қазақ
Камал Вирде: “Бала кезімнен әділдік іздедім”
https://cms-imgp.jw-cdn.org/img/p/502400119/univ/art/502400119_univ_sqr_xl.jpg
lfs 19-мақала

КАМАЛ ВИРДЕ | ӨМІРБАЯН

“Бала кезімнен әділдік іздедім”

“Бала кезімнен әділдік іздедім”

 1973 жылдың тамыз айында екі сіңліммен бірге Твикенхэмде (Англия) өткен “Құдайдың жеңісі” деген халықаралық конгреске бардық. Ол жерде біз Эдвин Скиннер деген бауырласпен таныстық. Ол 1926 жылдан бері Үндістанда миссионер болып қызмет етеді екен. Біздің панджаби тілінде сөйлейтінімізді білгенде, ол: “Мұнда не істеп жүрсіңдер? Үндістанға келсеңдерші!”— деді. Сөйтіп, біз Үндістанға көшіп бардық. Осылай менің панджаби танабындағы қызметім басталды. Бірақ, алдымен, осыған дейінгі өмірімді баяндап берейін.

 Мен 1951 жылдың сәуір айында Найробиде (Кения) дүниеге келдім. Ата-анам Үндістаннан болатын және сикхизм дінін ұстанатын. Әкем бауыры қайтыс болған соң, оның әйелін екінші әйел қылып алды. Ал анамның бұған көнбеске амалы болмады. Анамнан туған бауырларым да, өгей шешемнен туған бауырларым да шамамен қатар туылды. Осылайша өз анамнан және өгей шешемнен туған жеті бала бір үйде өстік. 1964 жылы 13 жасымда әкем дүниеден озды.

Әділдік іздедім

 Үйде мен ұрыс-керіс, бөліп-жару дегенді көп көрдім. Шындықты білгенде біздің отбасымызды Киелі кітаптағы Лия мен Рахиланың отбасына ұқсаттым. Біздің үйдегілер кениялық қызметшілерді менсінбейтін, оларды қатты төмендететін. Әкеміз бізге Еуропадан келген көршілерден үйреніп, солармен дос болыңдар, ал африкалықтарға мүлдем жоламаңдар, олардан үйренетін түк жоқ дейтін. Пәкістандықтарды жау санап, олармен бізді мүлдем араластырмайтын. Осының бәрін көріп өскен мен әділетсіздікті жек көретінмін. Әкемнің үйретіп жатқаны дұрыс емес екенін түсінетінмін.

 XV ғасырдың соңына таман Гуру Нанак деген кісі сикхизм дінінің негізін қалаған. Мен Нанактың ілімдерін, соның ішінде “Құдай жалғыз” деген ұғымды қабылдадым. Бірақ сикхизм дінін ұстанатын адамдардың арасындағы әділетсіздікті көргенде, бұл діннің шынайы екеніне күмәндана бастадым.

 Күмәндануыма себеп болған бұл ғана емес еді. Сикхизмнің пайда болғанына бірнеше ғана ғасыр болды ғой, ал оған дейін адамдар Құдайға қалай ғибадат еткен деген сұрақ мені жиі мазалайтын. Біздің үйде сикх күнтізбесі ілініп тұратын. Онда осы діндегі әйгілі он ұстаздың суреттері бейнеленген еді. Сонда мен олардың түрлері шынымен де дәл осындай болған ба? Сол ұстаздардың өздері жалғыз шынайы Құдайға табыныңдар деп үйретсе, неге біз солардың өзіне табынуымыз керек деп ойланатынмын.

 1965 жылы 14 жасымда отбасымызбен Үндістанға көшіп бардық. Табысымыз аз болғандықтан, ол жақта күн көру бізге қиын болды. Сондықтан бір жылдан кейін біз біртіндеп Англияға көше бастадық. Басында екі-ақ адам боп көшіп, Англияның Лестер қаласында тұрақтадық.

 16 жасымда мен қара жұмыстың түр-түрін істедім. Сондай-ақ тоқтап қалған оқуымды жалғастыру үшін кешкі мектепке бара бастадым. Жұмыста алалаушылық пен әділетсіздікке талай кезігетінмін. Мысалы, жұмысты бірдей істесе де, жергілікті тұрғындар иммигранттарға қарағанда көп жалақы алатын. Сол кезде мен иммигрант әйелдерді жинап, барлығына бірдей жалақы төленсін деп талап еттім. Қоғамдағы әділетсіздікке менің жүрегім ауырып, дүниеде әділдік орнаса екен дейтінмін.

Көкейімдегі сұрақтың жауабын таптым

 1968 жылы мен Ехоба Куәгерлерімен таныстым. Үйімізге екі ер бауырлас келді. Құдай Патшалығы жер бетінде теңдік орнатады деген уәде құлағыма майдай жақты. Кейін сол Куәгерлердің бірі әйелімен қайта келді. Туған сіңілім Джасуиндер және өгей шешемнен туған сіңілім Чанни үшеуіміз Киелі кітапты зерттей бастадық. Куәгерлермен небәрі алты-ақ сабақ өткеннен кейін, менің мынаған көзім жетті: Ехоба — жалғыз шынайы Құдай, Киелі кітап оның сөзі және нағыз әділдікті Құдай Патшалығы ғана орнатады.

 Бірақ біз отбасымыздың тарапынан қатты қарсылыққа кезіктік. Әкем қайтыс болғаннан кейін өгей анамнан туған үлкен ағам әкемнің орнын басты. Өгей анамның айдақтауымен ол бізге қатты қарсылық көрсететін. Ол Джасуиндер мен Чанниді табаны қатты етікпен тепкілеп ұратын. Мен 18-де болғандықтан маған онша тиіспейтін, өйткені заң алдында өзімді қорғай алатынымды білетін, бірақ сіңлілерімді аямайтын. Бірде ол Киелі кітаптың парақтарын жағып, сіңлілерімнің бетіне апарып: “Ал Құдайларың Ехобаға айтыңдар, мына отты өшірсін”,— деді. Сол кездері біз жасырынып бір-екі рет қана қауымға бара алдық, бірақ шынайы Құдай Ехобаға қатты қызмет еткіміз келді. Ал біздің жағдайымызда бұлай ету өте қиын еді, сондықтан біз үйден қашудың амалын іздедік. Не істегенімізді айтып берейін.

 Біз ешкімге білдірмей түскі асқа, жолкіреге кететін ақшаны үнемдеп жинай бастадық, сондай-ақ мен өгей шешеме беретін жалақымнан да аздап жинап отырдым. Біз үш чемодан сатып алып, оны басқа жерге тығып қойдық. Оған біртіндеп киімдерімізді апарып салып отырдық. 1972 жылдың мамыр айында Джасуиндер 18-ге таяп қалғанда жинап қойған 100 фунт ақшамызды (260 АҚШ доллары) алып, Англияның оңтүстік-батысындағы Пензанс қаласына баратын пойызға отырдық. Бұл қалаға келгеннен кейін біз жергілікті бауырластармен хабарластық, олар бізді жылы қарсы алды. Күн көру үшін жұмыс табу қиын болған жоқ, біз әртүрлі жұмыстарды істедік, мысалы, балық тазаладық. Соның арқасында пәтер жалдап, сол жерде тұрақталып қалдық.

 Біз Харри және Бетти Бригс есімді үлкен жастағы ерлі-зайыптымен зерттеу сабағымызды жалғастырдық. Отбасымыздан жасырынып жүріп, 1972 жылдың қыркүйек айында Трура Патшалық сарайындағы кішкентай бассейнде шомылдыру рәсімінен өттік. Чанни ізашарлық қызметті бастады, ал Джасуиндер екеуміз оны қаржылай қолдадық.

Үндістандағы қызметіміз

 Жастары тоқсанға таяп қалса да, Харри мен Бетти жүйелі түрде Англияның оңтүстік-батысындағы Силли аралдарына уағыздауға барып тұратын. Оларға қарап біз де қызмет аясын кеңейткіміз келді. Сондықтан 1973 жылы басында айтып кеткен Скиннер бауырласпен сөйлескен соң, Үндістанға көшуді шештік.

 Сөйтіп, 1974 жылдың қаңтар айында Нью-Делиге біржолата көшіп бардық. Дик Коттерилл бауырлас бізді күтіп алып уақытша миссионерлер үйіне жайғастырды. Чанни тұрақты ізашар болып қызмет етіп жүрді. Джасуиндер екеуміз де қолымыздан келгенше көбірек қызмет етуге тырыстық.

 Кейін біз Үндістанның солтүстік-батысындағы Пенджабқа кеттік. Алғашында біз Чандигарх қаласындағы миссионерлер үйінде уақытша тұрдық, кейін пәтер жалдадық. Мен 1974 жылдың қыркүйек айынан бастап тұрақты ізашар болып қызмет ете бастадым. Ал 1975 жылы арнайы ізашар болып тағайындалдым. Уағыздап жүргенде адамдар Ехобаның сүйіспеншілігі мен әділдігі жайлы көбірек білу үшін панджаби тілінде әдебиеттер қажет екенін түсіндім. 1976 жылы Үндістандағы филиал кеңсесі үшеумізді әдебиеттерді панджаби тіліне аударуға шақырды. Ешқандай баспа машинасы да, компьютер де болмағандықтан жұмыс өте қиын жүретін. Әдебиеттерді біз қолмен жазып аударатынбыз, кейін оны тексеріп, оқып шығатынбыз. Ал оларды басып шығару үшін жергілікті ескі бір баспа машинасын қолданатынбыз. Бұл үшін әрбір әріпті қолмен қойып шығуға тура келетін.

Чандигархтағы қауымымыз, Пенджаб, Үндістан

Денсаулығым сыр берсе де, қуанышпен қызмет ете бердім

 Үшеуміздің де жағдайымыз аяқ астынан өзгеріп кетті. Джасуиндер бір ер бауырласқа тұрмысқа шығып, Канадаға көшіп кетті. Чанни болса Құрама Штаттардан келген неміс бауырласқа күйеуге шығып, АҚШ-қа көшіп кетті. Ал менің денсаулығым сыр беріп, 1976 жылдың қазан айында Англияға қайттым. Лестерде тұрып жатқан туған анам мен бауырыма көшіп бардым, олар шындыққа қарсы емес еді. Туғандарым мені өз қамқорлықтарына алды. Сол жақта менің Иван синдромына шалдыққаным мәлім болды. Бұл — адамның өз иммундық жүйесі қан жасушаларын зақымдайтын өте сирек кездесетін ауру. Маған неше түрлі ем-домдар жасады, көк бауырымды алып тастады. Денсаулығыма байланысты ізашарлық қызметімді тоқтатуға тура келді.

 Мен Ехобаға жалынып “денсаулығым кішкене жақсарса, саған қайтадан ізашар болып қызмет етер едім” деп дұға айттым. Кейін дұғама сай әрекет етіп, ізашарлық қызметті қайта бастадым. Арасында қатты ауыратыныма қарамастан, 1978 жылы мен Вулверхэмптонға көшіп бардым. Ол жақта панджаби тілінде сөйлейтін адамдар көп еді, мен соларға уағыздап жүрдім. Адамдарды қауым кездесуіне шақыру үшін, біз қолдан шақыру қағазын жазатынбыз да, көшірмесін жасап көбейтетінбіз. Сосын оны панджаби тілінде сөйлейтін адамдарға тарататынбыз. Қазір Британияда панджаби тілінде бес қауым, үш топ бар.

 Британия филиалының бауырластары менің Үндістанда панджаби тіліндегі аударма ісіне қатысқанымды білді. 1980 жылдың соңына таман олар менімен хабарласты. Сөйтіп, мен Лондондағы Бетелде гурмукхи жазу жүйесін дайындауға көмектесе бастадым. Маған бірнеше істі бірге алып жүру керек болды. Өзімді асырау үшін жұмыс істейтінмін, алыста тұратын анама қамқорлық көрсететінмін, сондай-ақ Бетелде ерікті болып қызмет ететінмін. Кестем тығыз болса да, Бетелде қызмет еткен маған қатты ұнайтын.

1980 жылдың соңына таман, Лондондағы Бетелде

 1991 жылдың қыркүйек айында панджаби тілінің аударма тобына көмектесуге шақырылдым. Бетелге толық уақыт қызмет етуге шақырыламын деп ешқашан ойламаппын. Ауруымның кесірінен Бетелде қызмет етуге лайық емеспін деп ойлайтынмын. Оның үстіне жасым да Бетелде қызмет ету талабына сай келмейтін. Сонда да Ехоба маған осындай мәртебе сыйлады. Осылай денсаулыққа байланысты қиындықтармен күресе жүріп, Бетелде де қызмет ете бердім. Химиотерапия алғанда не басқа да ем-шараларды қабылдағанда, мен талай рет қанмен байланысты қиындықтарға кезіктім. Мені емдеген гематологтар қан құйдырмай аяққа тұрып кеткеніме таң қалды. Сөйтіп, мені Лондондағы үлкен бір ауруханада өткен семинарға шақырды. Онда мен 40-қа жуық дәрігер мамандарының алдында 10 минут бойы өзімнің қансыз емге қатысты көзқарасымды түсіндіріп бердім. Сондай-ақ менімен бірге Ауруханалармен байланыс бөлімінде қызмет ететін бір ер бауырлас та болды. Ол да дәрігерлердің көптеген сұрақтарына жауап берді.

 Осы қиын кездердің бәрінде Джасуиндер мен Чанни мені әрдайым қолдап отырды. Сондай-ақ Бетел отбасы мен басқа да достарымның қамқорлығы үшін өте ризамын. Қиындығым қандай болмасын, Ехоба маған күш беріп, қызметімді жалғастыруға көмектесіп келеді (Зәбүр 73:26).

Ехобаның батасы адамды байытады

 Бетелде қызмет етіп жатқаныма 33 жыл болды. Осы жылдардың бәрінде: “Дәмін татыңдар да, Ехобаның ізгілігіне көз жеткізіңдер”,— деген сөздердің растығына көзім жетті (Зәбүр 34:8; Нақыл сөздер 10:22). Адал қарт бауырластарымыздың үлгілері маған көп жігер береді. Бұрын панджаби тілінде менімен зерттеген қызығушылардың көбісі қазір Ехобаға адал қызмет етіп жүр. Соларды көріп жүрегім шаттыққа толады. Менің туған-туыстарыммен де қарым-қатынасым жақсы. Анам мен ағам Куәгер болмаса да, маған үнемі “сен Құдайға шын берілген адамсың” деп отырады. Қарт анама қарау үшін Бетелден кетуді ойлағанда, ағам маған: “Сен пайдалы іспен айналысып жүрсің, сол жақта қала бер”,— деді. Қазір анам күтім көрсету орталығында. Ол жер Бетелден алыс болса да, мен анамды көруге жиі барып тұрамын.

 Өмірде қандай қиындыққа кезіксем де, өзіме: “Қорықпа, Камал, Ехоба сенің қалқаның. Сенің алатын сыйың аса зор болады”,— деп айтамын (Мұсаның 1-жазбасы 15:1). Әділдіктің Құдайы Ехоба кішкентай кезімнен мені байқап, осындай мағыналы істі сеніп тапсырғанына шексіз ризамын (Ишая 30:18). Ешбір адам: “Мен науқаспын”,— демейтін кезді мен асыға күтудемін (Ишая 33:24).

Челмсфордтағы Бетел