КИЕЛІ КІТАПТЫҢ түпнұсқасында шеол деген еврей сөзі және оның грек тіліндегі гадес деген баламасы 70-тен аса рет кездеседі. Бұл екі сөз де өлімге қатысты қолданылады. Киелі кітаптың кейбір аудармаларында олар “қабір”, “тозақ”, “ор” және “о дүние” деген сөздермен берілген. Алайда аталмыш еврей және грек сөздерінің мағынасын тура жеткізетін сөздер барлық тілдерде табыла бермейді. Сонда олардың түпнұсқадағы мағынасы қандай? Олардың қалай қолданылғанын көру үшін бірнеше Жазба орындарын қарастырайық.

Уағыздаушы 9:10-да былай делінген: “Өзің баратын көрде (сілтемеде “шеол”) еңбектену де, жоспарлау да, білім де, даналық та жоқ”. Бұл жерде өлген кісінің сүйегі жерленген нақты бір көр жөнінде айтылған ба? Жоқ. Киелі кітапта біреу жерленген көр жөнінде айтылғанда, еврей және грек тілдерінің шеол не гадес емес, басқа сөздері қолданылады (Мұсаның 1-жазбасы 23:7—9; Матай 28:1). Сонымен қатар отбасы мүшелерін немесе көп адамды жерлеуге арналған зират жайлы айтылған Жазба орындарында да “шеол” сөзі қолданылмайды (Мұсаның 1-жазбасы 49:30, 31).

Олай болса, “шеол” сөзі нені білдіреді? Киелі кітаптан “шеол”, немесе “гадес”, сөздерінің көп адам жерленетін зираттан әлдеқайда үлкен нәрсеге нұсқайтыны көрінеді. Мысалы, Ишая 5:14-те “көрдің [шеолдың] құнығып аузын арандай ашып тұрғандығы” айтылған. Шеол сансыз адамды жалмап жатса да, еш тоймайтындай көрінеді (Нақыл сөздер 30:15, 16). Шектеулі ғана адамды көмуге болатын кәдімгі зират сияқты емес, “көр [шеол] тойымсыз” (Нақыл сөздер 27:20). Бұл дегеніміз шеол әрқашан аранын ашып тұрады, бірақ ешқашан толмайды. Демек, шеол, не гадес — нақты бір жердегі орын емес, бейнелі орын. Өлім ұйқысында жатқандардың басым көпшілігі сол бейнелі жерде.

 Киелі кітаптың қайта тірілу туралы ілімі “шеол” және “гадес“ сөздерінің мағынасын тереңірек түсінуге көмектеседі. Құдай Сөзінен шеол мен гадестегі адамдардың қайта тірілетіні көрінеді * (Әйүп 14:13; Елшілердің істері 2:31; Аян 20:13, сілтеме). Сондай-ақ Киелі кітапта шеол, немесе гадесте, Ехобаға қызмет еткендермен қатар, басқа да көптеген адамдардың бар екені жазылған (Мұсаның 1-жазбасы 37:35; Зәбүр 55:15, сілтеме). Сондықтан Киелі кітап “әділдер де, әділетсіздер де қайта тіріледі” деп үйретеді (Елшілердің істері 24:15).

^ 1-абзац Құдай Сөзінде қайта тірілмейтіндер жаһаннамдағылар ретінде суреттеледі (Матай 5:30; 10:28; 23:33). Түпнұсқада 12 рет кездесетін жаһаннам сөзі қазақша Киелі кітапта “тозақ” деп аударылған: Матай 5:30; 10:28; 23:33. Шеол мен гадес сияқты, жаһаннам да — бейнелі орын.