Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

52-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Бауырластарыңызға аласапыранда тірек болыңыз

Бауырластарыңызға аласапыранда тірек болыңыз

“Қолыңнан келіп тұрғанда, Мұқтаждарға жақсылық жасаудан тартынба” (НАҚ. С. 3:27).

103-ӘН Бағушылар — Құдайдың сыйы

АҢДАТПА a

1. Ехоба қызметшілерінің дұғасына әдетте қалай жауап береді?

 БІЛЕСІЗ БЕ, Ехоба сізді қолданып, біреудің жалбарына айтқан ыстық дұғасына жауап бере алады. Сіз қауым ақсақалы, қызмет көмекшісі, ізашар не қауымдағы жариялаушы болыңыз, жас не қария, ер не әйел бауырлас болыңыз, Ехоба кез келгенімізді қолдана алады. Ехобаны сүйетін қызметшісі оны көмекке шақырғанда, ол әдетте ақсақалдар не басқа да адал қызметшілері арқылы оған “тірек болады” (Қол. 4:11). Осылай Ехобаға және бауырластарымызға қызмет ете алатынымыз біз үшін үлкен мәртебе! Біз оларға әсіресе індет жайлағанда, табиғи апатта және қуғын-сүргін кезінде көмектескіміз келеді.

ІНДЕТ КЕЗІНДЕ ТІРЕК БОЛЫҢЫЗ

2. Індет жайлағанда бауырластарға көмектесу қай жағынан қиындап кетеді?

2 Біз тұратын жерді індет жайласа, өзімізді тұсауланып қалғандай сезінетін шығармыз. Мысалы, достарымызды барып көргіміз келер, бірақ бұл қауіпті болуы мүмкін. Я болмаса жоқшылыққа ұшыраған отбасын тамаққа шақырғымыз келер, бірақ бұл да мүмкін емес. Немесе өз отбасыңыз қиналып жатқандықтан, басқаларға көмектесе алмауыңыз мүмкін. Бірақ біз сонда да бауырластарымызға қолдан келгенше жақсылық жасай бергіміз келеді, өйткені Ехобаға бұл ұнайды (Нақ. с. 3:27; 19:17). Ендеше, бауырластарға қалай көмектессек болады?

3. Дезидің қауымындағы ақсақалдардан не үйренеміз? (Еремия 23:4)

3 Ақсақалдардың көмегі. Ақсақал болсаңыз, отарыңыздағы қойларды жақсы білуге күш салыңыз (Еремия 23:4 оқыңыз). Алдыңғы мақалада айтылып кеткен Дези бауырлас былай дейді: “Менің уағыздау тобымдағы ақсақалдар бізбен жиі қызмет етіп тұратын, сондай-ақ жай отырыстарда да бас қосып, араласып тұратынбыз” b. Кейін COVID-19 пандемиясы басталып, Дези бірнеше туысынан айырылып қалғанда, оған қажетті көмек көрсету ақсақалдар үшін жеңіл болды.

4. Ақсақалдар Дезиге ненің арқасында көмектесе алды және олардан қандай үлгі аламыз?

4 Дези: “Ақсақалдармен араласып, дос болып кеткендіктен, оларға мені не мазалап жатқанын, не сезініп жатқанымды айту жеңіл болды”,— дейді. Бағушылар бұдан қандай сабақ алады? Алапаттың келгенін күтіп отырмаңыз, бауырластарға қазірден қамқор болыңыз, олармен дос болыңыз. Індеттің кесірінен олармен бетпе-бет көрісе алмасаңыз, байланысудың басқа жолдарын іздеңіз. “Кейде маған бір күнде бірнеше ақсақал телефон шалып, хат жазатын. Олардың бөліскен тармақтарын жақсы білсем де, оқығанда көңілім жайланып қалатын”,— дейді Дези.

5. Бауырластарға қандай көмек керек екенін ақсақалдар қалай біле алады және қалай көмектесе алады?

5 Бауырластарға қандай көмек қажет екенін оларды ыңғайсыз жағдайға қалдырмайтындай сұрақтар қойып білсе болады (Нақ. с. 20:5). Олардың жейтін тамағы, дәрі-дәрмегі не басқа да қажетті заттары жеткілікті ме екен? Жұмыстарынан айырылып қалулары мүмкін бе, жалға төлейтін ақшалары бар ма? Мемлекеттік көмекке жүгініп жатса, жәрдемдесіп жіберу керек пе? Дезиге бауырластар материалдық жағынан қол ұшын берді. Бірақ оған сол қиын шақта әсіресе көмек болғаны ақсақалдардың эмоциялық және рухани жағынан дем бергендері екен. Ол былай дейді: “Ақсақалдар менімен бірге дұға айтты. Олардың айтқан сөздері есімде қалмаса да, өзімді жақсы сезініп қалғаным есімде. Олар арқылы Ехоба маған “мен сенің қасыңдамын” дегендей болды” (Ишая 41:10, 13).

Сахнадағы ер бауырлас қауым кездесуіне келген бауырластардың және видеоконференциямен қосылған науқас ер бауырластың жігерлі түсініктемелерін естіп қуанып тұр (6-абзацты қараңыз)

6. Бауырластарға көмектесу үшін қауымдағылардың бәрі не істей алады? (Суретті қараңыз.)

6 Басқалардың көмегі. Әрине, бауырластарға тек ақсақалдар ғана емес, барлығымыз да көмектесіп, жігер бере аламыз. Ехоба бізді осыған шақырады (Ғал. 6:10). Төсек тартып қалған бауырласқа титтей де болсын көңіл бөлгеніміздің өзі үлкен жігер бере алады. Мысалы, кішкентай бала ауырып жатқан ер бауырласқа сурет салып жіберсе не открытка жолдаса болады. Ал жастар әйел бауырласымыздың дүкеннен керек-жарағын әкеп берсе не басқа тірліктерін істеп берсе болады. Сондай-ақ тамақ пісіріп, ауырып қалған бауырласымыздың есік алдына қойып кетсек болады. Елде індет жаппай тарап кетсе, тек науқас бауырластар ғана емес, қауымдағы барлық бауырластар жігерге мұқтаж болады. Мұндай кезде жүзбе-жүз болсын не видеоконференция арқылы болсын, қауым кездесуінен кейін ұзағырақ қалып, басқалармен аралассақ болады. Аласапыран уақытта ақсақалдар да жылы сөзге мұқтаж болатынын ұмытпайық. Кейбір бауырластар індет кезінде көп тер төккен ақсақалдарға лебіздерін білдіріп, ризашылық хаттарын жолдаған екен. “Бір-бірімізді жұбатып, нығайту” үшін әрқайсысымыз осылай үлес қосып жүргеніміз қандай жақсы! (Сал. 1-х. 5:11).

ТАБИҒИ АПАТТА ТІРЕК БОЛЫҢЫЗ

7. Табиғи апаттың салдары қандай болуы мүмкін?

7 Тілсіз жау бір пәсте-ақ адамның өмірінің астан-кестеңін шығарып жібереді. Адам дүние-мүлкінен, үйінен, тіпті жақындарынан айырылып қалуы мүмкін. Мұндай табиғи апаттар біздің бауырластарды да айналып өтіп жатқан жоқ. Табиғи апаттың құрбаны болып қалған бауырластарға қалай көмектессек болады?

8. Апатқа алдын ала дайын болу үшін ақсақалдар мен отағалары не істей алады?

8 Ақсақалдардың көмегі. Ақсақалдар, қауымдағы бауырластарға табиғи апаттарға алдын ала дайын болуға көмектесіңіздер. Қалай сақтануды, ақсақалдармен қалай байланысуды бауырластардың барлығы білетініне көз жеткізіңіздер. Алдыңғы мақалада айтылған Маргарет бауырлас былай дейді: “Біздің ақсақалдар Жергілікті қажеттіліктер бөлімінде орман өртінің әлі аяқталмағанын айтып ескертті. Олар билік өкілдері эвакуациялануды бұйырса немесе жағдай ушығып кетсе, бірден үйді тастап қашу керектігін айтты”. Бұл дер кезінде айтылған ескерту болды. Өйткені содан бес апта өтер-өтпес сол аймақта өрт басталып кетті. Осындай төтенше жағдайда үй ішіндегілердің әрқайсысы не істеу керектігін білу үшін, отағалары отбасылық ғибадатта сол жайлы талқыласа болады. Сонда өздері де, бала-шағалары да сақадай сай тұрып, апатта дүрлікпейтін болады.

9. Ақсақалдар апатқа дейін және апаттан кейін не істесе болады?

9 Топ бақылаушысы болсаңыз, апатқа дейін бауырластарыңыздың мекенжайлары мен байланыс нөмірлерін дұрыс жазып алғаныңызға көз жеткізіңіз. Кейін бұл тізімді жаңартып отырыңыз. Сонда төтенше жағдайда олармен байланысып, не көмек керек екенін біле аласыз. Кейін сол мәліметті ақсақалдар кеңесінің үйлестірушісіне айтыңыз, ал ол өз кезегінде аудандық бақылаушыға хабарлайды. Осылай жұмыла әрекет еткеннің арқасында жақсы нәтижеге қол жеткізе аласыздар. Маргарет бауырлас тұратын аймақты өрт шалғанда аудандық бақылаушылары 36 сағат бойы көз ілмей, ақсақалдардың ісін ұйымдастырған екен. Осылай әлгі ақсақалдар үйлерін тастап кеткен 450 бауырласпен хабарласып, оларға қажетті көмек көрсете алды (Қор. 2-х. 11:27). Бауырластардың ешқайсысы далада қалмады, барлығына пана табылды.

10. Ақсақалдар бағушылық сапар жасауды неге маңызды санайды? (Жохан 21:15)

10 Бауырластарға эмоциялық және рухани көмек көрсету — мәсіхші ақсақалдарға жүктелген жауапкершілік (Пет. 1-х. 5:2). Апат орын алғанда алдымен бауырластардың амандығына және тамақтары, киімдері мен паналары бар екеніне көз жеткізу керек болса, ал кейінірек оларға біраз уақыт бойы рухани және эмоциялық көмек қажет болады (Жохан 21:15 оқыңыз). Филиал комитетінде қызмет ететін және табиғи апаттан жапа шеккен көп бауырласпен араласқан Харольд бауырлас былай дейді: “Апаттың құрбандарына өз-өздеріне келу үшін бірталай уақыт қажет болады. Олар ақырындап қалыпты өмірге орала бастағанмен, жақындарын жоғалтқандары, бағалы мүліктерінен айырылғандары және бастарынан өткен қорқынышты жағдай естерінен кетпей қоюы мүмкін. Бұл естеліктер адамды қайта-қайта мұңға батыруы мүмкін. Алайда бұл — Құдайға деген сенімнің аздығының белгісі емес, адамдардың бәріне тән нәрсе”.

11. Табиғи апаттан кейін отбасыларға қандай көмек қажет болуы мүмкін?

11 Ақсақалдар “қайғырғандардың қайғысына ортақ болыңдар” деген кеңеске ерекше мән береді (Рим. 12:15). Мысалы, апаттан аман қалған бауырластарды Ехоба да, бауырластар да әлі де солай жақсы көретініне сендіру қажет болуы мүмкін. Ақсақалдар отбасыларға дұға айту, зерттеу, қауымға және уағыз ісіне қатысу сияқты рухани әдеттерін қалпына келтіруге көмектесуді қалайды. Сондай-ақ ақсақалдар ата-аналарды балаларының назарын ешбір табиғи апат жоя алмайтын жайттарға аудартуға талпындырса болады. Қымбатты ата-аналар, Ехоба қашанда балаларыңыздың Досы болып қалатынын және ешқашан тастамайтынын естеріне салып тұрыңыздар. Балаңызға: “Бүкіл әлем бойынша саған көмектесуге дайын қаншама достарың бар екенін ұмытпа”,— деп айтып отырыңыздар (Пет. 1-х. 2:17).

Сіз жақта табиғи апат орын алса, жапа шеккендерге көмектесе аласыз ба? (12-абзацты қараңыз) e

12. Апаттан жапа шеккендерге басқалар қалай көмектесе алады? (Суретті қараңыз.)

12 Басқалардың көмегі. Табиғи апат сізге жақын маңда орын алған болса, жапа шеккендерге қалай көмектесе алатыныңызды ақсақалдардан сұраңыз. Бәлкім, панасыз қалған бауырластарды және оларға көмектесуге келген еріктілерді үйіңізге қабылдай тұрарсыз. Болмаса, азық-түлік пен басқа да қажетті заттарды жеткізуге жәрдемдесерсіз. Ал табиғи апат шалғай аумақта орын алса, қалай көмектессеңіз болады? Апаттан зардап шеккендер үшін дұға айтыңыз (Қор. 2-х. 1:8—11). Сондай-ақ дүниежүзілік іске садақа салу арқылы да оларға көмектесе аласыз (Қор. 2-х. 8:2—5). Ал егер сол жерге барып жәрдем бергіңіз келсе, ақсақалдарыңызбен ақылдасыңыз. Рұқсат алғаннан кейін, сізді арнайы тренингтен өткізуі мүмкін. Бұл апат болған жерде мүмкіндігінше сапалы көмек ұсына алуыңыз үшін қажет.

ҚУҒЫН-СҮРГІНДЕ ТІРЕК БОЛЫҢЫЗ

13. Ісімізге тыйым салынған елде тұратын ер бауырластарға не нәрсе қиын?

13 Ісімізге тыйым салынған елдерде тұратын бауырластар да қаржылай қиындықтарға кезігеді, ауырады, жақындарынан айырылады. Бірақ қуғын-сүргін олардың өмірін одан бетер қиындатып жібереді. Жергілікті ақсақалдар емін-еркін жүріп-тұра алмағандықтан, бауырластарын барып жігерлендіре алмайды. Алдыңғы мақалада айтылған Андрей бауырласпен осылай болды. Оның уағыз тобындағы бір әйел бауырлас ақшадан қатты қиналып қалады. Кейін көлік апатына ұшырап, бірнеше ота жасатады, сөйтіп ешқандай жұмысқа жарамай қалады. Бірақ ер бауырластар шектеулерге және пандемияға қарамастан, оған қолдарынан келгенше көмектесті әрі бұл Ехобаның көзінен таса қалған жоқ.

14. Ақсақалдар Ехобаға арқа сүйейтіндерін қалай көрсетсе болады?

14 Ақсақалдардың көмегі. Андрей Ехобаға дұға айтты да, қолдан келгенше әрекет етті. Ехоба оған қалай жауап берді? Ол аяқ-қолы байланбаған, еркіндікте жүрген басқа бауырластарды жіберді. Кейбіреулері әлгі әйел бауырласымызды көлікпен ауруханаға апарып-әкелсе, басқалары қаржылай көмектесті. Ехоба барлығын шамалары келгенше көмектесуге талпындырды және ұйымшылдықтары мен батылдықтарына батасын берді (Евр. 13:16). Қымбатты ақсақалдар, ісімізге тыйым салынған елде тұрсаңыздар, басқалардан көмек сұраудан тартынбаңыздар (Ерм. 36:5, 6). Ал ең бастысы, Ехобаға арқа сүйеңіздер. Ол сіздерге жар болып, бауырластарға қамқорлық көрсетуге көмектеседі.

15. Қуғын-сүргінде мәсіхшілік бірлігімізді қалай сақтай аламыз?

15 Басқалардың көмегі. Ісімізге тыйым салынғанда, бауырластар кішігірім топтар болып бас қосады. Осындай кезде өзара татулық сақтаудың маңыздылығы арта түседі. Топтағылардың қателіктеріне көп мән бермей, туған келіспеушіліктерді тез шешіп отырыңыздар. Бір-біріңізбен емес, Шайтанмен күресіңіздер (Нақ. с. 19:11; Ефес. 4:26). Айтқызбай біліп, көмекті өздеріңіз ұсыныңыздар (Тит. 3:14). Андрей бауырластың тобындағы әйел бауырласқа жариялаушылар топ болып көмектескеннің арқасында бір-біріне одан сайын жақын болып, бір отбасындай болып кетті (Зәб. 133:1).

16. Қолостықтарға 4:3, 18-ге сай, қуғын-сүргін көріп жүрген бауырластарға қалай көмектесе аламыз?

16 Бүгінде он мыңдаған бауырлас үкіметтің тыйым салғанына қарамастан Ехобаға қызмет етіп жүр. Кейбіреулері тіпті түрмеде отыр. Біз олар жайлы, олардың отбасылары жайлы және оларға рухани көмек көрсету үшін, керек-жарағын апарып беру үшін, сотта қорғау үшін өз еркіндіктерін қатерге тігіп жүрген бауырластар жайлы дұға айтсақ болады c (Қолостықтарға 4:3, 18 оқыңыз). Дұғаның күшіне ешқашан шек келтірмейік (Сал. 2-х. 3:1, 2; Тім. 1-х. 2:1, 2).

Отбасыңызды қуғын-сүргінге қазірден қалай дайындай аласыз? (17-абзацты қараңыз)

17. Қуғын-сүргінге қазірден қалай дайындалсаңыз болады?

17 Сіз де, отбасыңыз да қудалауға қазірден дайын бола аласыздар (Ел. іс. 14:22). Бірақ қалай қиналатыныңыздың бәрін елестете бермеңіз. Керісінше, Ехобамен достығыңызды нығайтыңыз және балаларыңызға да солай етуге көмектесіңіз. Ал егер уайымдап кетсеңіз, Ехобаға бәрін ашық айтыңыз (Зәб. 62:7, 8). Ехоба неліктен сенім артуға лайық Құдай екенін отбасыңызбен бірге талқылаңыз d. Үй ішіңізбен төтенше жағдайға дайындалғандай, қуғын-сүргінге де дайындалып, Ехобаға арқа сүйесеңіздер, сол күн келгенде балаларыңыз абдырамай, батыл болады.

18. Бізді қандай болашақ күтіп тұр?

18 Құдайдың тыныштығының арқасында біз өзімізді қауіпсіз сезінеміз (Філіп. 4:6, 7). Індет кезінде, табиғи апат пен қуғын-сүргінде Ехоба сол тыныштығы арқылы жүрегімізді дүрлігуден сақтайды. Сондай-ақ ол бізге еңбекқор бағушыларды жібереді. Бұған қоса, барлығымыз да бір-бірімізге көмектесе аламыз әрі бұны мәртебе санаймыз. Қазіргі тыныш уақытты тиімді пайдалансақ, алдағы үлкен сынақтарға, тіпті “зор алапатқа” да дайын бола аламыз (Мат. 24:21). Сол кезеңде тыныштығымызды сақтап, бауырластарға да солай етуге көмектесу керек болады. Ал зор алапаттан кейін тыныштығымызды алатын ешқандай апат та, қуғын да, ауру-сырқау да болмайды. Себебі сол кезде біз Ехобаның о бастағы ниетіне сай, еш сарқылмайтын нағыз тыныштыққа кенелеміз (Ишая 26:3, 4).

109-ӘН “Бір-біріңді барынша жақсы көріңдер”

a Ехоба қиындыққа душар болған қызметшілеріне өзінің басқа адал қызметшілері арқылы көмектеседі. Ол бауырластарды жігерлендіру үшін сізді де қолдана алады. Оның қолындағы құрал болғыңыз келсе, не істеуге болатынын қарастырайық.

b Кейбір есімдер өзгертілген.

c Жергілікті филиал мен дүниежүзілік бас басқарма түрмеде отырған бауырластарға жолданған хаттарды жіберумен айналыспайды.

d 2019 жылдың шілде айында шыққан “Күзет мұнарасындағы” “Қуғын-сүргінге қазірден дайын болыңыз” деген мақаланы қараңыз.

e СУРЕТ СИПАТТАМАСЫ: Ерлі-зайыпты табиғи апаттан кейін шатырда тұрып жатқан бір отбасына тамақ әкеп берді.