Ехоба куәгерлерінің үйлену тойы қалай өтеді?
Ехоба куәгерлерінің неке қию рәсімі қарапайым әрі мәсіхшілерге лайықты түрде өтеді және онда Киелі кітапқа негізделген неке баяндамасы айтылады. Кейде баяндамадан кейін дастарқан жайылып, отырыс ұйымдастырылуы мүмкін a. Иса пайғамбар Қана қаласында осы сияқты үйлену тойының біріне қатысқан (Жохан 2:1—11).
Неке қию рәсімі қалай өтеді?
Неке баяндамасы — неке қию рәсімінің ең маңызды бөлігі. Шамамен 30 минутқа жалғасатын бұл баяндаманы Ехоба куәгерлерінің бірі айтады. Жылулықпен айтылатын бұл баяндамада бақытты да баянды неке құруға көмектесетін Киелі кітап кеңестері қарастырылады (Ефестіктерге 5:33).
Көптеген елдерде үкімет Ехоба куәгерлеріне некені заңдастыруға құқық береді. Сондай жағдайда баяндамадан кейін үйленіп жатқан жұп бір-біріне неке антын беріп, сақина алмасады. Соңында баяндама айтқан ер бауырлас оларды ерлі-зайыпты деп жариялайды.
Ал өзге елдерде үйленіп жатқан жұптар некелерін мемлекеттік мекеме арқылы заңдастырады. Бұндай жағдайда баяндама неке куәлігін алғаннан кейін көп ұзамай айтылу керек. Егер жұп мемлекеттік мекемеде неке антын бермеген болса, антты неке баяндамасынан кейін бере алады. Ал егер мемлекеттік мекемеде ант берген болса, неке баяндамасының соңында антты тағы да қайталап айтуды шешуі мүмкін. Баяндамадан соң жас жұбайлар үшін Құдайдан бата сұрап дұға айтылады.
Қай жерде өтеді?
Ехоба куәгерлері неке қию рәсімін көбіне Патшалық сарайында өткізеді b. Егер жұп дастарқан жайып, отырыс ұйымдастыруды шешсе, мұны басқа жерде өткізеді.
Кімдер келе алады?
Неке қию рәсімі Патшалық сарайында өтсе, оған Куәгерлер де, Куәгер емес адамдар да келе алады. Ал үйлену тойына кімдерді шақыратынын той иелері шешеді.
Қалай киініп бару керек?
Патшалық сарайында өтетін неке қию рәсіміне қалай киініп баруға қатысты нақты ереже болмағанымен, Ехоба куәгерлері Киелі кітап принциптеріне сай, қарапайым әрі осы шараға лайықты киінеді. Той иелері басқа қонақтардың да осылай киініп келгеніне риза болады (Тімөтеге 1-хат 2:9). Баяндамадан кейін болатын тойға да қарапайым да лайықты киініп келген жақсы.
Жас жұбайларға сыйлық беру орынды ма?
Киелі кітап жомарт болуға шақырады (Зәбүр 37:21). Ехоба куәгерлері сыйлық бергенді жақсы көреді (Лұқа 6:38). Бірақ сыйлық бергендердің есімдері жұртқа жарияланбайды әрі жас жұбайлар үшін күштеп ақша жиналмайды (Матай 6:3, 4; Қорынттықтарға 2-хат 9:7; Петірдің 1-хаты 3:8). Бұндай әрекеттер Киелі кітапқа қайшы келеді, сонымен қатар қонақтарды да ыңғайсыз жағдайға қалдырады.
Тост айтуға бола ма?
Киелі кітапта тост айтып, бокал соғыстыруға тыйым салынбаған, бірақ кейбір жағдайларда басқаларды сүріндірмеу үшін той иелері қонақтардан тост айтпауды өтінуі мүмкін (Римдіктерге 14:21).
Шашу шашуға бола ма?
Кейбір елдерде екі жасқа бақыт тілеп ақша, күріш, тәттілер шашып жатады. Осындай шашулар жас жұбайларға сәттілік, бақ-береке әкеледі деп сенеді. Бірақ Ехоба куәгерлері жалған дінмен байланысты бұндай ырымдарды жасамайды. Өйткені бұл Киелі кітапқа қайшы келеді (Ишая 65:11).
Тамақ пен ішімдік беріле ме?
Патшалық сарайында өтетін неке қию рәсімінде тамақ пен ішімдік берілмейді. Ал егер жас жұбайлар баяндамадан кейін жиналып, отырыс жасауды шешсе, сол жерде тамақ пен ішімдік ұсынылуы мүмкін (Уағыздаушы 9:7). Егер дастарқанға ішімдік қойылса, онда оның мөлшерін және заң бойынша рұқсат етілген жасқа толғандар ғана іше алатынын ескеру керек (Лұқа 21:34; Римдіктерге 13:1, 13).
Ән айтып, би билеуге бола ма?
Жас жұбайлар үйлену тойын ұйымдастырса, ән мен бидің болғанын қалауы мүмкін (Уағыздаушы 3:4). Той иелері ән мен музыканы өз талғамдарына және жергілікті мәдениетке сай таңдайды, бірақ таңдаған әндері лайықты әрі қонақтарға жақсы көңіл-күй сыйлайтындай болу керек. Ал Патшалық сарайында Ехоба куәгерлерінің ұйымы шығарған әндерді қоюға болады.
Ехоба куәгерлері үйленген күнін жыл сайын атап өте ме?
Киелі кітапта үйленген күнді атап өтуге қатысты ештеңе айтылмаған. Сондықтан ерлі-зайыптылар бұл мәселеге қатысты өздері шешім қабылдайды. Егер атап өтеміз десе, онда екеуі ғана не жақындарымен атап өтуді шешуі мүмкін.