Мазмұнға өту

Иса пайғамбарды неге Құдайдың Ұлы деп атайды?

Иса пайғамбарды неге Құдайдың Ұлы деп атайды?

Киелі кітаптың жауабы

 Киелі кітапта Иса жиі “Құдай Ұлы” деп аталады (Жохан 1:49). “Құдайдың Ұлы” деген тіркес кейбіреулердің құлағына түрпідей тиіп жатады. Өйткені олар Құдайдың кәдімгі адамдар сияқты дүниеге бала әкелуін елестеді. Бірақ бұлай болуы мүмкін емес. Себебі Құдай Тағала етпен сүйектен тұратын адам емес, ол — рух. Бұған қоса, “ұлым”, “бауырым”, “әкем” деген сөздерді кейде тікелей түсінуге болмайды. Мысалы, үлкен кісілер жастарға “балам”, “қызым” деп жатады. Бірақ олар бұл жастардың ата-анасы дегенді білдірмейді. Сондай-ақ кейде “ауылдың баласы” дегенді де естиміз. Бірақ бұл сол баланы ауыл туды дегенді білдірмейді ғой. Бұл жай ғана баланың сол ауылда туып-өскенін көрсетеді. Сол сияқты Киелі кітапта Құдай Әке деп аталады. Өйткені ол — бәріне өмір сыйлаған Жаратушы (Зәбүр 36:9; Аян 4:11).

 Киелі кітап Исаны ғана емес, періштелерді де “Құдай ұлдары” деп атайды (Әйүп 1:6). Онда адамзат атаулының алғашқы жаратылысы Адам ата да “Құдайдың ұлы” атанған (Лұқа 3:38). Бірақ Иса Құдай ұлдарының ішінде ерекше еді. Өйткені ол Құдайдың ең алғашқы жаратылысы болды, әрі Құдай оны жалғыз өзі жаратты.

 Адам болып туылмай тұрып Иса көкте өмір сүрген бе?

 Иә. Адам болып туылмас бұрын Иса көкте періште болған. Исаның өзі: “Мен көктен... келдім”,— деген (Жохан 6:38; 8:23).

 Құдай Исаны ең бірінші етіп жаратты. Бұған қатысты Киелі кітап былай дейді:

 Киелі кітаптағы “оның бастауы көне заманнан, бұрынғы күндерден” деген сөздер Исаға қатысты айтылған (Миха 5:2; Матай 2:4—6).

 Жерге келгенге дейін Иса көкте немен айналысты?

 Ол көкте жоғары дәрежеге ие болған. Иса осы дәрежесін айтып Құдайға былай деп дұға еткен: “Әке, дүние жаратылмай тұрып қасыңда болғанымда бөленген даңққа мені қайтадан бөлей көр” (Жохан 17:5).

 Ол Әкесіне күллі тіршілік атаулыны жаратуға қолғабыс етті. Иса Құдайдың қасында “шебер жұмысшы” болды (Нақыл сөздер 8:30). Ол туралы Киелі кітапта: “Көктегі мен жердегінің... бәрі сол арқылы жаратылды”,— делінген (Қолостықтарға 1:16).

 Құдай әрбір жаратылысын Иса арқылы жаратты. Оның ішінде рухани әлемдегі барлық періштелер де, бүкіл жер шары да бар (Аян 5:11). Былайша айтқанда, Құдай мен Иса архитектор мен құрылысшы сияқты бірге жұмыс істеген. Құдай архитектор ретінде әрбір жаратылыстың жобасын дайындады, ал Иса құрылысшы сияқты соларды жүзеге асырды.

 Ол “Сөз” деп аталды. Исаның жерге дейінгі өмірі жайлы айтқан кезде, Киелі кітап оны “Сөз” деп атаған (Жохан 1:1). Бұл дегеніміз Құдай өзге періштелерге айтқан сөздері мен нұсқауларын Иса арқылы жеткізген.

 Сондай-ақ Иса адамдарға Құдайдың атынан сөйлейтін өкіл болған болса керек. Мысалы, Құдай пейіш бағында Адам ата мен Хауа анаға Иса арқылы сөйлегенге ұқсайды (Мұсаның 1-жазбасы 2:16, 17). Ежелде Исраил халқын шөл далада бастап жүрген періште де осы Иса болса керек. Халықтан оның айтқанын бұлжытпай орындау талап етілген (Мұсаның 2-жазбасы 23:20—23) a.

a Құдай Иса арқылы ғана емес, басқа да періштелері арқылы да сөйлеген. Мысалы, ол ежелгі Исраил халқына Заң берген кезде басқа періштелерді қолданған (Елшілердің істері 7:53; Ғалаттықтарға 3:19; Еврейлерге 2:2, 3).