НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП | КИЕЛІ КІТАП ЖӘНЕ ҒЫЛЫМ
Ғылымның мүмкіндігі шектеулі
Соңғы уақыттары “жаңа атеистер” ағымының көзқарасын түсіндіретін біраз кітаптар жарық көруде. Олар көпшіліктің назарына ілігіп, көп талқылау мен пікірталас туғызды. “Оларды оқығаннан кейін кейбіреулер ғалымдар барлық сұрақтың жауабын тапты деп ойлап қалады”,— дейді нейробиолог Дэйвид Иглмен. “Бірақ нағыз ғалымдар әрқашан да кең ойлау керек, себебі ғылым тарихында ешкім күтпеген әрі таңғаларлық төңкерістер көптеп орын алған”,— деп қосты ол.
Иә, ғасырлар бойы дарынды ғалымдар табиғат әлеміне қатысты қиын сұрақтарға жауап тауып, таңғаларлық ашылыстар жасады. Алайда ізденіс жолында үлкен қате жібергендері де болды. Мәселен, тарихтағы ең ұлы ғалымдардың бірі Исаак Ньютонды алайық. Ол тартылыс күші планеталарды, жұлдыздар мен галактикаларды қалай бір ғаламда ұстап тұрғанын түсіндірді. Сонымен қатар ол ойлап тапқан есептеу түрі кейіннен компьютерді жасап шығаруда, ғарышқа ұшуда және ядролық физикада қолданылатын болды. Алайда Ньютон алхимиямен де айналысқан. Алхимия болса астрология мен сиқырлы қоспалардың көмегімен қорғасынды не басқа металды алтынға айналдыру жолын іздейтін псевдоғылым (жалған ғылым) болып табылады.
Ньютоннан 1500 жылдан астам уақыт бұрын өмір сүрген грек астрономы Птолемей аспанды жай көзбен-ақ зерттеген. Ол түнгі аспаннан ғаламшарлардың қозғалысын бақылаған және картаны шебер сыза білген. Бірақ ол Жер — ғаламның орталығы деп сенген. Карл Саган есімді астрофизик Птолемей жайында: “Оның “Жер — ғаламның кіндігі” деген ілімі 1500 жыл бойы үстемдік етті. Бұл данышпандардың өздері де қатты қателесуі мүмкін екенін көрсетеді”.
Қазіргі таңда да ғалымдар осыған ұқсас қиындықтарға кезігеді. Олар ғаламды толықтай түсіндіріп бере ала ма? Әрине, ғылымның осы уақытқа дейінгі жетістігін, адамзатқа әкелген игілігін айтпай кетуге болмайды. Дегенмен ғылымның да мүмкіндігі шектеулі екенін ұмытпаған жөн. Ағылшын физигі Пол Дэйвис айтқандай, ғаламның толықтай үйлесімді және әрбір жағдайда қисынды болатын түсіндірмесін табу мүмкін емес. Бұл сөздерден шығатын бұлтартпас шындық: адамдар қоршаған әлемді толықтай түсіне алмайды. Сондықтан ғылым қоршаған әлемдегі барлық нәрсені түсіндіріп бере алатынына қатысты мәлімдемелер жасаса, оны болжам деп қана қабылдау парасаттылыққа жатады.
Ғылым біздің мұқтаждықтарымызды Киелі кітап сияқты қанағаттандыра алмайды
Киелі кітапта таңғажайып табиғат әлемі жайлы мынадай сөздер жазылған: “Бұл [Құдайдың] істерінің шет пұшпағы ғана, даусының құлағымызға жеткен сыбдыры ғана!” (Әйүп 26:14). Расында да, адам баласының өресі жетпейтін білім жетіп артылады. Осыдан 2000 жылдай уақыт бұрын Құдайдың бір қызметшісінің айтқан сөздері әлі күнге дейін тура: “О, неткен зор Құдайдың баталары! Неткен мол даналығы мен білімі! Шешімдеріне адам ақылы жетпес, жолдарын оның ешкім зерттеп бітпес!” (Римдіктерге 11:33).