығын жамап отырған болар. Ешкі жүнінен тоқылған шатыр жылдар бойы күннің көзі мен жаңбырдың астында тұрып әбден тозған. Ол Сараның көшіп-қонған ұзақ жылдарын есіне салып тұрғандай. Лезде-ақ түс ауып, көкжиек қызғылт түске бояла бастады. Сара ертелетіп кеткен Ыбырайымның * жолына елеңдеп қарап қояды. Бір кезде қыр жақтан асыл жарының бейнесін көзі шалғанда, жүзіне бірден күлкі үйірілді.

Ыбырайым мен Сара осыдан он жыл бұрын Евфрат өзенінен өтіп, осы Қанахан жеріне жол тартқан болатын. Белгісіз жаққа бет алғанына қарамастан, ұзыннан-ұзақ осы сапарда Сара күйеуіне үлкен қолғабыс болды. Себебі ол Ехоба Құдайдың ерекше ұрпақ пен халық шығарамын деген мақсатында Ыбырайымның маңызды рөл атқаратынын білген. Ал Сара қандай рөл атқармақ? Құрсақ көтере алмайтын бедеу әрі жасы 75-ке келген ол: “Менің мынандай күйіммен Ехобаның Ыбырайымға берген уәдесі қалай орындалмақ?”— деп ойлаған шығар. Сара шыдамсыздыққа не уайымға бой алдырған болса, оны түсінуге болады.

Біз де Құдайдың берген уәделері қашан орындалады екен деп ойлап қоятын шығармыз. Әсіресе аса бағалы бір үміттің ақталуын күтіп жүрген болсақ, шыдамдылық таныту оңай бола бермейді. Бұл орайда сенімін серік еткен Сара кім-кім үшін де тамаша үлгі болып табылады.

“ЕХОБА МАҒАН БАЛА СҮЙГІЗБЕДІ”

Ыбырайым бүкіл үй ішімен жақында ғана Мысырдан оралған еді (Мұсаның 1-жазбасы 13:1—4). Ол қанахандықтар Лұз деп атайтын Бетел қаласының шығысындағы қыратты өңірге келіп қоныстанды. Осы қыраттардан Уәде етілген жердің бірталай аумағы көрінетін. Онда Қанахан еліне қарасты ауылдар, сонау шалғайдағы елдерге апаратын ирелең-ирелең жолдар жатты. Бірақ бұл көрініс Сараның туған қаласы Урға жетпейтін. 1900 шақырым қашықтықта Месопотамияда орналасқан бұл қала базарлары көп, өркендеп тұрған қала болатын. Сара сондағы қабырғасы берік, шатыры биік, ішінде ағып тұрған суы бар жайлы үйін, өрен-жаранын тастап, осы елге келді. Бізге Сара аунап-қунап өскен сол бір жылы да жайлы үйін аңсап, көзіне жас алып, шығыс жаққа жиі қараған болар деген ой келер. Бірақ Құдайға сенетін бұл әйелге мұндай әдет тән емес еді.

Елші Пауыл киелі рухтың жетелеуімен 2000 жылдай бұрын не деп жазғанына назар аударайық. Ол Сара мен Ыбырайымның сенімі жайлы: “Олар тастап кеткен жерлерін еске ала берсе, кері қайтудың амалын табар еді”,— деген (Еврейлерге 11:8, 11, 15). Екеуі де өткенді аңсап, артқа қарайлай бермеді. Әйтпесе, түбінде үйлеріне қайтып кетер еді. Ал Урға оралған жағдайда, Ехоба берген мәртебелі тапсырмадан құралақан қалар еді. Оның үстіне, берік сенімдерімен миллиондаған адамның жүрегіне терең із салып, кейінгі ұрпақтарының есінде қалмас та еді.

Сара артқа жалтақтамай, тек алға көз тікті. Ол көшіп-қонып жүрген уақыттары шатырды жинасып, мал-жанды көшірісіп, күйеуіне көмектесіп жүрді. Ол өмірдің ащы-тұщысына төзе білді. Бірде Ехоба Ыбырайымға берген уәдесін қайталап айтты да, бірақ Сара туралы әлі де сөз қозғамады (Мұсаның 1-жазбасы 13:14—17; 15:5—7).

Сараның көптен бері ойында жүрген бір жоспары бар еді. Бір күні ол бұл жайында Ыбырайымға айтуға бекініп: “Сөзіме құлақ түрші, Ехоба маған бала сүйгізбеді”,— деп сөзін бастады. Ол күйеуінен ұрпақ тарау үшін, одан өзінің қызметшісі Ажар деген қызбен жақындасуды өтінді. Осы кездегі Сараның жүзіндегі қуанышпен астарласқан мұңды елестете аласыз ба? Оның бұл ұсынысы бізге ерсі көрінер, бірақ сол заманда ер кісілер артынан тұяқ қалдыру мақсатымен тоқал немесе кәнизак алатын болған *. Сонда Сара Құдайдың Ыбырайымнан халық таратамын деген уәдесі осылай жүзеге асу керек деп ойлаған ба? Қалай болған күнде де, осы бір нәзік жанды әйел өзін құрбан етуге дайын болған. Ал Ыбырайым бұған не деді? Киелі кітаптан “Ыбырайым Сараның бұл сөзіне құлақ асты” деп оқимыз (Мұсаның 1-жазбасы 16:1—3).

Сараға осындай байламға келуге қозғау болған Құдай ма? Жоқ, Киелі кітапта бұлай жазылмаған. Оның бұл әрекеті нағыз пендешіліктен туған әрекет еді. Сара өзінің бала сүйе алмағаны Құдайдан деп ойлағандықтан, ол мәселенің өзге шешімін көре алмады. Оның қабылдаған осы шешімі оған көп қайғы-қасірет әкелмек еді. Бірақ осы жағдай Сараның өзімшілдіктен ада екенін аңғартады. Адамдар тек қара бастарын ойлайтын бұл әлемде Сараның мерейі күмбездей биік тұрған жоқ па?! Құдайдың ниеті мен мақсатын өз мүддемізден жоғары қоюға ықыласты болсақ, Сараның сенімін үлгі тұтқанымыз.

“ЖОҚ, СЕН КҮЛДІҢ”

Көп ұзамай Ажар бала көтерді. Ол Ыбырайымнан жүкті болғанына мақтанып, қожайыны Сараға менсінбей қарай бастады. Бұл бедеу Сараның жүрегіне қанжар болып қадалғанында сөз жоқ! Ыбырайымның рұқсат етуімен ол Ажарды қандай да бір жолмен жөнге салса керек. Сараның бұл әрекетіне Құдай да қарсы болмады. Айы-күні жетіп, Ажар дүниеге Ысмағұл деген ұл бала әкелді (Мұсаның 1-жазбасы 16:4—9, 16). Жылдар болса жылжып жатты. Сара 89-ға, ал Ыбырайым 99-ға келгенде, Ехоба оларға бір жүрекжарды жаңалық айтты.

Ехоба ұрпағыңды сансыз көп етемін деген Ыбырайымға берген уәдесін қайтадан қайталады. Сосын оның есімін Ыбырамнан Ыбырайымға өзгертті. Бұл жаңа есім “көптің атасы” деген мағынаны білдірді. Осы жолы Ехоба алғаш рет Сараның рөліне назар аударды. Оның Сарай деген бұрынғы атын (“сөз таластырушы” дегенді білдіруі мүмкін) өзгертіп, Сара деп атады. Бұл есімнің мағынасы қандай дерсіз?! “Ханшайым”! Оған неліктен мұндай есім таңдағанын Ехоба Ыбырайымға былай деп түсіндірді: “Мен оған батамды беріп, саған одан ұл сыйлаймын. Оны жарылқап, одан көп ұлт таратамын, сондай-ақ халықтардың патшаларын шығарамын” (Мұсаның 1-жазбасы 17:5, 15, 16).

Неткен ғажап, барлық халықтарға бата әкелетін ұрпақ Сараның ұлынан тарамақ! Құдай Сарадан туылатын баланың атын Ысқақ деп, яғни “күлкі” дегенді білдіретін ат қоюды бұйырды. Бұл жаңалықты естігенде, Ыбырайым жерге бас ұрып тағзым етіп, күлген болатын (Мұсаның 1-жазбасы 17:17). Ол әрі таңғалып, әрі қуанып тұрған еді (Римдіктерге 4:19, 20). Ал Сара ше, ол қандай күй кешті екен?

Осы жағдайдан кейін көп ұзамай Ыбырайымның шатырына үш кісі келді. Күннің аптап ыстығына қарамай, үйдің егде тартқан иелері жалма-жан қонақтарға қызмет ете жөнелді. Ыбырайым Сараға: “Тездетіп үш табақ жақсы ұннан қамыр илеп, күлше нан пісір”,— деді. Олардың заманында келген мейманды күту үшін көп жұмыс істелетін. Ыбырайым бар жұмысты әйелінің мойнына артып қоймай, өзі де жас бұқа сойып, ас-судың қамына кірісе кетті (Мұсаның 1-жазбасы 18:1—8). Ең қызығы, әлгі меймандар Ехобаның періштелері болып шықты! Кейіннен елші Пауыл өз хатында: “Қонақжайлылық танытуды ұмытпаңдар. Өйткені кейбіреулер өздері білмей, періштелерді қонақ еткен”,— деп жазғанда, осы оқиғаны ойда тұтса керек (Еврейлерге 13:2). Қонақтарға дастарқанын кең пейілмен жаятын Ыбырайым мен Сараға сіздің де еліктегіңіз келе ме?

Сара қонақ күтуді жақсы көрген

Періштелердің бірі Сарадан ұл бала туылатыны жайында Ыбырайымға қайтадан айтты. Мұны шатырда жүрген Сараның құлағы шалып қалды. Қарттыққа бой алдырған уақытта балалы болуды елестете алмаған ол: “Өзім де, қожайыным да қартайған шақта, осындай қуанышқа кенелер ме екенмін?!”— деп іштей күлді. Періште “Ехоба үшін мүмкін емес нәрсе бар ма?” деген сұрақ тастап, оның ойын түзеп қойды. Қорқып кеткен Сара: “Мен күлген жоқпын”,— деп өзін қорғаштап, адами мінез танытты. Сонда періште: “Жоқ, сен күлдің”,— деді (Мұсаның 1-жазбасы 18:9—15).

Сараның күлгеніне қарағанда, оның сенімі аз болған ба? Мүлдем олай емес. Киелі жазбаларда былай делінген: “Сенімі болғандықтан Сара да жасы келіп қалса да, құрсақ көтеріп, ұрпақ әкелу үшін күш алды. Себебі уәде берушіні өз сөзіне адал деп санады” (Еврейлерге 11:11). Сара Ехобаның қандай Құдай екенін және оның айтқан сөзі орындалмай қоймайтынын жақсы білетін. Осындай сенім қай-қайсысымызға да қажет емес пе?! Біз де Киелі кітаптың авторы — Құдайды жақсырақ тани түсуіміз қажет. Сонда Саранікіндей зор сенімге ие болудың қаншалықты маңызды екеніне көзіміз жетеді. Расында да, Ехоба берген сертіне адал. Ол аузынан шыққан әрбір сөзін орындайды. Оның істеріне кейде аң-таң болсақ, кейде сенер-сенбесімізді білмей күліп те алуымыз мүмкін.

“ОНЫҢ СӨЗІНЕ ҚҰЛАҚ АС”

Ехоба Сараны сенімі үшін сыйға бөледі

Жасы тоқсанды алқымдағанда, Сара отау тіккеннен бергі аңсаған арманына қол жеткізді. Ол басынан бір ғасырды өткерген сүйікті жарына маңдайы торсықтай ұл туып берді! Ыбырайым оны Құдай айтқандай “Күлкі”, яғни Ысқақ деп атады. Өзі қалжырап тұрса да, көзінен нұр төгіліп тұрған Сараның: “Құдай маған күлкі сыйлады, мұны естігендердің бәрі менімен бірге күлетін болады”,— деп жатқанын елестетіп көріңізші (Мұсаның 1-жазбасы 21:6). Ехобаның кереметімен келген бұл сыйға Сара өмірінің соңына дейін тәнті болып өтсе керек. Дегенмен мұның артында үлкен жауапкершілік те жатқан еді.

Ысқақ бес жасқа толғанда, оның емшектен шығарылғанына орай той өткізілді. Бірақ бұл мерекеге үй іші түгел қатыспады. Жазбаларда Сараның 19 жасар Ысмағұлдың кішкентай Ысқақты келеке-мазақ етіп жүргенін байқағаны айтылады. Бұл жай ойнап тиісу болмаса керек. Елші Пауыл Құдайдың жетелеуімен Ысмағұлдың бұл қылығын қудалау деп атаған. Сара ұлының амандығына үлкен қауіп төніп тұрғанын түсінді. Ол Ысқақтың іштен шыққан перзенті ғана емес, Ехобаның ниетінде негізгі рөл атқаратын адам екенін де білген. Содан ол бар батылдығын жинап, Ыбырайымға ойын тіке айтты. Сара одан Ажар мен оның ұлы Ысмағұлды үйден қуып жіберуін өтінді (Мұсаның 1-жазбасы 21:8—10; Ғалаттықтарға 4:22, 23, 29).

Ыбырайым бұған не деді? Киелі кітаптан: “Ұлына қатысты бұл сөзге Ыбырайымның көңілі түсіп кетті”,— деп оқимыз. Ол Ысмағұлды жақсы көргендіктен, әкелік сезімге бой алдырып, жағдайды дұрыс бағамдай алмады. Сол кезде бәрін анық көріп тұрған Ехоба іске араласты. Ол Ыбырайымға былай деді: “Сараның балаң мен күңің туралы айтқанына көңілің түспесін. Оның сөзіне құлақ ас, себебі саған уәде етілген ұрпақ Ысқақтан шығады”. Сосын Ехоба оған Ажар мен Ысмағұлға жар болатынын уәде етті. Ыбырайым Құдайдың айтқанына көнді (Мұсаның 1-жазбасы 21:11—14).

Сара Ыбырайымға жақсы жар бола білді. Ол күйеуінің құлағына жағатынды ғана айтатын әйел болған жоқ. Сара отбасына, отбасының болашағына әсер ететін мәселені байқағанда, күйеуіне бұл жайында ашық айта алды. Алайда ол отағасына тіке сөйлеп, сый-құрмет танытпады деуге бола ма? Жоқ. Қайта, өзі де отау құрған елші Петір Сараны барлық қыз-келіншектерге үлгі етіп, күйеуіне үлкен құрмет көрсеткеніне назар аударған (Қорынттықтарға 1-хат 9:5; Петірдің 1-хаты 3:5, 6). Егер Сара ештеңе айтпай, іштен тынып жүре бергенде, бұл жағдай Ыбырайымның өзіне де, бүкіл әулетіне де үлкен кесірін тигізер еді. Нағыз құрметтемегендік сонда болар еді! Бірақ отбасын сүйетін Сара айту керек нәрсені бүгіп қалмады.

Сараның болмысына тәнті болып, одан үлгі-өнеге алатын әйелдер көп. Олар әсіресе жұбайларымен ашық пікірлесіп, ойларын құрметпен жеткізуді үйренеді. Әйелдердің кейбірі Құдай Сараның кезіндегідей жағдайымызға тікелей араласып, мәселемізді шешіп берсе екен дейтін шығар. Десе де олар Сараның керемет сеніміне, сүйіспеншілігі мен шыдамдылығына көбірек мән береді.

Жаратушы Құдайдың өзі “Ханшайым” деп атап тұрса да, Сара кішіпейіл болып қала берді

Жаратушы Құдайдың өзі “Ханшайым” деп атап тұрса да, Сара кішіпейіл болып қала берді. Ол жұрттан құрмет-қошемет күтпеді. Сара 127 жасында дүниеден озғанда, Ыбырайымның жүрегі қарс айырылып қайғырғанында күмән жоқ * (Мұсаның 1-жазбасы 23:1, 2). Ол сүйікті “Ханшайымын” бар жүрегімен аңсап-сағынған. Ехоба Құдай да осы бір асыл жанды сағынады. Болашақта жұмақ орнаған жер бетінде Ехоба оны қайта тірілтеді. Сараны да, оның сенімінен үлгі алған әрбір жанды да жарқын болашақ күтіп тұр! (Жохан 5:28, 29).

^ 3-абзац Бұл ерлі-зайыпты Ыбырайым және Сара деп Құдай өзгерткен есімдермен танымал болғандықтан, мақалада осы есімдер қолданылды. Алайда олардың бұрынғы аттары — Ыбырам және Сарай.

^ 10-абзац Ехоба бір кездері көп әйел мен кәнизак алуға жол берді. Бірақ кейінірек о баста Едем бағында бекітілген заңдылықты, яғни бір ғана әйел алуды Иса Мәсіх арқылы қайта қалпына келтірді (Мұсаның 1-жазбасы 2:24; Матай 19:3—9).

^ 25-абзац Сара — Киелі кітапта қанша жаста қайтыс болғаны айтылған жалғыз әйел.