Мазмұнға өту

Аян кітабының 17-тарауында сипатталған ал қызыл аң нені бейнелейді?

Аян кітабының 17-тарауында сипатталған ал қызыл аң нені бейнелейді?

Киелі кітаптың жауабы

 Аян кітабының 17-тарауында сипатталған ал қызыл аң әлемдегі ұлттарды біріктіріп, солардың мүддесін қорғау үшін құрылған ұйымды бейнелейді. Бастапқыда бұл ұйым Ұлттар Лигасы ретінде құрылды, ал бүгінде ол — Біріккен Ұлттар Ұйымы.

Ал қызыл аңды анықтау жолы

  1.   Саяси ұйым. Ал қызыл аңның “жеті төбені” және “жеті патшаны”, немесе билеушілерді, бейнелейтін “жеті басы бар” (Аян 17:9, 10). Киелі кітапта төбе-таулар мен аңдар мемлекеттердің бейнесі ретінде қолданылады (Еремия 51:24, 25; Даниял 2:44, 45; 7:17, 23).

  2.   Дүниежүзілік саяси жүйенің бейнесі. Ал қызыл аң Аян кітабының 13-тарауында сипатталған әрі дүниежүзілік саяси жүйені бейнелейтін жеті басты аңға ұқсайды. Екі аңның да жеті басы, он мүйізі және Құдайды қорлайтын есімдері бар (Аян 13:1; 17:3). Бұл ұқсастықтарды жай кездейсоқтық дей алмайсың. Демек, ал қызыл аң — дүниежүзілік саяси жүйенің мүсіні, яғни бейнесі (Аян 13:15).

  3.   Күш пен билікті өзге мемлекеттерден алады. Ал қызыл аң өзге мемлекеттерден “шықты”, яғни солардың арқасында пайда болды (Аян 17:11, 17).

  4.   Дінмен байланысы бар. Ал қызыл аңның үстінде Ұлы Бабылды, яғни дүниежүзіндегі жалған діндердің бәрін, бейнелейтін әйел отыр. Бұдан аңның әртүрлі діндердің ықпалында екені көрінеді (Аян 17:3—5).

  5.   Құдайды қорлайды. Аңның “тұла бойы Құдайды қорлайтын есімдерге толы” (Аян 17:3).

  6.   Уақытша әрекетсіз күйде болады. Ал қызыл аң белгілі бір уақыт “тұңғиықта” a, немесе әрекетсіз күйде болып, бірақ одан қайта шықпақ еді (Аян 17:8).

Пайғамбарлықтың орындалуы

 Ал қызыл аң туралы пайғамбарлықтың Біріккен Ұлттар Ұйымы мен оның алдында құрылған Ұлттар Лигасына қатысты қалай орындалғанын көрейік.

  1.   Саяси ұйым. Біріккен Ұлттар Ұйымы өзіне мүше болған барлық елдердің “егеменді теңдігін” қолдайды, осылай қазіргі саяси жүйенің сақталып қалуына ықпал етуде b.

  2.   Дүниежүзілік саяси жүйенің бейнесі. 2011 жылы Біріккен Ұлттар Ұйымының құрамына тағы бір мемлекет кіріп, 193-ші мүшесі болды. Осылайша ол әлемдегі ұлттар мен халықтардың басым көпшілігінің мүддесін қорғау өкілеттігіне ие болуға дәмелі.

  3.   Күш пен билікті өзге мемлекеттерден алады. Біріккен Ұлттар Ұйымы өзіне мүше елдердің арқасында құрылған, әрі сол елдер мұрсат берген күш пен билікке ғана ие.

  4.   Дінмен байланысы бар. Ұлттар Лигасына да, Біріккен Ұлттар Ұйымына да әлемдік діндер үнемі қолдау көрсетіп отырған c.

  5.   Құдайды қорлайды. Біріккен Ұлттар Ұйымы “халықаралық бейбітшілік пен қауіпсіздікті қамтамасыз ету” мақсатымен құрылған d. Бұл игі мақсат болып көрінгенмен, шындап келгенде, БҰҰ тек Құдай Патшалығы жүзеге асыра алатын іске қол сұғуымен Құдайды қорлайды (Зәбүр 46:9; Даниял 2:44).

  6.   Уақытша әрекетсіз күйде болады. Бірінші дүниежүзілік соғыстан кейін көп ұзамай бейбітшілікті қамтамасыз ету мақсатымен құрылған Ұлттар Лигасы халықтар арасындағы агрессияға тосқауыл бола алмады. Осылай 1939 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс басталғанда, ол өз жұмысын тоқтатты. Ал 1945 жылы Екінші дүниежүзілік соғыс біткен соң, Біріккен Ұлттар Ұйымы құрылды. Оның мақсаттары, тәсілдері мен құрылымы Ұлттар Лигасына қатты ұқсайды.

a Киелі кітапта бұл сөз қапаста не қамауда отырғандай мүлдем әрекетсіз күйді білдіреді.

b Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 2-бабын қараңыз.

c Мысалы, 1918 жылы Америкадағы ондаған протестант ағымдарының атынан сөйлеген кеңес Ұлттар Лигасы “Құдай патшалығының жердегі саяси көрінісі” болмақ екенін айтты. 1965 жылы буддизм, индуизм, ислам, иудаизм діндері мен католик, православ, протестант шіркеулерінің өкілдері Біріккен Ұлттар Ұйымына қолдау көрсетіп, дұға айту үшін Сан-Франциско қаласында бас қосты. Ал 1979 жылы папа Иоанн Павел ІІ БҰҰ-ның “мәңгі бақи бейбітшілік пен әділдіктің ең жоғарғы форумы болып қала беретініне” үміттенетінін айтты.

d Біріккен Ұлттар Ұйымы Жарғысының 1-бабын қараңыз.