Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

ӨМІРБАЯН

“Қазір қызметті өте сүйемін!”

“Қазір қызметті өте сүйемін!”

МЕН Жаңа Зеландияның оңтүстік аралындағы Балклута қаласында туып өстім. Кішкентай кезімде Ехобаны және шындықты қатты жақсы көретінмін. Мен қауым кездесулеріне қуана-қуана баратынмын. Өйткені ол жер маған ыстық ұядай еді. Мен ұялшақ болсам да, апта сайын қызмет етуді жақсы көретін едім. Мектептегі сыныптастарыма және басқаларға қорықпай уағыздайтынмын. Мен Ехоба куәгері болғанымды мақтан тұтатынмын. Сөйтіп, 11 жасымда өмірімді Ехобаға бағыштадым.

ҚЫЗМЕТІМНІҢ ҚЫЗЫҒЫ КЕТТІ

Өкінішке қарай, жасөспірім шағымда Ехобамен қарым-қатынасым суына бастады. Сыныптастарым не істеймін десе де өздері біліп, оларды ешкім шектемейтіндей көрінді. Мен сол бостандықтан құр қалып жатқандай сезіндім. Ата-анамның орнатқан ережелері, мәсіхшілерге қойылатын талаптар мен рухани істердің бәрі мен үшін бір ауыртпалық болып кетті. Ехобаның бар екеніне ешқашан күмәнданған емеспін, бірақ сонда да одан алыстай бердім.

Мен уағызға мүлдем шықпай қойдым деп айта алмаймын, бірақ шықсам да тиіп-қашып шығатынмын. Қызметке ешқашан дайындалмайтынмын, сондықтан біреумен әңгіме бастау не оны жалғастыру мен үшін қиынның-қиыны болып кетті. Осылай уағызымның еш нәтижесі болмағандықтан, қызметімнің қызығы кетті. “Осы істі адам қалай апталап, жылдап атқарады екен” деп ойлай бастадым.

17 жасқа толғанымда еркін өмірге деген аңсарым қатты күшейді. Сөйтіп, киім-кешегімді жинадым да, Австралияға көшіп кеттім. Ата-анам бұл шешімімді өте ауыр қабылдады. Олар мені қатты уайымдады, бірақ Ехобаны тастамайды деп үміттенді.

Австралияда рухани күйім одан сайын күйрей бастады. Қауымға баруым да сиреді. Қауымда өзім сияқты жастарды тауып алып, бір күні жиналыста болсақ, екінші күні түнгі клубтарда ішіп, билеп жүретінбіз. Қазір ойлап қарасам, екі кеменің басын ұстап шындықта да, осы әлемде де жүргім келіпті. Бірақ екеуінде де өз орнымды таба алмадым.

ӨМІРІМДЕ ӨШПЕС ІЗ ҚАЛДЫРҒАН ЖАН

Екі жылдан кейін Тамара деген әйел бауырласпен таныстым. Ол өзі байқамай мені өмірім жайлы ойландырып тастады. Біз бір үйде бес қыз бауырлас болып тұратынбыз. Бірде аудандық бақылаушыны үйімізде бір апта бойы қонақ еттік. Тамара соның әйелі еді. Күйеуі қауымның істерімен кеткенде, Тамара бізбен бірге қалып, бізбен бірге ойнап-күлетін. Маған бұл қатты ұнады. Ол өте байқампаз еді. Онымен сөйлесу өте жеңіл болатын. Өзі сондай рухани адам болса да, оның көңілді, қалжыңдай білетін жан екенін көріп таңғалдым.

Тамараның құлшынысы асып-таситын. Оның шындыққа және қызметке деген сүйіспеншілігі адамға жұқпай қоймайтын. Ехобаға бар жақсысын бергендіктен ол бал-бұл жайнап жүретін, ал мен Ехобаға барымды бермегендіктен бақытсыз едім. Оның жақсы көзқарасы мен шынайы қуанышы менің өмірімде өшпес із қалдырды. Оның үлгісіне қарап, мен Киелі кітаптағы бір маңызды шындықты түсіндім: Ехоба бәріміздің оған шаттанып, “қуана қызмет еткенімізді” қалайды (Зәб. 100:2).

ҚАЙТА ЖАНҒАН ҚЫЗМЕТІМ

Мен де Тамара сияқты қуанышты болсам екен дедім. Бірақ бұл үшін маған біраз өзгерістер жасау керек еді. Бірден өзгере қойдым демеймін, бірақ жайлап-жайлап қадамдар жасай бастадым. Қызметке дайындалып шығатын болдым, ара-тұра қосалқы ізашарлық алып тұрдым. Сондықтан уағызда бұрынғыдай қатты қобалжымай, сенімділік пайда болды. Қызметте Киелі кітапты көбірек оқып берген сайын, өз-өзіме көңілім толып, қанағат сезіндім. Содан ай сайын қосалқы ізашар болып қызмет ете бастадым.

Мен Ехобаға жан сала қуанышпен қызмет етіп жүрген әртүрлі жастағы бауырластармен достаса бастадым. Олардың үлгісі маған өмірде ненің маңызды екенін анықтауға және жақсы рухани кестені ұстануға көмектесті. Қызметте қуанышым да еселене түсті. Сөйтіп, тұрақты ізашарлықты алдым. Ұзақ жылдан бері бірінші рет қауым мен үшін қайтадан ыстық ұядай болып, өзімді бақытты сезіндім.

ӨМІРДЕГІ ӘРІ ҚЫЗМЕТТЕГІ СЕРІГІМ

Бір жылдан соң Алекс деген өте мейірімді, ақкөңіл адамды кездестірдім. Ол Ехобаны және уағызды қатты жақсы көретін. Сол кезде Алекс қауымда қызмет көмекшісі еді және ізашар болып қызмет етіп жатқанына алты жыл болған. Біраз уақыт ол қажеттілік болғандықтан Малавиде қызмет еткен екен. Сол жақтағы миссионерлерден көп үйреніпті. Оны Патшалықты басты орынға қоюға талпындырған да солар.

Біз 2003 жылы үйлендік. Сол уақыттан бері бірге толық уақытты қызмет етіп келеміз. Екеуміздің өмірде үйренген құнды сабақтарымыз көп болды, әрі Ехобаның көл-көсір батасын көрдік.

ЕСЕЛЕНГЕН БАТАЛАР

Глену қаласындағы уағыз, Шығыс Тимор

2009 жылы бізді Индонезия аралдарындағы Шығыс Тимор (не Тимор-Лесте) деген шағын елге миссионер етіп тағайындады. Мұны естігенде біз сан түрлі күй кештік: таңырқадық та, қуандық та, уайымдадық та. Содан 5 айдан соң, сол елдің астанасы Дилиге келдік.

Ол жерде бізге көп өзгеріс жасау керек болды. Жаңа мәдениетке, жаңа тіл, жаңа тамақ пен жаңа тұрмыс-тіршілікке үйрену керек болдық. Қызметте өте кедей, сауаты аз не мүлдем сауатсыз және әбден қаналған адамдарды жиі кездестіретінбіз. Сұм соғыс пен зорлық-зомбылық тәніне де, жанына да жара салған адамдар да көп еді *.

Бірақ ондағы қызметті айтсаңызшы! Мысалы, мен қызметте Мария * деген 13 жасар қызбен таныстым. Оның жүзі мұңлы көрінді. Анасынан бірнеше жыл бұрын айырылған екен. Әкесін де сирек көреді. Әдетте сол жаста жасөспірімдер өмірде бағыт-бағдар таппай жүреді ғой. Ол да соның бірі еді. Бірде ол маған жылап тұрып жан сырын ақтарды. Оның тілін білмегендіктен ол не айтып жатқанын түсінген жоқпын. Сонда Ехобаға бірден дұға етіп, оған жігер бере алайыншы деп сұрадым. Сөйттім де, Киелі кітаптан оны жұбататын тармақтар оқып бердім. Бірнеше жылдың ішінде Марияның сырт-келбетін, көзқарасы мен өмірін шындық қалай өзгерткеніне куә болдым. Ол шомылдыру рәсімінен өтті. Қазір өзі де басқаларға Киелі кітап жайлы үйретіп жүр. Бүгінде оның үлкен рухани отбасы бар. Олардың бәрі Марияны жақсы көреді.

Ехоба Шығыс Тимордағы уағыз ісін молынан жарылқап жатыр. Соңғы он жылдың ішінде көптеген адам шомылдыру рәсімінен өтті. Аз уақыт өтсе де, олардың көбісі ізашар, қызмет көмекшісі не ақсақал болып қызмет етуде. Ал өзгелері қашықтағы аударма кеңселерінде еңбек етіп, рухани асты жергілікті тілдерге аударуда. Олардың қауым кездесулерінде ән айтқандарын, рухани өскендері мен жайнаған жүздерін көру мен үшін үлкен бақыт еді!

Алекспен бірге қауымға тіркелмеген аймақта Еске алу кешіне шақыру қағазын тарату үшін бара жатырмыз

БҰДАН АРТЫҚ ӨМІР ЖОҚ

Шығыс Тимордағы өміріміз Австралиядағы өмірімізге қарағанда мүлдем өзгеше еді. Бірақ бұндай өмір бізге қатты ұнайтын. Кей кездері іші адамға лық толы кішкентай автобусқа мінетінбіз. Автобустың ішінде жолаушылармен қатар кепкен балық, үйіп-үйіп тасталған көкөністер де болатын. Ал кейде зерттеу сабағын іші қапырық, ыстық, тар үйде өткізуге тура келетін. Едені лас, жан-жағында тауықтар жүгіріп жүретін. Қиындығы қанша көп болса да, шіркін, осындай өмірге не жетсін деп жиі ойлайтынмын.

Уағызға бара жатқан жолда

Мен ата-анама шексіз ризамын. Олар мені шындық жолында тәрбиелеу үшін барын салды. Ехобамен достығым әлсіреген сол бір қиын кезде де олар маған көмектесті. Нақыл сөздер 22:6-дағы сөздердің ақиқат екеніне көзім жетті. Ата-анам Алекс екеумізді мақтаныш көреді. Ехоба бізді өз қызметінде қолданып жатқанына олар өте қуанышты. Біз 2016 жылдан бері Австралазия филиалына қарайтын аумақта аудандық бақылаушы болып қызмет етеміз.

Тиморлық балаларға Аян мен Маржанды көрсетіп тұрмыз

Кезінде уағыз ісін қалай ұнатпағанмын деп ойлаймын. Қазір қызметті өте сүйемін! Өмірдің күнгей де, көлеңкелі де жақтары болады. Бірақ бір түсінгенім — шын қуаныш бұған емес, Құдайға шын жүректен қызмет етумен байланысты. Алекс екеуміз бірге Ехобаға 18 жыл бойы қызмет етіп келе жатырмыз. Бұл — өмірімдегі ең бақытты жылдар. Зәбүр жыршысы Дәуіттің Ехобаға айтқан мына сөздері айдай ақиқат екеніне көзім жетті: “Ал сені пана еткендердің бәрі қуанады, Әрдайым шаттана ән салады... Есіміңді сүйетіндер өзіңді ойлап қуанады” (Зәб. 5:11).

Қойдай жуас адамдармен зерттегенге не жетсін!

^ 21-абзац 1975 жылдан бастап Шығыс Тиморда саяси тәуелсіздік алу үшін 20 жылдан астам соғыс жүрді.

^ 22-абзац Есімі өзгертілген.