Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

 1-СҰРАҚ

Мен қандай адаммын?

Мен қандай адаммын?

БҰЛ СҰРАҚТЫҢ МАҢЫЗЫ

Өзіңнің кім екеніңді және өмірлік ұстанымдарыңды жақсы білсең, қысым көргенде дұрыс әрекет ететін боласың.

СЕН НЕ ІСТЕР ЕДІҢ?

Мына жағдайды елестетіп көрші: Карина есімді жасөспірім қыз көңіл көтеруге жиналған достарына қосылғанына он минуттай уақыт болды. Бір кезде ол арт жағынан: “Карина, неге құр тұрсың?”— деген таныс адамының даусын естиді.

Карина артына бұрылып қараса, қолына екі сыра ұстаған Джесика тұр екен. Ол сыраның бірін Каринаға ұстатып жатып: “Мынау саған. Тек мен әлі кішкентаймын демеші!”— дейді.

Карина сырадан бас тартқысы келеді, бірақ Джесика оның досы ғой. Джесика оны көңіл көтеруді білмейтін, жалықтыратын адам деп ойлап қалса ше? Оның үстіне, Джесика жаман қыз емес. “Өзі де ішіп жатса, мұнда тұрған ештеңе жоқ шығар. Бұл жай ғана сусын, есірткі қабылдап жатқан жоқпыз ғой”,— деп ойлайды Карина.

Сен осындай жағдайға тап болсаң, не істер едің?

ТОҚТА ДА, ОЙЛАН!

Мұндай жағдайда дұрыс әрекет ету үшін сен оң мен солын таныған адам болуың керек. Мұндай адамның ішкі даусы өзінің кім екенін және қандай өмірлік ұстанымдары бар екенін айтып тұрады. Ол басқалардың жаман ықпалына беріле салмайды. Оның өз өміріне өзі ие болуға ерік-жігері жетеді (Қорынттықтарға 1-хат 9:26, 27).

Ендеше ерік-жігеріңді қалай қайрай алар едің? Бұл ретте келесі беттегі төрт сұрақтың көмегі зор болмақ.

 1. МЫҚТЫ ЖАҚТАРЫМ ҚАНДАЙ?

Қабілеттерің мен жақсы қасиеттеріңді білгенің өз-өзіңе деген сенімділігіңді арттырады.

ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ. Елші Пауыл: “Сөзге шешен болмасам да, білімім жеткілікті”,— деген болатын (Қорынттықтарға 2-хат 11:6). Басқалардың сын пікірі Киелі жазбаларды жетік білген Пауылдың жігерін жасытпады. Иә, әлдебіреулердің сын сөзі оның өз-өзіне деген сенімділігінен айырмады (Қорынттықтарға 2-хат 10:10; 11:5).

ӨЗ-ӨЗІҢДІ ТЕКСЕР. Бойыңда бар қабілетіңді я қолыңнан келетін қандай да бір істі жаз.

Ал енді айрықша байқалатын бір қасиетіңді сипаттап жаз. Мүмкін, сен қамқор, жомарт, сенімді я кешікпей жүретін адам шығарсың.

2. ӘЛСІЗ ЖАҚТАРЫМ ҚАНДАЙ?

Шынжырдың әлсіз жері бүкіл шынжырды әлсіз етеді. Бұл дегеніміз — әлсіз жақтарыңмен күреспесең, олар сені бір пәсте құрдымға әкетеді.

ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ. Пауыл өзінің әлсіз жақтарын жақсы білген. Ол былай деп жазған: “Іштей Құдай заңына қуанамын, алайда бойымда басқа бір заңның бар екенін байқаймын. Ол ой-санамдағы заңға қарсы күресіп, мені тәнімдегі күнә заңының тұтқыны етеді” (Римдіктерге 7:22, 23).

ӨЗ-ӨЗІҢДІ ТЕКСЕР. Түзетуің қажет қандай осал тұсың бар?

 3. МАҚСАТТАРЫМ ҚАНДАЙ?

Таксиге отырған соң, жүргізушіден жанармайы таусылғанша бір жерді айналып жүре беруді өтінер ме едің? Бұл ақымақтық болар еді әрі қалтаңнан қағыларың анық!

Сол сияқты алдыңа нақты бір мақсат қойып, соған жетуге талпынбасаң, бір жерді қайта-қайта айналып жүргендей боласың.

ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ. Пауыл: “Мен мақсатсыз жүгіріп келе жатқан жоқпын”,— деген (Қорынттықтарға 1-хат 9:26). Ол жел қайда соқса, сонда еріксіз кете беретін қаңбақ сияқты болмаған. Қайта, алдына нақты мақсаттар қойып, соларға қол жеткізуге күш салған (Філіпіліктерге 3:12—14).

ӨЗ-ӨЗІҢДІ ТЕКСЕР. Алдағы бір жылда қандай үш мақсатқа қол жеткізгің келетінін жаз.

4. ӨМІРЛІК ҰСТАНЫМДАРЫМ ҚАНДАЙ?

Өзіңді оң мен солын таныған адам ретінде танытсаң, тамырын терең жайған ағаш сияқты боласың. Ондай ағаш сұрапыл дауылда міз бақпай тұрады

Нақты ұстанымдарың болмаса, өз-өзіңе сенімсіз боласың. Мұндайда түсін өзгертіп құбылатын хамелеон сияқты, құрдастарыңа ұқсауға тырысып бағасың. Өз ой-пікірі жоқ адамның бірден-бір белгісі — осы.

Ал егер өз ұстанымдарыңнан таймасаң, басқалардың ырқына оңай көне салатын адам емес екеніңді көрсетесің.

ҰРПАҚҚА ӨНЕГЕ. Жасөспірім шағында болса керек, Даниял пайғамбар отбасынан ажырап қалады. Десе де ол қайда жүрсе де Құдай заңдарынан аттамауға өз жүрегінде бел байлады (Даниял 1:8). Даниял өле-өлгенше осы шешіміне берік болды. Иә, ол өмірлік ұстанымдарына сай әрекет етті.

ӨЗ-ӨЗІҢДІ ТЕКСЕР. Сенің нанымдарың қандай? Мысалы, Құдайдың бар екеніне сенесің бе? Неліктен сенесің? Оның бар екеніне қандай дәлел көзіңді жеткізді?

Құдайдың өнегелікке қатысты талаптары өзің үшін пайдалы екенімен келісесің бе? Келіссең, неге екенін түсіндіре аласың ба?

Ойланып көрші, сен қайсысына ұқсағың келеді: жел оп-оңай іліп әкететін қаңбаққа ма, әлде күшті дауыл кезінде мызғымай тұратын ағашқа ма? Өзіңді өмірлік ұстанымдары бар қалыптасқан тұлға ретінде танытсаң, осы берік ағаш сияқты боласың. Бұл саған “Мен қандай адаммын?” деген сұраққа сеніммен жауап беруге көмектеседі.