Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Жан саулығын сезінбей жүргендерге көмек беріңіз

Жан саулығын сезінбей жүргендерге көмек беріңіз

КИЕЛІ ЖАЗБАЛАРДЫҢ АЙТАРЫ: “Нағыз дос әрқашан жақсы көрер, Ол — бауырың қиын шақта арқа сүйер” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 17:17).

Сөздердің мәні

Қандай да бір досымыз психикалық ауруға шалдықса, оған қалай көмектесерімізді білмей дал болатын шығармыз. Бірақ соған қарамай, оған өз ауруымен күресуге қол ұшын берсеңіз, оны қаншалықты жақсы көретініңізді көрсетесіз. Ендеше, досыңыз үшін не істей аласыз?

Пайдасы

“Әркім тыңдауға жүйрік... болсын” (ЖАҚЫП 1:19).

Досыңызға көмектесудің ең бір күшті жолы — оны жақсылап тыңдау. Оның әрбір сөзіне, әрбір сұрағына жауап беруім керек деп ойламаңыз. Оны мұқият тыңдап отырғаныңызды, оны жақсы көретініңізді білдіріп отырыңыз. Оны бірден сынап, соттамай, қайта, түсінікпен қарауға тырысыңыз. Мынаны да ұмытпаңыз: кейде досыңыз айтқысы келмеген нәрсені айтып, ал кейін соған өкінуі мүмкін (Әйүп 6:2, 3).

“Жаны күйзеліп жүргендерді жұбатыңдар” (САЛОНИКАЛЫҚТАРҒА 1-ХАТ 5:14).

Сіздің досыңыз уайымға салынып немесе түк пайдасы жоқтай сезінуі мүмкін. Ондайда досыңызға нақты не айтарыңызды білмей тұрсаңыз, оны жақсы көретініңізді, сіз үшін қымбат екенін айтыңыз.

“Нағыз дос әрқашан жақсы көрер” (НАҚЫЛ СӨЗДЕР 17:17).

Досыңызға көмегіңізді ұсыныңыз. Оған не керек екенін сіз дәл таппауыңыз мүмкін, сондықтан өзінен сұраңыз. Досыңыз не керек екенін айта алмай қиналып жатса, оған бірге істеуге болатын нәрсені ұсыныңыз. Мысалы, бірге серуендеп келуді, я болмаса дүкенге барып келуді, үйін жинап беруді айтып көріңіз, я басқа істе жәрдем беріңіз (Ғалаттықтарға 6:2).

“Төзімді болыңдар” (САЛОНИКАЛЫҚТАРҒА 1-ХАТ 5:14).

Досыңыздың сөйлескісі келмейтін кезі де болады. Ондайда оған “сөйлескің келсе, мен әрдайым дайынмын” деп айтып қойыңыз. Ауруының кесірінен ол сөзімен я ісімен сіздің көңіліңізге тиіп кетуі мүмкін. Екеуіңіз бір нәрсені істейміз деп жоспарлаған болсаңыз, ол аяқ-астынан айнып қалуы мүмкін. Ал кейде ашушаң болатын шығар. Досыңызға көмектесіп жүргенде, төзімді болыңыз және түсінігіңіз мол болсын (Нақыл сөздер 18:24).

Сүйенерлік сүйеуші болыңыз

”Мен әрдайым құрбымның қасынан табылғым келеді. Әрине, мен оның қиындығын шешіп бере алмаймын. Бірақ оны мұқият тыңдау қолымнан келеді. Өйткені кейде оған бар керегі — ішіндегісін ақтарып, айтып алу” (Фарра a, досы мазасыздыққа және депрессияға шалдыққан. Соның кесірінен тәбеті қашады).

“Менің бір досым сондай мейірімді әрі ақжарқын. Дәмді тамақ дайындаса болды, мені қонаққа шақырады. Өзі мені жақсы көріп тұрады. Сондықтан мен оған сезімдерімді бүкпей айтып бере аламын. Сөйтіп, бір жеңілдеп қаламын” (Ха Ын, клиникалық депрессиямен ауырады).

“Менің түсінгенім — мол шыдамдылық керек екен. Әйелім көңілімді түсірген кезде, мен өзіме былай деп айтып отырамын: “Шын мәнінде әйелім ондай емес, ауруының кесірінен ол солай істеп отыр”. Осыны түсінгендіктен, мен ашуланбаймын және әйеліме көбірек мейірімділік танытамын” (Джейкоб, әйелі клиникалық депрессиямен ауырады).

“Менің әйелім — өте керемет жан. Ол мені үнемі қолдайды, жанымды емдейді. Қатты үрей еңсемді басқанда, ол ешқашан істегім келмейтін нәрсені қинап істетпейді. Өзі соны істегісі кеп тұрса да, содан бас тарта салады. Оның сондай жанқиярлығы мен жомарттығын сөзбен айтып жеткізу мүмкін емес” (Энрико, мазасыздық дертіне шалдыққан).

a Кейбір есімдер өзгертілген.