Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

13-ЗЕРТТЕУ МАҚАЛАСЫ

Таза ғибадат мол бақыт әкеледі

Таза ғибадат мол бақыт әкеледі

“Құдайымыз Ехоба, сен даңққа, құрмет пен күш-құдіретке ие болуға лайықсың!” (АЯН 4:11).

31-ӘН Құдаймен бірге жүргейсің!

АҢДАТПА *

1, 2. Ехоба қандай ғибадатты қабылдайды?

 “ҒИБАДАТ” деген сөзді естігенде, көз алдыңызға не елестейді? Бәлкім, бір ер бауырластың тізерлеп отырып, дұғада жүрек шерін тарқатып жатқаны елестейтін шығар. Немесе үстел басында жиналып, Құдай Сөзін зерттеп отырған бақытты отбасын елестетерсіз.

2 Осы екі жағдайдағы ғибадатты Ехоба қабылдай ма? Егер олар Ехобаның еркін орындаса, оны сүйсе әрі құрметтесе, қабылдайды. Біз Ехобаны қатты сүйеміз және оның ғибадатымызға әбден лайық екенін де білеміз. Сондықтан ғибадатымыздың сапасы мүмкіндігінше жоғары болғанын қалаймыз.

3. Бұл мақалада не туралы білеміз?

3 Осы мақалада Ехобаның ежелде қандай ғибадатты қабылдағанын және бүгінде оған ұнамды ғибадаттың қандай сегіз жолы бар екенін білеміз. Сондай-ақ неліктен таза ғибадат бізді бақытты ететінін де көреміз. Сізді осы мақаланың барысында “өз ғибадатымның сапасын қалай жақсартсам болады” деп ойлануға шақырамыз.

ЕЖЕЛДЕ ЕХОБА ҚАНДАЙ ҒИБАДАТТЫ ҚАБЫЛДАҒАН?

4. Ежелде Ехобаға ғибадат еткен жандар оны құрметтейтіндерін және сүйетіндерін қалай көрсеткен?

4 Ежелде, мәсіхшілердің заманынан талай ғасыр бұрын, Әбіл, Нұх, Ыбырайым және Әйүп сияқты адал кісілер Ехобаны құрметтеген және сүйген. Олар бұны мойынсұнуларымен, сенімдерімен және әкелген құрбандықтарымен көрсеткен. Киелі кітапта олардың Ехобаға нақты қандай жолдармен ғибадат еткендері жайлы көп айтылмаған. Бірақ бір айқыны, олар Ехобаны даңқтау үшін қолдан келгеннің бәрін жасағандықтан, ғибадаттары оған ұнамды болған. Кейін Ыбырайымның ұрпақтарына Ехоба Мұса Заңын берді. Онда Ехобаға ұнамды ғибадаттың қандай болуы керектігі егжей-тегжейлі түсіндірілді.

5. Иса өліп, қайта тірілген соң, таза ғибадатта қандай өзгеріс болды?

5 Иса өліп, қайта тірілгеннен кейін, Мұса Заңы өз күшін жойды (Рим. 10:4). Ехоба мәсіхшілерден енді жаңа заңға — “Мәсіхтің заңына” — бағынуды талап етті (Ғал. 6:2). Бұл “заң” не істеуге болатыны мен болмайтынына қатысты ұзын сонар ережелер тізімінен тұрмаған. Мәсіхтің заңын орындау Исаға еліктеуді және оның тәлімдерін өмірде қолдануды білдірген. Бүгінде де мәсіхшілер Исаға еліктеу үшін бар күштерін салады. Осылай олар Ехобаға ұнамды болады және “жандары сергиді” (Мат. 11:29).

6. Бұл мақаланың пайдасын көру үшін не істегеніңіз дұрыс?

6 Қазір ғибадат етудің сегіз жолына жеке-жеке тоқталғанда: “Осы салада қандай жетістікке жеттім? Ғибадатымның сапасын қалай жақсартсам болады?”— деп ой жүгіртіңіз. Осы уақытқа дейін жеткен жетістіктеріңіз сізге қуаныш сыйлары сөзсіз. Десе де Ехобаға дұға ете отырып, тағы қалай жақсарсаңыз болатыны жайлы ойланыңыз.

ҒИБАДАТҚА НЕ ЖАТАДЫ?

7. Ехоба шын жүректен айтқан дұғаларымызға қалай қарайды?

7 Ехобаға дұға ету ғибадатқа жатады. Жазбаларда дұға жақсылап әзірленген хош иісті тартуға теңеледі (Зәб. 141:2). Киелі шатырда, кейін ғибадатханада ұсынылған бұндай тартулардың иісі Ехобаға өте ұнамды болған (Нақ. с. 15:8; Мұс. 5-ж. 33:10). Сол сияқты, сөзге шешен болмасақ та, шын жүректен айтқан дұғаларымыз оған дәл солай ұнамды. Дұғада Ехобаны жақсы көретінімізді және оған алғысымызды айтқанда, бұл оның жүрегіне жылы тиетініне сенімді болайық. Ол біздің тілек-қалауымызды, уайымымызды тыңдағысы келеді. Ендеше, дұға етпес бұрын не айтқыңыз келетінін жақсылап ойланып алыңыз. Сонда көктегі Әкеңізге арнаған тартуыңыз расымен де “хош иісті” болады.

8. Құдайды мадақтаудың керемет мүмкіндігі қандай?

8 Ехобаны мадақтау ғибадатқа жатады (Зәб. 34:1). Біз басқаларға Ехобаның керемет қасиеттері мен істері жайлы тамсана айтқанда, оны мадақтаймыз. Бұндай мадақ алғысқа толы жүректен шығады. Сондықтан Ехобаның ізгілігі — бізге жасаған барлық жақсылықтары — жайлы уақыт бөліп ойлансақ, оны мадақтауға себептеріміз жетіп артылатынын байқаймыз. “Құдайға мадақтау құрбандығын ұсынудың, яғни аузымыздан шыққан сөзімізбен оны мадақтаудың” керемет мүмкіндігі — уағыздау (Евр. 13:15). Жоғарыда біз Ехобаға дұға етпес бұрын не айтатынымыз жайлы ойланып алуымыз керек дедік. Сол сияқты, қызметке шықпас бұрын да не туралы уағыздайтынымызды жақсылап ойластырып алайық. Сондай-ақ шындықты шабытпен жеткізуге тырысайық. Өйткені біз “мадақтау құрбандығымыздың” мүмкіндігінше сапалы болғанын қалаймыз.

9. Ежелгі исраилдіктер сияқты, бүгінде біз де кездесулердің қандай пайдасын көріп жүрміз? Өзіңіз жайлы айтып беріңіз.

9 Кездесулерге қатысу ғибадатқа жатады. Ежелде Ехоба исраилдіктерге: “Еркек кіндіктілердің бәрі Ехоба Құдайларыңның алдына, оның өзі таңдаған жерге жылына үш мәрте келетін болсын”,— деп бұйырған еді (Мұс. 5-ж. 16:16). Демек, оларға үйлері мен егіндіктерін тастап кету керек болған. Бірақ Құдай оларға: “Ехоба Құдайыңның алдына барған кезде, ешкім де жеріңді тартып алуға тырыспайды”, — деп уәде етті (Мұс. 2-ж. 34:24). Осы уәдеге нық сенгендіктен, исраилдіктер жыл сайынғы мейрамдарға қалмай барған. Олар осындай құрбандықтарға барғандарының мол жемісін көрген, яғни Құдай Заңын тереңірек түсінген, оның ізгілігі жайлы ой жүгірткен және өзара араласып, мәз-мейрам болған (Мұс. 5-ж. 16:15). Біз де қауым кездесулеріне қатысу үшін құрбандықтарға барсақ, дәл осындай баталарға кенелеміз. Ал қысқа да мағыналы түсініктемелер дайындап барсақ, Ехобаны одан сайын қуантатынымыз сөзсіз.

10. Неліктен ән шырқау ғибадатымыздың маңызды бөлігі болып табылады?

10 Ехобаға мадақ әнін шырқау ғибадатқа жатады (Зәб. 28:7). Исраилдіктер үшін ән шырқау ғибадаттың маңызды бөлігі болған. Дәуіт патша ғибадатханада ән шырқауға тіпті 288 леуілікті бөліп қойған еді (Шеж. 1-ж. 25:1, 6—8). Бүгінде біз де Ехобаны әнмен мадақтаймыз. Осылайша біз оны қаншалықты сүйетінімізді көрсетеміз. Алайда сіз “әнге даусым келмейді, ондай қабілетім жоқ” деп ойласаңыз ше? Киелі кітапта бәріміз де сөзден “көп сүрінетініміз” айтылған (Жақ. 3:2). Бірақ осылай екен деп, біз қауымда не қызметте мүлдем сөйлемей қоймаймыз ғой?! Сол сияқты ән айтуға қабілетім жоқ деп ойлағанымыз Ехобаны әнмен мадақтауға еш кедергі болмау керек.

11. Зәбүр 48:13-ке сай, Киелі кітапты отбасы болып зерттеуге неге уақыт бөлуіміз керек?

11 Ехобаның Сөзін зерттеу және балаларымызға ол туралы үйрету ғибадатқа жатады. Демалыс күні исраилдіктер күйбің тірлікті шетке ысырып, Ехобамен қарым-қатынастарына көңіл бөлген (Мұс. 2-ж. 31:16, 17). Балалы-шағалы исраилдіктер осы уақытта балаларына Ехоба туралы, оның ізгілігі туралы үйреткен. Біз де Құдай Сөзін оқып-зерттеуге арнайы уақыт бөлеміз, өйткені бұл ғибадатқа жатады әрі бізді Ехобаға жақындата түседі (Зәб. 73:28). Ал Киелі кітапты отбасы болып зерттегенде, біз “келер ұрпаққа”, яғни балаларымызға көктегі Әкемізбен жақын дос болуға көмектесеміз (Зәбүр 48:13 оқыңыз).

12. Киелі шатырдың жабдықтарын жасағандардың еңбегіне Ехоба қалай қараған және біз бұдан не үйренеміз?

12 Ғибадат орындарын соғу және оларды күтіп ұстау ғибадатқа жатады. Кезінде киелі шатырды және оның жабдықтарын жасауды Ехоба “киелі жұмыс” деп білген (Мұс. 2-ж. 36:1, 4 сілт.). Бүгінде де Ехоба Патшалық сарайлары мен басқа да теократиялық ғимараттарды соғуды қасиетті қызмет деп қарастырады. Кейбір ер және әйел бауырластарымыз осы іске көп күш пен уақыт жұмсайды. Олар құрылыс ісінде тер төгумен қатар, уағыз ісінде де белсенділік танытады. Кейбірі тіпті ізашар болғысы келетін шығар. Егер олардан осындай өтініш түссе, ақсақалдар оларды ізашар қылып тағайындаудан тартынбағандары жөн. Өйткені бұл да ақсақалдардың тарапынан құрылыс ісін қолдау болып табылады. Құрылыс жұмысында қабілетіміз болсын-болмасын, барлығымыз да ғимараттарды күтіп ұстауға атсалыса аламыз.

13. Патшалық ісіне салатын садақаға қалай қарауымыз керек?

13 Патшалық ісіне садақа жасау ғибадатқа жатады. Исраилдіктерге: “Ешқайсысы Ехобаның алдына құралақан келмесін”,— деп бұйырылған еді (Мұс. 5-ж. 16:16). Олар өз жағдайларына қарай сый-тарту әкелу керек болған. Осылай олар Ехобаның жасап жатқан барлық рухани шараларына алғыстарын білдіретін. Біз де Ехобаны сүйетінімізді және рухани шараларын бағалайтынымызды білдіргіміз келеді. Бұның бір жолы — қауым қажеттіліктеріне және дүниежүзілік іске жағдайымызға қарай садақа беру. Елші Пауыл: “Құдайға әсіресе шын ықыласпен берілген сый-тарту ұнамды. Ол адамның қолда жоғына емес, барына қарай қабылдайды”, — деген (Қор. 2-х. 8:4, 12). Расында да, Ехоба аз болса да, шын ықыласпен берілген садақаға қатты қуанады (Мар. 12:42—44; Қор. 2-х. 9:7).

14. Нақыл сөздер 19:17-ге сай, бауырластарға көрсеткен көмегімізді Ехоба қалай қабылдайды?

14 Бауырластарға көмектесу ғибадатқа жатады. Ехоба кедейлерге қол ұшын беретін исраилдіктердің жақсылықтарын қайтаратынын айтқан (Мұс. 5-ж. 15:7, 10). Бүгінде де Ехоба мұқтаждық көрген бауырластарға көрсеткен көмегіміздің бәрін өзіне арналған сый деп қабылдайды (Нақыл сөздер 19:17 оқыңыз). Мысалы, түрмеде отырған елші Пауыл Філіпідегі мәсіхшілерден сый-тарту алғанда, оны “Құдайға ұнамды әрі жағымды құрбандық” деп атаған (Філіп. 4:18). Сіз де қауымыңыздағы бауырластарды есіңізге түсіріп: “Кімге қандай жақсылық жасасам болады?”— деп ойланыңыз. Мұқтаж жанға жәрдем беру үшін уақытымыз бен күшімізді, қабілетіміз бен қолда барымызды жұмсағанымыз Ехобаға өте ұнамды. Ол мұны ғибадаттың бір бөлігі деп қабылдайды (Жақ. 1:27).

ТАЗА ҒИБАДАТ БІЗГЕ БАҚЫТ СЫЙЛАЙДЫ

15. Таза ғибадат уақыт пен күшімізді талап еткенмен, неге ол бізге ауыртпалық емес?

15 Рас, таза ғибадат күш пен уақыт талап етеді. Бірақ бұл біз үшін ауыртпалық емес (Жох. 1-х. 5:3). Өйткені біз Ехобаны сүйеміз. Мысалға әке мен кішкентай баланы алайықшы. Баласы оған арнап сурет салғысы келді делік. Сол суретті ол терлеп-тепшіп, кешке дейін салады. Бірақ осынша уақыт сарп еткеніне оның еш көңілі түспейді. Себебі ол әкесін сүйеді және оны қуантудан өзі де қуаныш алады. Біз де Ехобаны қатты сүйгендіктен, оған ғибадат ету үшін уақыт пен күш жұмсауға өте қуаныштымыз.

16. Еврейлерге 6:10-ға сай, Ехоба біздің оны қуанту үшін жасаған істерімізге қалай қарайды?

16 Сүюші ата-ана балаларының бәрінен бірдей сыйлық күтпейді. Бір құрсақтан шықса да, олардың қабілеттері, шамалары әртүрлі екенін ескереді. Дәл солай көктегі Әкеміз де әрқайсысымыздың шамамызды жақсы біледі. Бәлкім, сіз басқаларға қарағанда көп істей алатын шығарсыз. Я болмаса денсаулығыңызға, жасыңызға немесе отбасылық жауапкершіліктеріңізге орай, Ехобаға көп беруге жағдайыңыз келмейтін шығар. Бірақ бұған көңіліңіз еш түспесін (Ғал. 6:4). Ехоба сіздің еңбегіңізді ұмытпайды. Ол дұрыс ниетпен қолдан келгеніңізді жасап жатқаныңызға қуанады (Еврейлерге 6:10 оқыңыз). Ехоба тіпті жүрек қалауыңызды көріп те қуанады. Ол сіздің барыңызды салып ғибадат етіп жүргеніңізге көңіліңіз толып, өзіңізді бақытты сезінгеніңізді қалайды.

17. а) Ғибадатымыздың қандай да бір бөлігіне қатысу қиынға соқса, не істесек болады? ә) “ Бақытыңызды еселеңіз” деген қоршаудағы ғибадат ету жолдарының қандай пайдасын көріп жүрсіз?

17 Егер жеке зерттеу немесе уағыздау сияқты ғибадатымыздың қандай да бір бөлігіне қатысу бізге оңай болмаса ше? “Сөйлей-сөйлей шешен боласың” дегендей, осы істермен жиі айналысқан сайын, оларды сүйіп атқаратын боламыз және пайдасын да көре бастаймыз. Мысалы, қандай да бір жаттығу жасауды немесе музыкалық аспапта ойнауды үйренгіміз келеді делік. Біз оларды үйрену үшін анда-санда ғана уақыт бөлсек, бұдан айтарлықтай бір нәтиже шыға қоймас. Ал егер күн сайын аз-аздан уақыт бөле бастап, оны бара-бара көбейтсек, жетістіктерге жете бастаймыз. Тіпті сол іспен айналысатын уақытты асыға күтіп, сүйіп атқаратын боламыз. Осы әдісті ғибадатыңызда да қолданып көре аласыз ба?

18. Біз үшін ең маңызды нәрсе не және соны орындасақ, жемісі қандай болады?

18 Ехобаға бар жүрекпен ғибадат ету — біздің тік басып, тірі жүргендегі негізгі мақсатымыз. Оған ғибадат ету бізге бақыт сыйлайды, өмірімізді мәнді етеді және Ехобаға мәңгілік ғибадат етуге үмітіміз де бар (Нақ. с. 10:22). Тіпті қазіргі заманның өзінде де жүрегіміз тыныштыққа толы, өйткені қиыншылықта Ехоба жар болатынына сенімдіміз (Ишая 41:9, 10). “Даңққа, құрметке ие болуға лайықты” сүйікті Әкеміз Ехобаға ғибадат ету бізге тек бақыт әкеледі! (Аян 4:11).

24-ӘН Ехобаның тауына келіңдер!

^ 5-абзац Ехоба Жаратушымыз болғандықтан, ғибадат етуімізге әбден лайық. Ғибадатымыз оған ұнамды болу үшін, біз оның талаптарын орындаймыз және принциптеріне сай өмір кешеміз. Осы мақалада біз ғибадат етудің сегіз жолы туралы және олардың әрқайсысы бізге қалай бақыт сыйлайтыны жайлы білеміз.