Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Сенім — бізді мықты ететін қасиет

Сенім — бізді мықты ететін қасиет

СЕНІМНІҢ күші зор. Мысалы, Шайтан біздің Ехобамен қарым-қатынасымызға балта шапқысы келеді. Ал сенімнің көмегімен біз “Зұлымның отты жебелерінің бәрін өшіріп тастай аламыз” (Ефес. 6:16). Сеніміміз болса таудай болып көрінген қиындықтарды еңсере аламыз. Иса: “Егер қыша дәніндей сенімдерің болып, мына тауға: — Бұл жерден ана жерге көш,— десеңдер, ол көшеді”,— деген (Мат. 17:20). Сенім Ехобамен қарым-қатынасымызды нығайтатындықтан, келесі сұрақтарды қарастырғанымыз жөн: Сенім деген не? Шындықты бағалағанымыз сенімімізге қалай әсер етеді? Сенімімізді қалай нығайта аламыз? Кімге сенуіміз керек? (Рим. 4:3).

СЕНІМ ДЕГЕН НЕ?

Сенім деген Киелі кітапта жазылғанға илану немесе оны мойындау ғана емес. Өйткені тіпті “жындар да [Құдайдың бар екеніне] сенеді, әрі қорыққандарынан қалтырап-дірілдейді” (Жақ. 2:19). Онда сенім деген не?

Күн мен түннің ауысатынына күмәнданбайтынымыздай, Құдайдың уәделері орындалатынына да еш күмәнданбаймыз

Киелі кітапта сенімнің екі қыры бар екені жазылған. Біріншісі — “үміттенгеннің жүзеге асатынына берік сену” (Евр. 11:1а). Адамда сенім болса, ол Ехобаның сөзі рас әрі орындалады деп нық сенеді. Мысалы, Ехоба исраилдіктерге былай деген: “Менің күн мен түнге қатысты келісімімді бұзып, күн мен түннің өз уақытында алмасуын тоқтата алсаңдар, сонда ғана қызметшім Дәуітпен жасасқан келісімім бұзылады” (Ерм. 33:20, 21). Күн ұясынан шықпай қалып, күн мен түн ауыспай қалады деп қорыққансыз ба? Әрине, жоқ. Біз күннің таңертең шығып, ал кешке бататынына ешқашан күмәнданбаймыз. Ендеше, күн мен түнді жаратқан Құдай өз уәделерін орындайтынына күмәнданғанымыз дұрыс бола ма? Әрине, жоқ! (Ишая 55:10, 11; Мат. 5:18).

Екіншісі “көрінбейтін нәрселердің шын мәнінде бар екенінің айқын дәлелін көру” (Евр. 11:1ә). Бұған қандай мысал айтуға болады? Айталық, кішкентай бала сізден: “Ауаның бар екенін қайдан білесіз?”— деп сұрады. Сіз ауаны көзбен көрмесеңіз де, балаға оның бар екеніне мынадай дәлелдер келтіретін шығарсыз: біз онымен дем аламыз, бар екенін жел соққанда сеземіз, тағысын тағы. Бала осындай дәлелдерге сенсе, ол тіпті көзге көрінбейтін нәрселерге сенуге болатынын түсінеді (Рим. 1:20).

ШЫНДЫҚТЫ БАҒАЛАУ КЕРЕК

Сенім айқын дәлелдерге негізделетіндіктен, адам сенімге ие болу үшін, алдымен, шындық жайлы “тура білім алу” керек (Тім. 1-х. 2:4). Бірақ құр білім алу жеткіліксіз. Елші Пауыл сенім “адам жүрегінде” болу керек деп айтқан (Рим. 10:10). Адам шындыққа сеніп қана қоймай, оны бағалау да керек. Сонда ғана ол сенімін көрсетуге талпынады, яғни Құдайға ұнайтындай өмір сүреді (Жақ. 2:20). Адамның жүрегінде шындыққа деген ризашылығы жоқ болса, ол айқын дәлелдерді мойындаудан бас тартады. Өйткені өз нанымдарын еш өзгерткісі келмейді немесе өз қалауларын орындағысы келеді (Пет. 2-х. 3:3, 4; Яһд. 18). Сондықтан Киелі кітап жазылған заманда кереметтерді көргендердің бәрі бірдей сенім танытқан жоқ (Мұс. 4-ж. 14:11; Жох. 12:37). Құдайдың киелі рухы шындықты шын сүйетін адамдардың бойында ғана осы қасиетті өсіреді (Ғал. 5:22; Сал. 2-х. 2:10, 11).

СЕНІМІНЕ СЕЛКЕУ ТҮСІРМЕГЕН ДӘУІТ

Берік сеніммен ерекшеленген жандардың бірі — Дәуіт патша (Евр. 11:32, 33). Алайда Дәуіттің отбасында бәрі бірдей мұндай сенім танытпаған. Мысалы, ағасы — Елиап. Дәуіт Ғолияттың Құдай жасағын қорлап жатқанын көргенде, ашынып, күйінішін білдірді. Елиап болса оны жекіп тастап, мұнысымен Ехобаның құтқаратын күшіне сенбейтінін көрсетті (Сам. 1-ж. 17:26—28). Негізі, сенім — туабітті қасиет емес. Ата-ана арқылы да ол бойымызға дарымайды. Демек, Дәуіт Құдаймен жеке қарым-қатынасының арқасында осындай сенімді дамытты.

Зәбүрдің 27-жырында Дәуіт осындай сенімді қалай өсіргенін айтып берді (1-тармақ). Дәуіт көрген-түйгені жайында және Ехоба қастастарынан қалай құтқарғаны жайында ой жүгіртті (2, 3-тармақ). Ол Ехобаның киелі шатырын қатты бағалады (4-тармақ). Дәуіт киелі шатырда Құдайға бір сенімдегі жандармен бірге ғибадат етті (6-тармақ). Ол шын жүректен Ехобаға дұға ететін (7, 8-тармақ). Сондай-ақ Дәуіт Құдайдың нұсқауы бойынша өмір сүргісі келді (11-тармақ). Дәуіт үшін сенімнің маңызы болғаны сонша, ол: “Сенбесем мен қайда қалар ем?!”— деп сұрақ қойды (13-тармақ).

СЕНІМ БЕКЕМ БОЛСЫН ДЕСЕҢІЗ...

Дәуіттікіндей сеніміміз берік болу үшін оның Зәбүрдің 27-жырында көрініс тапқан көзқарасы мен әдеттерін үлгі етсек болады. Сенім тура білімге негізделетіндіктен, Құдай Сөзі мен әдебиеттерді көп оқыған сайын Құдай рухының жемісінің осы қырын дамыта аламыз (Зәб. 1:2, 3). Зерттеп жатқанда, ой жүгіртуге уақыт арнаңыз. Ой жүгіртуді топырақ десек, ризашылық — сол топырақта өсетін өсімдік. Ехобаға ризашылық тереңдеген сайын, қауымда оған ғибадат етуге, өзгелерге үмітіңізді айтуға ықыласыңыз оянады (Евр. 10:23—25). Сенім бізде бар екенін “үнемі дұға ету және табанды болу” арқылы көрсетеміз (Лұқа 18:1—8). Сондықтан Ехоба қамымызды ойлайтынына сеніп, “ұдайы дұға” етейік (Пет. 1-х. 5:7; Сал. 1-х. 5:17). Сенім бар жерде іс-әрекет бар, ал іс-әрекет болса сенімді бекем етеді (Жақ. 2:22).

ИСАҒА СЕНІҢІЗ

Өлер алдындағы түні Иса шәкірттеріне: “Құдайға сеніңдер, маған да сеніңдер”,— деді (Жох. 14:1). Демек, біз тек Ехобаға ғана емес, Исаға да сенуіміз керек. Қалай? Соның үш жолын көрейік.

Исаға сену дегеніміз не?

Біріншіден, төлемді жеке сізге жасалған Құдайдың сыйы деп біліңіз. Елші Пауыл: “Мен Құдай Ұлына деген сенімім арқылы өмір сүріп жатырмын. Ол мені сүйгендіктен, мен үшін өмірін берді”,— деді (Ғал. 2:20). Исаға сенсеңіз, төлемнің сізге көмектесетініне, күнәларыңыздың кешірілуіне негіз болатынына, мәңгілік өмірге үміт беретініне және де Құдайдың сізді жақсы көретініне нық сенетін боласыз (Рим. 8:32, 38, 39; Ефес. 1:7). Төлемге шындап сенсеңіз, өзіңіз жайында жаман ойламайсыз, кінәлі де сезінбейсіз (Сал. 2-х. 2:16, 17).

Екіншіден, Ехобаға дұға арқылы жақындаңыз. Бұл Исаның құрбандығының арқасында мүмкін болды. Төлемнің арқасында біз Ехобаға “көмекке мұқтаж кезімізде оның мейірімділігі мен рақымына ие болу үшін... еркін дұға ете” аламыз (Евр. 4:15, 16; 10:19—22). Дұға күнә жасауға азғырылғанда, бізге қарсы тұруға күш береді (Лұқа 22:40).

Үшіншіден, Исаға мойынсұнайық. Елші Жохан былай деген: “Кім Ұлға сенсе, мәңгілік өмірді иеленеді, ал кім оған мойынсұнбаса, өмірге ие болмай, Құдайдың қаһарына ұшырайды” (Жох. 3:36). Байқап көрсеңіз, Жохан сенімді мойынсұнбаушылыққа қарама-қарсы қойған. Демек, сіз Исаға мойынсұнғанда, оған сенетініңізді көрсетесіз. “Мәсіхтің заңын”, яғни оның барлық тәлімдері мен өсиеттерін орындасаңыз, Исаға мойынсұнасыз (Ғал. 6:2). Исаның “адал да ақылды құл” арқылы беріп жатқан нұсқауларына сай жүріп-тұру да — Исаға мойынсұнудың бір жолы (Мат. 24:45). Исаға мойынсұнсақ, дауылдай соққан қиындықтар бізді құлата алмайды (Лұқа 6:47, 48).

СЕНІМІМІЗДІ НЫҒАЙТАЙЫҚ

Бірде ер адам Исаға қатты дауыстап: “Мен сенемін! Сенімім жетпей жатса, нығайта көріңіз!”— деді (Мар. 9:24). Оның сенімі болмады емес, болды. Бірақ бұл кішік ер адам көбірек сенім керек екенін мойындады. Бізге де кейде көбірек сенім керек. Біз бүгіннен сенімімізді нығайта аламыз. Алдында айтылып кеткендей, Құдай Сөзін зерттегенде, оқығанымыз жайлы ой жүгіртсек, сеніміміз қатаяды және Ехобаға ризашылығымыз артады. Бауырластармен бірге Ехобаға ғибадат еткенде, үмітімізді жария еткенде, ұдайы дұға еткенде, сеніміміз өседі. Осы істер арқылы сенімімізді нығайтсақ, біз теңдессіз сыйға ие боламыз. Біз Құдайдың сүйіспеншілігінде қала береміз (Яһд. 20, 21).