ӨТКЕН ЖЫЛДЫҢ АЙТУЛЫ ОҚИҒАЛАРЫ
Жаңалықтар. Дүниежүзінен келген хабар
Канаданың түкпір-түкпірін аралау
Канададағы қажеттілікке сай, “Киелі кітапты оқудың қандай пайдасы бар?” деген бейнеролик жергілікті сегіз тілге аударылды. 2014 жылдың қазан айында Арктиканың Нунавик аймағында өткен он күндік науқан кезінде 12000-нан астам тұрғыны бар 14 қауымдастықтың әрбір дерлік отбасы бұл бейнероликті өздерінің инуктитут тілінде тамашалады.
Меңгерушіні таңғалдырған жайт
2014 жылдың қыркүйегінде Оңтүстік Кореяның Сангам әлем кубогы стадионында Сеул халықаралық конгресі өтті. Конгреске 56 000-нан астам адам қатысты. Стадион меңгерушісі Куәгерлердің конгресс кезіндегі әдепті жүріс-тұрыстары мен жұмыла әрекет еткендеріне ризашылығын білдірді. Ол былай деді: “Барлығы да өздерін әдепті ұстады. Олардың стадионды өзіміздің кәсіби тазалаушылардан да таза етіп жинағандарын көргенде қайран қалдым. Біздің жұмысшылар да өз істеріне осылай қараса екен деймін. Дінді шындап ұстанғымыз келсе, осы Ехоба куәгерлері сияқты болуымыз керек”.
Оңтүстік Корея. 2014 жылы Сеулде өткен халықаралық конгресс
Ехоба бізді алдын ала дайындады
2012 жылдың мамыр айында Швециядағы Ехоба куәгерлері елдің үкіметінен басқа діни ұйымдарға беретін қаржылай жеңілдіктің өздеріне де берілуін өтінген болатын. Алайда үкімет олардың өтінішін орындаудан бас тартты. Сонда Басқарушы кеңес олардың елдің Жоғарғы Әкімшілік сотына жүгінуін мақұл көрді.
Жоғарғы Әкімшілік сот шешім қабылдамас бұрын, алдымен тыңдалым өткізуді ұйғарды. Сонда әртүрлі елден келген бірнеше бауырлас сотта қойылуы мүмкін сұрақтарға қалай жауап беруге болатынын талқылау үшін Стокгольмдегі Патшалық сарайында бас қосуды шешті.
Дайындық кезінде біреу есіктің қоңырауын басты. Ер бауырластардың бірі есікті ашса, 13—14 жасар екі қыз тұр екен. Олар өздерін таныстырып, Ехоба куәгерлері туралы біраз сұрақтары бар екенін айтты. Әлгі бауырлас: “Қолымыз бос болмағандықтан мен олардан басқа күні келулерін өтінгім келді”,— дейді.
Десе де ол қыздармен сөйлесуді шешті. Олардың сұрақтары көп екен. Тіпті әлеуметтік мәселелер мен сайлауға қатысу сияқты тақырыптар қозғалды. Кейіннен бауырласымыз іште отырған бауырластарға оралып, қыздардың қандай сұрақтар қойғанын және оларға қалай жауап бергенін айтып берді.
Келесі күні сот тыңдалымы кезінде бауырластар таң-тамаша болды, өйткені Сот дәл сол қыздар сұраған көптеген сауалдарды қойды. Ұйымның атынан сөйлеген ер бауырлас былай дейді: “Мен елдің ең беделді деген заңгерлерінің алдында тұрдым, сондықтан мұндайда қатты абыржысам, түсінікті-ақ болар еді. Алайда менің көңілім тыныш болды. Мен Ехобаның осыдан бір күн бұрын бізді жақсылап дайындап, қолдау көрсеткенін сездім”.
Сот біздің пайдамызға шешім қабылдап, өтінішімізді қанағаттандыру үшін істі үкіметке бағыттады.
Кеннің бір дорба күріші
Алты жасар Кен Гаитиде тұрады. Ол өз қауымы үшін Патшалық сарайы соғылатынын білгенде, қатты қуанып кетеді. Содан садақа жәшігін жасап, бөлмесіне тығып қояды. Кен ата-анасының мектепке берген ақшасын жұмсамай, жәшігіне салып отырады. Құрылыс тобы жобаны бастағанша, балақай үзбей садақа жинап жүреді. Ал құрылыс басталғанда, ол құрылысшыларға бір дорба күріш сатып алуға жететін ақшасы бар садақа жәшігін табыстайды. Кеннің күріші бірталай күн бойы құрылысшыларға түскі асқа әзірленіп жүрді.
Генералдың бұйрығы
Эбола ауруының етек алуымен байланысты өткен жылы Сьерра-Леоненің кей аумақтарында карантин жарияланып, сонда кіру үшін төсбелгі мен көлікпен кіру рұқсатын алу талап етілді. Сол аумаққа кіргісі келген аудандық бақылаушы да, басылымдар мен хаттарды таситын шабармандар да осылай ету керек еді. Апаттан зардап шеккендерге көмектесу комитетіндегі бауырластарға дезинфекциялайтын затты, инфрақызыл термометрлерді және азық-түлікті осы аумаққа алып кіру қажет болды. Бір таңғаларлығы, қажетті құжаттар әрдайым беріліп отырды.
Әсіресе бір оқиға бауырластардың сенімін қатты нығайтты. Бауырластар 34 төсбелгі мен 11 көлікке кіру рұқсатын сұрап, өтініш жазды. Бірақ рұқсат алу үшін олар генералмен кездесу керек еді. Содан филиалдан келген екі ер бауырлас төсбелгілер мен өту рұқсатын аламыз деген үмітпен генералдың кеңсесіне барады. Бірақ бауырластардың жазған өтініші кеңсенің еш жерінен табылмай қояды. Қызметкерлер бауырластардан сол жерде тұрған бір бума өтініштің арасынан өздерінен іздеп көруді сұрайды, алайда ол жерден де табылмайды. Сол кезде генерал хатшысына кеңсені жапқалы жатқанын және енді өтініштерді екі аптадан кейін ғана қарастыратынын айтады. Сонда бауырластар Ехобаға іштей дұға етіп, көмек беруін жалбарынып сұрайды. Сонда генерал оларға қарап: “Сендерге өзі қанша төсбелгі мен өту рұқсаты керек?”— дейді. Олар санын айтқанда, генерал орнынан тұрып: “Бұл тым көп қой!”— деп зекіп салады.
Бауырластарымыз генералға қандай іспен айналысатындарын және көрсетіп жатқан көмектері Эбола ауруымен күресуге қалай көмектесетінін түсіндіреді. Сонда генерал бір сәтке кідіріп, хатшысына қарайды да: “Мыналарға сұрағандарын бер”,— дейді.
Гвинея және Сьерра-Леоне. Патшалық сарайларында залалсыздандыру шаралары ұйымдастырылды

