3-САБАҚ
Рахаб Ехобаға сенді
Иерихон қаласында жүрміз деп ойлашы. Бұл — Қанахан жерінде орналасқан қала. Оның тұрғындары Ехобаға сенбейді. Сол қалада Рахаб есімді бір әйел тұрады.
Рахаб кішкентай кезінде Мұсаның Қызыл теңізді қалай қақ жарғанын, исраилдіктерді Мысырдан қалай алып шыққанын естіген. Сондай-ақ жауларын жеңуге Ехобаның қалай көмектескенін естіген. Ал енді исраилдіктер Иерихонға жақын жерге келіп тоқтады. Рахаб мұны да біледі.
Рахаб Ехобаға сенгендіктен тыңшыларды жасырып қойды
Бір күні, кеш батқанда, Иерихонды барлау үшін екі исраилдік келді. Оларды тыңшылар дейді. Екеуі Рахабтың үйіне келгенде, әйел оларды үйіне кіргізді. Түнде Иерихонның патшасы қалаға тыңшылар келгенін және олар Рахабтың үйіне барғанын естіді. Содан патша тыңшыларды ұстауға адамдарын жіберді. Рахаб болса әлгі екі кісіні үйдің төбесіне жасырып қойды да, патшаның адамдарына: “Үйіме тыңшылардың келгені рас, бірақ олар қаладан кетіп қалған. Тезірек соңдарына түссеңіздер, қуып жетесіздер!”— деді. Рахаб тыңшыларға неге көмектесті? ~ Ол Ехобаға сенді және оның Қанахан жерін исраилдіктерге беретінін білді.
Тыңшылар кетерде Рахабқа уәде беріп, Иерихон жойылғанда, әйел де, оның отбасы да аман қалатынын айтты. Тыңшылар әйелге не істеуді бұйырды? ~ Олар: “Терезеңде ал қызыл арқан байлаулы тұрсын. Осылай етсең, үйіңдегі адамдардың бәрі аман қалады”,— деді. Рахаб тыңшылардың айтқанын бұлжытпай орындады. Кейін не болғанын білесің бе? ~
Ехоба Рахаб пен оның отбасын аман алып қалды
Бірнеше күннен кейін исраилдіктер қаланы үн-түнсіз айналып шықты. Осылай олар алты күн бойы, күніне бір рет, қаланы айналды. Ал жетінші күні олар қаланы жеті рет айналды. Сосын бәрі қатты айғайлады. Сол кезде Ехоба қаланың қабырғасын қиратты. Бірақ ал қызыл арқан байланған үйді қиратқан жоқ! Мұны суреттен көріп тұрсың ба? ~ Осылай Рахаб пен оның отбасы аман қалды!
Рахабтан қандай үлгі алуға болады, айта қойшы? ~ Рахаб Ехобаға сенді. Өйткені ол оның жасаған керемет істері жайлы естіген. Сен де Ехобаның керемет істері жайлы біліп жатырсың. Сен Ехобаға Рахаб сияқты сенесің бе? ~ Иә, сенетініңді білеміз!