НЕГІЗГІ ТАҚЫРЫП
Тіл алуандығы енді кедергі емес! Сахна сыртына көз тастасақ
“Аудармадан күрделі іс жоқ десек, артық айтпас едік” (“Кембридж тіл энциклопедиясы”).
ЕХОБА КУӘГЕРЛЕРІНІҢ әдебиеттері басқа тілдерге аударылмас бұрын бірнеше сатыдан өтеді: жақсылап жоспар құрылады, мұқият ізденіс жасалады, сосын мәтін жазылады. Осы процесс кезінде Нью-Йорктегі дүниежүзілік бас басқарманың жазушылар бөлімі мәтіндегі барлық деректердің туралығын және тілдік қателердің болмауын қадағалайды a.
Сосын, жазушылар бөлімі мәтінді дүниенің түкпір-түкпіріндегі жүздеген аударма топтарына жібереді. Аудармашылар оны өз ана тілдеріне аударады. Аудармашылардың көбісі сол тілде сөйлейтін адамдардың арасында тұрып, сонда жұмыс істейді. Олар түпнұсқа мәтінін жақсы түсінулері қажет әрі ана тілдерін де жетік білгендері жөн. “Ояныңдар!” журналының тілшісі Британиядағы Герайнт есімді аудармашымен сұхбаттасып, осы істің қыр-сырын ашуды сұрады.
Аударма ісі әдетте қалай жүреді?
Біз бірлесіп жұмыс істейміз. Сондықтан өзара түсінісе білгеніміз өте маңызды. Бәріміз бірге аудармаға қатысты қиын мәселелердің шешімін табуға тырысамыз. Бұл ретте жеке сөздерге емес, сөз тіркестеріне көп мән береміз. Олардың тура мағынасын, қандай мақсатпен қолданылғанын анықтаймыз және әрбір мақаланың оқырманы кім екенін әрдайым ойда тұтамыз.
Аудармашы ретінде нені мақсат етесіздер?
Оқырмандарға мақала о баста ана тілдерінде жазылғандай болып көрінсе, біз мақсатымызға қол жеткіздік деген сөз. Ол басқа тілден аударылғандай болып тұрмау керек. Сол үшін де біз мәтінді жатық та табиғи етіп аударуға күш саламыз. Оқырманның көңілін баураудың бірден-бір жолы — осы. Сонда ол жақсы даярланған дәмді тағамды жегендей, мақаланы рақаттанып оқиды.
Сол тілде сөйлейтін адамдардың арасында тұрудың қандай пайдасы бар?
Мұның пайдасы көп. Осының арқасында бізде ана тілімізді күнде естуге мүмкіндік бар. Бұған қоса, қандай да бір сөздерді жұрт назарына ұсынып, олардың қаншалықты табиғи, түсінікті әрі жағымды естілетінін тексере аламыз. Бұл бізге түпнұсқадағы ойларды тура жеткізуге көмектеседі.
Жұмыс барысы қалай жүреді?
Әр топқа белгілі бір жоба тапсырылады. Алдымен, топтың әрбір мүшесі материалмен танысып шығады, кімге арнап жазылғанын және құрылымын анықтайды. Дайындық барысында біз мына сұрақтардың жауабын іздейміз: Ой қай бағытта өрбиді? Тақырыбы мен мақсаты қандай? Бұдан не нәрсеге үйренуге болады? Осы іспетті сұрақтар мәтінге қатысты ойымызды кеңейтіп, аудармаға дайындайды.
Сосын, топ мүшелері ойларын ортаға салып, бір-бірін тыңдайды. “Мақаланы бәріміз жақсы түсіндік пе? Түпнұсқаның жазылу стилін өз тілімізде қалай бере аламыз?” деп ойланамыз. Түпнұсқаны оқыған адам қандай әсер алса, біздің оқырман да дәл сондай әсер алу керек. Міне, біздің мақсатымыз — осы.
Топ мүшелері бірге қалай жұмыс істейді?
Біздің көздегеніміз — мәтінді оқырмандар бір оқығанда-ақ түсінетіндей етіп аудару. Бұл үшін оны бірнеше рет дауыстап оқимыз.
Алдымен, аудармашы бір абзацты аударады. Топтың басқа мүшелері оның тергендерін өз компьютер экрандарынан бақылап отырады. Біз түпнұсқадағы ойлардың қалып кетпегеніне я қосымша ойлардың еніп кетпегеніне көз жеткізіп отырамыз. Сондай-ақ мәтіннің табиғи болуын әрі орфографиялық және грамматикалық қателердің болмауын қадағалаймыз. Сосын абзацты топтың бір мүшесі дауыстап оқиды. Ол оқу барысында мүдірген болса, біз мұның себебін анықтауға тырысамыз. Бүкіл мақала аударылып біткен соң, оны біреуіміз дауыстап оқимыз, ал қалған екеуі түзетуді қажет ететін жерлерін түртіп отырады.
Жұмыстарыңыз оңай емес сияқты ғой!
Иә, солай! Күннің соңында күшіміз сарқылып, шаршайтынымыз рас. Сондықтан аударылған мәтінге ертесіне тынығып келгенде қайта ораламыз. Ал бірнеше аптадан кейін жазушылар бөлімінен түпнұсқа мәтіннің өңделген нұсқасы келеді. Сол кезде аударманы жаңа көзқараспен қайта оқып, өңдеп шығамыз.
Қандай компьютерлік құралдарды қолданасыздар?
Әрине, компьютер аудармашыны алмастыра алмайды. Десе де Ехоба куәгерлері жұмысты жеңілдету үшін, аударма құралдарын жасап шығарды. Осы құралдардың бірі — біздің сөздігіміз. Ол жерге өзіміздің әдебиеттерде кеңінен қолданылатын терминдер мен сөз тіркестерін енгізіп қоямыз. Тағы бір құрал өзіміз бұрын аударған әдебиеттердің негізінде ізденіс жүргізуге арналып жасалған. Бұл ізденіс құралы аудармада кездесетін қиындықтарды бұрын қалай ұтымды жолмен шешкенімізді көруге көмектеседі.
Жұмысыңыздан қанағат тауып жүрсіз бе?
Біз өз еңбегімізді жұртқа ұсынған тарту ретінде қарастырамыз. Адамдар оны оқудан ләззат алу үшін қолдан келгеннің бәрін істегіміз келеді. Әдебиеттегі қандай да бір мақала не сайтымызда жарық көретін мәлімет оқырманның жүрегіне жетіп, өмірін жақсы жаққа өзгертуі мүмкін. Осыны біліп, көңіліміз толқиды.
Пайдасы сарқылмайтын іс
Дүниежүзі бойынша жүздеген миллион адам Ехоба куәгерлерінің әдебиеттерін өз ана тілдерінде сүйіп оқиды. Олардың әдебиеттерінде, бейнежазбаларында және jw.org сайтында берілетін тиімді ақыл-кеңестер Киелі жазбаларға негізделген. Осы қасиетті кітапта Ехоба деген есімі бар Жаратушы Құдай өзінің ізгі хабарын “әрбір ұлт, ру, тіл және халыққа” жарияланғанын қалайды делінген (Аян 14:6). b
a Түпнұсқа мәтін ағылшын тілінде жазылады.
b Сіз www.jw.org сайтынан әдебиеттерді, аудио не бейнежазбаларды өз тіліңізде және жүздеген басқа тілде оқи аласыз.

