Бауырластар Канададағы үш тарихи көрмені аралап жүр

9 ЖЕЛТОҚСАН, 2024
КАНАДА

Канада филиалындағы жаңа үш тарихи көрме

Канада филиалындағы жаңа үш тарихи көрме

2024 жылы Канада филиалында үш тарихи көрме ашылды. Олардың екеуі Канадада ізгі хабардың қалай таралғаны жайында. Ал үшінші көрме Киелі кітап зерттеушілері 1914—1919 жылдар аралығында дүниежүзі бойынша қандай сынақтарға кезіккені туралы.

“Шындық нұры Канада өлкесін жарқыратады” атты көрме Канададағы Ехоба куәгерлерінің 150 жылдық тарихы жайлы сыр шертеді. Онда ұлан-ғайыр аумақта Киелі кітап хабарын құлшыныспен таратқан батыл ер мен әйел бауырластардың уағыз ісінде қолданған заттары артефактілер ретінде көрсетілген. Көрмеден мәдениеті әр түрлі адамдарға, соның ішінде Канаданың байырғы халқына шындықты жеткізу үшін Куәгерлердің аударма ісінде қалай еңбектенгенін білуге болады.

Бұған қоса, бұл көрмеде түрмеге жабылу, уағыз ісіне тыйым салыну сияқты ауыр сынақтарды еңсерген бауырластардың оқиғалары бар. Сонымен қатар көрмеден Ехоба куәгерлерінің сот ісіндегі жеңістері жайлы да білуге болады. Бұл жеңістер — Ехоба куәгерлеріне еркін уағыздауға құқық берді, әрі барлық Канада тұрғындарының азаматтық құқығының қорғалатынына кепілдік болды. Көрмені аралаған бір ер бауырлас былай деп бөлісті: “Канадада таза ғибадаттың негізін қалаған бауырластардың суреттерін көріп, басынан өткізгендері туралы оқып-білгенде олардың батылдығы мен төзімділігіне еріксіз еліктегің келеді екен”.

“Квебек күресі” деп аталатын стенді Ехоба куәгерлерінің 1940 жылдар мен 1950 жылдар аралығында Квебек провинциясында қандай аяусыз қудалауға кезіккендерін сипаттайды

“Құдайымыздың сөзі — мәңгілік. Канададағы Киелі кітап” атты көрмеде Канадада ізгі хабарды таратқан алғашқы Киелі кітап зерттеушілерінің Киелі кітаптарының жиынтығы бар. Ұрпақтан ұрпаққа беріліп отырған бұл Киелі кітаптар түрлі тілдерде сөйлейтін көптеген адамдардың Киелі жазбалардағы шындықты білуіне зор үлес қосты.

Көрмеде Канаданың тарихында ерекше орын алар бірнеше Киелі кітап көрсетілген. Мысалы, онда өте сирек кездесетін Джон Генри Уайттың Киелі кітап басылымын көруге болады. Ол Канадада басып шығарылған ең алғашқы Киелі кітап аудармасы. Қазіргі таңда оның онға жетер-жетпес данасы ғана сақталған. Бұған қоса, көрменің сөрелерінде инуктитут, массачусетт, микмак, могавк, оджибва және батыстық кри тілдеріндегі Киелі кітаптың аудармалары көрсетілген. Оларға қарап Киелі кітапты байырғы халықтың тілдеріне аудару үшін көп күш салынғанын байқауға болады.

“Құдайымыздың сөзі — мәңгілік. Канададағы Киелі кітап” атты көрмесінің бір бөлігі Канаданың байырғы халқының және алғашқы иммигранттардың тілдеріне аударылған Киелі кітаптарға арналған

“Сынақ кезіндегі батылдық” атты соңғы көрме алғашқы Киелі кітап зерттеушілерінің 1800 жылдардың соңында атқарған қызметтері мен танытқан төзімділіктері жайлы. Көрмеде 1914 пен 1919 жылдар аралығында орын алған Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде бауырластардың кезіккен сынақтары жайында да сөз етіледі. Ал көрменің соңғы бөлігінен бауырластардың кезіккен сынақтары оларды қайрап, алдағы жұмысқа қалай дайындағанын білуге болады.

“Сынақ кезіндегі батылдық” атты көрме Бірінші дүниежүзілік соғыс кезінде міндетті әскери қызметтен бас тартқандары үшін қамауға алынған ер бауырластарымыз жайлы

Канаданың филиал комитеті болып қызмет ететін Кевин Кнаус былай деді: “Көрменің үшеуі де Канададағы Ехоба куәгерлерінің рухани бай тарихын паш етеді. Бірақ ең маңыздысы, олар “Ехобаның сөзі мәңгі қалатынына” сендіріп, ізгі хабарды әртүрлі адамдардың естуі үшін Ехоба қалайша қам жасайтынын көрсетеді” (Петірдің 1-хаты 1:25).