Табиғи апаттар неге сонша көп?

Табиғи апаттар неге сонша көп?

БҮГІНДЕ жаңалықтардан апаттар туралы көп естиміз. Апаттан зардап шеккендердің саны барған сайын артуда. Белгиядағы бір зерттеу орталығының есебі бойынша, тек 2010 жылдың өзінде 373 апат орын алып, кемінде 296 000 адам қайтыс болған (“Centre for Research on the Epidemiology of Disasters”).

Соңғы бірнеше онжылдықта апаттардың саны айтарлықтай артқан. Мысалы, 1975 пен 1999 жылдар аралығында жылына 300-ге жуық апат орын алса, 2000 мен 2010 жылдар аралығында олардың саны 400-ге дейін жеткен. Бәлкім, сіз де: “Бүгінде апаттар неге сонша көп?”— деп ойланатын шығарсыз.

Жиі адамдар апаттарды Құдайдың ісі деп қарастырғанмен, шындығына келгенде бұл олай емес. Көп залал тигізіп жатқан апаттардың артында Құдай тұрған жоқ. Киелі кітапта біздің күндерімізде апаттардың орын алатыны алдын ала айтылып кеткен. Мысалы, Матай 24:7, 8-де Иса пайғамбар былай деген: “Түрлі жерлерде ашаршылық пен жер сілкіністері болады. Бұлардың барлығы — толғақ азабы іспетті ауыр кезеңнің бастамасы”. Иса пайғамбар бұлардың болатынын не себепті айтқан? Мұның біз үшін қандай мәні бар?

Иса пайғамбар “Осы заманның аяқталып қалғанын қандай белгі білдірмек?” деген сұраққа жауап бергенде, түрлі жайттарға қоса, осы апаттардың да орын алатынын айтқан (Матай 24:3). Ал содан кейін: “Осылардың болып жатқанын көргенде, Құдай патшалығының таяп қалғанын білесіңдер”,— деп нақты айтты (Лұқа 21:31). Олай болса, бүгінде орын алып жатқан табиғи апаттардың біз үшін мәні зор. Олар жақында үлкен өзгерістер болатынын көрсетеді.

Апаттарға себепші болатын жайттар

Десе де көп адам: “Апаттарға Құдай жауапты болмаса, онда кім жауапты?”— деп сұрап жатады. Мұның жауабын білу үшін Киелі кітаптағы маңызды шындықты түсінуіміз керек. Ол жерде: “Бүкіл дүние Шайтанның билігінде”,— деп айтылған (Жоханның 1-хаты 5:19). Осы сөздерден көрінетіндей, дүниедегі қайғылы жағдайларға Құдай емес, көп жағдайда оның қас жауы Шайтан кінәлі (Аян 12:9, 12).

Құдайдың бұл жауы қара басының қамын ойлап, адамдарды өз мүддесі үшін қолданады. Бүкіл дүниені уысында ұстап тұрған ол адам баласының бойында да өзімшілдік рухын дамытады. Киелі кітапта осылай болатыны алдын ала айтылып кеткен еді. Онда “соңғы күндері” адамдардың “тек қара басын ойлайтын, ақшақұмар, мақтаншақ, тәкаппар” болатыны айтылған (Тімөтеге 2-хат 3:1, 2). Адамдар осы және басқа да жаман қасиеттерді танытуымен Шайтанның дүниесінің өркендеуіне үлес қосады. Иә, Шайтан адамдардың бойында өзімшілдік пен ашкөздік рухын дамытып, табиғат ресурстарын өз мақсатына пайдалануға талпындырады. Ал бұдан көп адам жапа шегіп жатады.

Бүгінде дүниені жайлаған ашкөздік рухы апаттардың орын алуына қалай себепші болып отыр? Дүниежүзілік апаттар туралы Біріккен Ұлттар Ұйымы былай деп мәлімдейді: “Адамдар көп жағдайда су тасқыны сияқты апаттар болып тұратын қауіпті аймақтарда шоғырланады. Сондай-ақ ормандар мен ылғалды аймақтардың жаппай жойылуы қоршаған ортаның қауіпке қарсы тұру күшін азайтады. Бұған қоса, адамдардың іс-әрекеттерінің кесірінен атмосферада жиналған улы газдар жер бетіндегі климаттың өзгеруі мен теңіз деңгейінің көтерілуіне әкеп соғуда”. “Адамдардың іс-әрекеттерінің” көбісі экономиканың дамуына бағытталғандай көрінгенмен, шындығына келгенде, бұл — дүниеге сіңіп кеткен өзімшілдік пен ашкөздік рухының көрінісі.

Көп мамандар адамдардың табиғатқа салғырт қарағаны апаттардың жойқын әсерін арттырып отырғанын айтады. Расында да, адамдар Шайтан билеген дүниенің өзімшілдік рухын таныту арқылы оның қолшоқпары болып отыр.

Көріп отырғанымыздай, көп апаттарға қоршаған ортаға немкетті қарайтындардың іс-әрекеттері себепші болуда. Оның үстіне, кейбір апаттар басқа жерде орын алғанда, соншалықты жойқын болмас еді. Иә, бүгінде кең етек алған әлеуметтік теңсіздіктің кесірінен адамдардың қауіпті аумақтарда шоғырлануы және арсыз адамдардың жасырын істері көп елде табиғи апаттардың зардабын айтарлықтай арттырып отыр. Әрине, кейде адамдар басқалардың қателігінен не салғырттықтарынан болған апаттардан емес, “уақыт пен жағдайдың орайлас келуінен” де жапа шегіп жатады (Екклесиаст 9:11).

Қалай болған күнде де, төтенше жағдай туғанда, не істеген дұрыс? Келесі мақалада оның зардабын қалай азайтуға болатыны қарастырылады.