Мазмұнға өту

СЕНІМІН СЕРІК ЕТКЕНДЕР | ІЛИЯС

Ол табандылығынан таймады

Ол табандылығынан таймады

Ілияс суық хабар естіді: Ахаб патша қаза тауыпты. Егде тартқан бұл пайғамбар сақалын сипап, ойға шомып кетті. Оның ойына соңғы ондаған жылдар бойы осы зұлым патшамен қалай арпалысып келгені оралды. Ілиястың көрмегені жоқ! Оған сес көрсетілді, ізіне түсіп, қуғындалды, тіпті өліммен бетпе-бет келді. Осының бәріне себепкер — Ахаб патша мен Езабел патшайым. Езабел Ехобаның көп пайғамбарын өлтіруге бұйрық бергенде, Ахаб патша оның жолын кес-кестемеді. Ашкөздік меңдеген екеуі тіпті сөз байласып, жазықсыз әділ кісі Набутай мен оның ұлдарын қастандықпен өлтірді. Сонда Ілияс Ехобаның Ахаб пен оның бүкіл әулетіне шығарған үкімін жариялаған еді. Енді, міне, Құдайдың сөзі жүзеге асты: Ахаб тура Ехоба айтқан жолмен өлім құшты (Патшалар 1-жазба 18:4; 21:1—26; 22:37, 38; Патшалар 2-жазба 9:26).

Әйткенмен Ілияс әлі арқаны кеңге салатын уақыт емес екенін білетін. Өйткені Езабел әлі тірі еді. Ол өз отбасы мен Исраил халқына сорақылық жасауын доғармады. Ілиясты алда талай қиындықтар күтіп тұрды. Оның үстіне, ол өз орнын басатын досы Елішені де көп нәрсеге үйрету керек еді. Қазір Ілиясқа жүктелген соңғы үш тапсырма туралы білейік. Сенімін серік еткендіктен ол табандылығынан таймады. Бұл бізге де қазіргі сергелдең заманда сеніміміздің тұғырын берік етуге көмектеседі.

Ахазияға ауыр үкімді жеткізу

Исраилдің тағына енді Ахаб пен Езабелдің ұлы Ахазия отырды. Әке-шешесінің ақымақтығынан сабақ алудың орнына, ол солардың ізімен кетті (Патшалар 1-жазба 22:52). Ахазия оларға еліктеп, Бағалға табынды. Кім-кімді де азғындайтын бұл дін ғибадатханадағы жезөкшелікке, тіпті балаларды құрбандыққа шалуға насихаттайтын. Ахазия тәубесіне келіп, өзінің де, опасыз халқының да жолын түзеп, Ехобаға бет бұрар ма екен?

Кеуде керген бұл жас патша күтпеген жерден бақытсыздыққа ұшырады: ол шатырындағы бөлмесінің торкөз терезесінен құлап кетіп, қатты жарақаттанды. Өмірі қыл үстінде тұрса да, ол Ехобаның көмегіне жүгінбеді. Мұның орнына жаулары філістірлердің Екрон қаласына хабаршылар жіберіп, сауығар-сауықпасын Бағал-Зебуб тәңірінен сұрап келуді тапсырды. Осы кезде Ехобаның шыдамы шегіне жетті. Ол періштесі арқылы Ілиясқа хабаршылардың алдынан шығуды айтты. Пайғамбар оларды патшаға ауыр хабармен кері қайтарып жіберді. Ахазия Исраилде Құдай жоқтай әрекет етті, мұнысы өте ауыр күнә еді! Сондықтан Ехоба оған мынадай үкім шығарды: Ахазия жатқан төсегінен қайтып тұрмайды (Патшалар 2-жазба 1:2—4).

Өкіну ойына кіріп-шықпаған Ахазия долданып: “Алдарыңнан шығып, осы сөздерді айтқан адамның түрі қандай еді?”— деп сұрады. Хабаршылар пайғамбардың қарапайым киімін сипаттап бергені сол-ақ екен, патша: “Бұл — Ілияс қой!”— деді (Патшалар 2-жазба 1:7, 8). Көңіл қоярлық бір жайт, Ілиястың қарапайым өмір кешкені сонша — оны тіпті киімін суреттеп бергеннен-ақ танып қоюға болатын. Ол бар назарын Құдайға қызмет етуге тікті. Ал Ахазия мен дүние-мүлікке кенедей жабысқан ата-анасы туралы мүлдем бұлай дей алмайсың! Ілиястың үлгісі Исаның кеңесін есімізге салады: біз де нағыз құны бар нәрселерге көз тігіп, қарапайым өмір кешуіміз қажет (Матай 6:22—24).

Кеудесін кек кернеген Ахазия Ілиясты ұстап әкелу үшін бір елубасын 50 сарбазымен бірге жіберді. Олар келгенде, Ілияс “төбе * басында отырған еді”. Елубасы патшаның атынан оған: “Түс!”— деп дөрекілікпен бұйырды. Бұл зілді бұйрық, сірә, Ілиястың өлім жазасына кесілгенін білдірген. Ойлап көріңізші, олар Ілиястың “шынайы Құдайдың адамы” екенін біле тұра, оны қорқытып-үркітпек болды! Бұлары барып тұрған ақымақтық еді! Ілияс елубасына: “Егер мен шынайы Құдайдың адамы болсам, көктен от түсіп, сені де, 50 сарбазыңды да жалмап қойсын!”— деді. Сонда іске Ехоба араласты: “көктен от түсіп, елубасын да, оның 50 сарбазын да жалмап қойды” (Патшалар 2-жазба 1:9, 10). Осы қайғылы оқиғадан мына жайт тайға таңба басқандай анық көрінеді: адамдар қызметшілерін құрметтемей, қорлағанда, Ехоба бұған бейжай қарамайды (Шежірелер 1-жазба 16:21, 22).

Ахазия тағы бір елубасын 50 сарбазымен бірге жіберді. Бұл елубасы біріншісінен де өткен ақымақ болып шықты! Ол төбенің етегінде күлі әлі шашылып жатқан әлгі 51 кісінің өлімінен ештеңе түймеді. Ол алдыңғы елубасының бұйрығын қайталап қана қоймай, онысына “Тез!” деп қосты. Не деген ессіздік! Осы сарбаздар да алғашқы топтың кебін киіп, өлім құшты. Алайда нағыз ақымақтың көкесі патшаның өзі болып шықты! Ол еш шімірікпестен тағы бір топ сарбазды жіберді. Қуанышқа орай, үшінші елубасы ақылды адам екен. Ол кішіпейілділікпен Ілиястың қасына барып, өзіне де, сарбаздарына да аяушылық танытуын өтінді. Шынайы Құдайдың адамы болған Ілияс осы бір кішіпейіл елубасыға мейірімділік танытып, Ехобаға еліктеді. Құдайдың періштесі оған әлгі сарбаздармен бірге баруды айтты. Ілияс құлақ асып, патшаның алдына барды. Сөйтіп, осы зұлым патшаға Ехобаның шығарған үкімін қайталап айтты. Құдайдың айтқаны келіп, Ахазия көз жұмды. Оның билігі небәрі екі-ақ жылға созылды (Патшалар 2-жазба 1:11—17).

Ілияс кішіпейіл елубасыға мейірімділік танытып, Ехобаға еліктеді

Қыңыр, бүлікшіл адамдар арасында Ілияс қалай адалдық жолынан таймай жүрді? Бұның жауабы бізге де қызықты болар. Жақын адамыңыз айтқан ақылыңызды тыңдамай, жаман жолынан қайтпай қойған кез болған ба? Осындайда жігеріңізді жасытпауға не көмектеседі? Есіңізде болса, сарбаздар келгенде, Ілияс “төбе басында отырған еді”. Оның сол жерге не үшін барғанын кесіп айта алмаймыз. Десе де дұғаны жоғары бағалайтын бұл кісі жақсы көретін Құдайымен тыныш та оңаша жерде сөйлескісі келген болар (Жақып 5:16—18). Ілияс секілді біз де Құдаймен оңашада сөйлесуге уақыт тауып, оның есімін шақырып, көңіліміздегі уайымымыз бен қиындықтарымызды ақтарып айта аламыз. Сонда айналамыздағылардың ессіздігі мен құрдымға жетелейтін әрекеттеріне қарамастан, еш берілмей, табанды болып қаламыз.

Міндетін Елішеге жүктеу

Міне, Ілиястың өз қызметін тапсыратын уақыты да келді. Ғылғалдан 11 шақырымдай жердегі Бетелге бет алғанда, Ілияс Елішеге әрі қарай жалғыз баратынын айтты. Бірақ Еліше: “Тірі Құдай Ехобаның және сіздің алдыңызда шын айтамын, мен сізді тастамаймын!”— деп нық айтты. Екеуі Бетелге келгенде, Ілияс енді 22 шақырымдай жердегі Иерихонға жол тартпақшы болды. Бұл жолы да ол Елішеден өзіне ермеуді өтінді. Алайда Елішенің алған бетінен қайтқысы жоқ. Иерихонға жеткенде, осындай жағдай тағы қайталанды. Бұл жолы Ілияс 8 шақырымдай жердегі Иордан өзеніне қарай аттанбақ болды. Жас серіктесі одан бір елі қалғысы келмейтінін тағы кесіп айтты! (Патшалар 2-жазба 2:1—6).

Осы жағдайда Еліше асқақ қасиет — айнымас сүйіспеншілік — танытты. Рут та кезінде Нағимаға дәл осындай сүйіспеншілік танытқан еді. Бұл — біреуге үзбей танытылатын әрі еш сарқылмайтын сүйіспеншілік (Рут 1:15, 16). Құдайдың қызметшілерінің бәріне, әсіресе бүгінгі таңда, бұл қасиет ауадай қажет. Біз де Еліше сияқты мұның маңыздылығын түсінеміз бе?

Жас досының осындай айнымас сүйіспеншілігі Ілиястың жүрегін елжіретіп жібергені шүбәсіз. Осы қасиетті танытқанының арқасында Еліше Ілиястың соңғы кереметін көріп, мәртебеге бөленді. Екеуі ағысы қатты, терең болып келетін Иордан өзенінің жағасына келді. Сонда Ілияс шапанымен суды ұрып қалып еді, өзен қақ бөлінді! Осы кереметке “пайғамбарлар ұлдарының елуі” де куә болды. Бұл ер адамдар елде таза ғибадатты өркендетуге дайындайтын арнайы мектепте тәлім алып жүргендер болса керек. Онда оқитындардың саны күн санап артып жатты (Патшалар 2-жазба 2:7, 8). Бұл мектепке Ілиястың өзі жетекшілік еткенге ұқсайды. Бір кездері оған Исраилде өзінен басқа ешкім Ехобаға ғибадат етпейтіндей көрініп еді. Ехоба Ілиястың табандылығын жарылқап, өзіне ғибадат етушілердің көбейіп жатқанын көрсетті (Патшалар 1-жазба 19:10).

Иорданнан өткен соң Ілияс Елішеге: “Қасыңнан әкетілмей тұрғанымда айт, менен не тілейсің?”— деді. Ілияс қоштасатын уақыттың келгенін түсініп тұрған еді. Ол алда көптеген мәртебелі істер күтіп тұрған досына қызғанышпен қарамады. Қайта, оған жан-тәнімен көмектесуге дайын болды. Еліше Ілиястан бір ғана нәрсе өтініп: “Еншіме сіздегі рухтан екі есе берілсе екен”,— деді (Патшалар 2-жазба 2:9). Ол Ілиястікінен екі есе көп киелі рух сұрап тұрған жоқ еді. Еліше тұңғыш ұлға тиесілі мұра туралы айтқан болса керек. Заң бойынша, отағаның орнын басатын тұңғыш ұлға жаңа міндеттерін атқара алу үшін мұраның басым бөлігі, немесе екі есе көп үлес, берілетін (Мұсаның 5-жазбасы 21:17). Еліше рухани мағынада Ілиястың мұрагері еді. Сондықтан өзіне жүктелетін жаңа міндетті атқара алу үшін ұстазының бойындағы батылдық рухын қажет ететінін түсінген.

Ілияс Елішенің өтінішін кішіпейілділікпен Ехобаның еншісіне қалдырды. Егер Ехоба егде жастағы пайғамбардың қалай әкетілетінін Елішеге көрсетсе, бұл оның өтініші орындалатынын білдірмек еді. Осы екі айнымас дос “әңгімелесіп бара жатқанда”, бір таңғажайып жағдай орын алды! (Патшалар 2-жазба 2:10, 11).

Ілияс пен Елішенің айнымас достығы екеуіне де сын сағаттардан сүрінбей өтуге көмектесті

Кенет көкте бір жарқыраған нәрсе пайда болып, барған сайын жақындай түсті. Сол сәтте қатты жел тұрып, ысқырған дыбыс пен үдеген гуіл естілді. Әлгі жарқыраған нәрсе тура Ілияс пен Елішеге төніп келіп, екеуін ажыратып жіберді. Бәлкім, екеуі қатты таңырқап, кері шегініп қалған болар. Олардың көргені оттай жалындаған атты арба еді. Ілияс әкетілетін уақыты келіп жеткенін түсінді. Ол арбаға мінді ме, жоқ па — бұл жайлы Киелі кітапта ештеңе айтылмаған. Қалай болған күнде де, Ілияс өзінің құйынның ішінде заңғар көкке көтеріліп бара жатқанын сезді.

Бұған таңғалған Еліше сілейіп тұрып қалды. Осы таңғажайып оқиғаны көргені Ехоба оған Ілиястың батылдық рухынан “екі есе беретініне” көзін жеткізді. Бірақ көңілі қатты түскен Еліше бұл жайлы ойлап жатпады. Ол жақын досының қайда кетіп бара жатқанын білген жоқ. Оны көремін деп үміттенбеген де болар. Ол Ілиястың артынан: “Әкем-ау, әкем! Исраилдің арбасы, оның салт аттылары!”— деп айғайлады. Еліше аяулы ұстазы көзден ғайып болғанша көз алмай қарап тұрды. Кейін қайғыдан киімінің өңірін айырып жіберді (Патшалар 2-жазба 2:12).

Ілияс көкке көтеріліп бара жатып, жас досының аянышты даусын естіді ме? Көзіне жас алды ма екен? Қалай болған күнде де, қиын сәттерде осы аяулы досы жанынан табылып, қолдау көрсеткеніне риза болғаны анық. Біз де Ілиястан үлгі-өнеге алып, Құдайды жақсы көретін әрі оның еркін орындауға ұмтылатын адамдармен дос болғанымыз абзал.

Ехоба жаңа тапсырма беру үшін, Ілиясты басқа жерге әкетті

Соңғы тапсырмасы

Отты арба Ілиясты қайда алып кетті? Кейбір діндерде Ілияс көкке Құдайдың қасына әкетілді деп үйретеді. Бірақ олай болуы мүмкін емес. Өйткені ғасырлар өте жерге келген Иса Мәсіх өзіне дейін ешбір адамның көкке көтерілмегенін айтқан (Жохан 3:13). Олай болса, Киелі кітаптан “Ілияс құйынның ішінде көкке көтеріліп кеткені” жайлы оқығанда, “көктің” неге нұсқап тұрғанын білуіміз керек (Патшалар 2-жазба 2:11). Киелі кітапта “көк” деген сөз Ехобаның мекендейтін тұрағына ғана емес, құстар ұшып, бұлттар қалықтайтын әуеге де нұсқайды (Зәбүр 147:8). Демек, Ілияс дәл осы әуеге көтерілген. Әрі қарай онымен не болды?

Ехоба өзінің адал пайғамбарын көршілес Яһуда патшалығына алып кетіп, жаңа тапсырма берді. Киелі кітаптан көретініміздей, Ілияс сол оқиғадан, сірә, жеті жыл өткеннен кейін де Яһуда жерінде пайғамбарлық етіп жүрген. Сол уақытта бұл елді зұлым патша Жорам билеп отырды. Ол Ахаб пен Езабелдің қызын әйелдікке алғандықтан, олардың зұлымдығының дәурені әлі де жүріп тұрған еді. Ехоба Ілиясқа хат жаздырып, Жорам патшаға шығарған үкімін жариялады. Ілияс пайғамбарлық еткендей-ақ, Жорам жантүршігерлік өлімге душар болды. Ең сорақысы, “ол өлгенде, ешкім қайғырмады” (Шежірелер 2-жазба 21:12—20).

Бұл залым патша мен Ілиястың айырмашылығы жер мен көктей еді! Біз Ілиястың қашан және қалай өмірден өткенін білмейміз. Бірақ бір білеріміз — ол Жорам патша сияқты жоқтаусыз қалған жоқ. Оны жан досы Елішенің сағынып жүргенінде дау жоқ. Оның жоқтығы басқа пайғамбарларға да білінгені анық. Тіпті Ехобаның өзі 1000 жыл өткеннен кейін де Ілиясты ұмытпады: ол Исаның келбеті өзгеріске түскен көріністе жанына жақын осы пайғамбарын да көрсеткен (Матай 17:1—9). Сіз де Ілиясқа ұқсап, ешбір сынға сынбайтын сенім дамытқыңыз келе ме? Онда Құдайды жақсы көретіндермен достасыңыз, рухани істерге өміріңіздің төрінен орын беріңіз, сондай-ақ жан-тәніңізбен дұға айтыңыз. Лайым сіз де Ехобаның махаббатқа толы жүрегінен мәңгілікке орын алғайсыз!

^ 9-абзац Кейбір ғалымдар мұндағы төбе Кармил тауына нұсқайды деп пайымдайды. Біраз жыл бұрын Ехоба осы тауда Ілиясқа Бағалдың пайғамбарларының көзін құртуға күш дарытқан еді. Алайда Киелі кітапта бұл қандай тау екені нақты айтылмаған.