Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Құдай бар қайғы-қасіретті тоқтатады

Құдай бар қайғы-қасіретті тоқтатады

“Уа, Ехоба, қашанғы көмек сұраймын, Ал сен құлақ салар емессің? Қашанғы зорлық-зомбылықтан қорғауыңды сұраймын, Ал сен араша түсер емессің?” (Абақұқ 1:2, 3). Бұл — Құдайдың адал қызметшісі Абақұқ пайғамбардың айтқан сөзі. Сонда оның Құдайға деген сенімі аз болған ба? Жоқ, мүлдем олай емес. Құдай оған қайғы-қасіретті жоятын уақытты белгілеп қойғанын айтып сендірді (Абақұқ 2:2, 3).

Өзіңіз не жақын адамыңыз қиналғанда, бірден “Құдай неге баяулатып жатыр, неге қазір-ақ жамандықты жоя салмайды?” деп ойлауыңыз мүмкін. Бірақ Киелі кітапта: “Кейбіреулер ойлағандай, Ехоба уәдесін орындауды баяулатып жатқан жоқ, қайта, сендерге шыдамдылық танытып отыр, өйткені ол бірде-бір адамның жойылмай, бәрінің өкінгенін қалайды”,— делінген (Петірдің 2-хаты 3:9).

ҚҰДАЙ ҚАШАН ІСКЕ КІРІСЕДІ?

Өте жақын арада! Иса пайғамбар заманның ақыры таяп қалғанын білдіретін ерекше оқиғалардың орын алатынын және сол оқиғаларды белгілі бір ұрпақ өз көзімен көретінін айтқан (Матай 24:3—42). Иса пайғамбар айтқан осы оқиғалар бүгінде орын алып жатыр. Бұл Құдайдың іске кірісетін уақытының өте жақын қалғанын білдіреді *.

Құдай барлық қайғы-қасіретті сөзсіз жояды. Иса пайғамбар жерде болғанда, Құдайдың қайғы-қасіретті жоюға құдіретті екенін көрсетті. Соның кейбір мысалдарын қарастырайық.

Табиғи апаттар. Иса пайғамбар елшілерімен Ғалилея теңізінде қайықпен жүзіп келе жатқанда, сұрапыл дауыл тұрып, қайық суға бата бастады. Осы кезде Иса пайғамбар өзінің де, Құдайдың да табиғат күштеріне әмір жүргізе алатынын көрсетті (Қолостықтарға 1:15, 16). Иса пайғамбар: “Тына қал, басыл!”— деп бұйырды. Сонда жел басылып, жым-жырт тыныштық орнады” (Марқа 4:35—39).

Аурулар. Көп адам Иса пайғамбардың түрлі ауру-сырқауларды, соның ішінде зағиптарды, ақсақтарды, алапеспен ауыратындарды сауықтыра алатынын білген. Киелі кітапта оның “барлық науқастарды сауықтырғаны” айтылған (Матай 4:23, 24; 8:16; 11:2—5).

Азық-түлік тапшылығы. Иса пайғамбар Құдайдың берген күшінің арқасында аз тамақпен көп адамды тойындырған. Киелі кітапта оның екі рет мыңдаған адамды тамақтандырғаны айтылған (Матай 14:14—21; 15:32—38).

Өлім. Иса пайғамбар үш адамды тірілту арқылы Ехоба Құдайдың өлімге де әмірі жүретінін анық көрсеткен. Ол тіпті өлгеніне төрт күн болған адамды да тірілте алған (Марқа 5:35—42; Лұқа 7:11—16; Жохан 11:3—44).

^ 5-абзац Заманның ақыры жайлы көбірек білгіңіз келсе, Ехоба куәгерлері басып шығарған “Мәңгі бақи өмірдің рақатын көріңіз!” кітабының 32-сабағын қараңыз. Оны www.jw.org сайтынан тегін жүктеуге болады.