Өз елдерінде

Ғалақат мектебінде

Панамада зерттеу сабағын жүргізуде

Ехоба куәгерлері теократиялық мектептерді ұйымдастыруымен ерекшеленеді. Мұндай мектептерде Патшалық туралы уағыздауға көп уақытын арнайтын қызметшілер оқиды. Оларға қызметтерін “толықтай атқаруға” көмектесетін білім беріледі (Тімөтеге 2-хат 4:5).

Ізашарлық қызмет мектебі. Алты күндік бұл мектепке толық уақытты қызмет еткеніне бір жыл болған ізашарлар шақырылады. Әдетте ол жақын жердегі Патшалық сарайында өтеді. Аталмыш мектепті ұйымдастырудағы мақсат — ізашарға Ехобаға жақындай түсуге, қызметтің барлық түрін тиімді әрі адалдықпен атқара беруге көмектесу.

Патшалықты жариялаушыларға арналған мектеп. Екі айға созылатын бұл мектеп уағыздаушыларға қажеттілік көп жерлерге көшіп баруға дайын әрі тәжірибесі мол ізашарларды оқытуға бағытталған. Олар, былайша айтқанда: “Мен бармын! Мені жібер!”— дей отырып, ең керемет уағыздаушы болған Иса пайғамбарды үлгі етеді (Ишая 6:8; Жохан 7:29). Үйден жырақта жүргендіктен, оларға қарапайым тұрмыс деңгейіне үйрену керек болар. Ол жердің мәдениеті, ауа райы мен тағамы да мүлдем басқа болуы мүмкін. Тіпті жаңа тілді меңгеру қажет болып жатады. Бұл мектепке 23—65 жас аралығындағы салтбасты ер және әйел бауырластар, ерлі-зайыптылар шақырылады. Олар алдағы қызметтерінде қажет болатын қасиеттерді дамытуға және Ехоба мен оның ұйымына көп пайдасын тигізе алатындай қабілеттерге үйренеді.

Күзет мұнарасының Ғалақат Киелі кітап мектебі. Киелі кітаптан алынған “Ғалақат” деген еврей сөзі “куә төбе” дегенді білдіреді. Ғалақат мектебі 1943 жылы құрылды. Содан бері мектепті тамамдаған 8000-нан аса түлек ізгі хабарды “жердің қиыр шетіне дейін” жариялау үшін миссионерлер ретінде өзге елдерге жіберілді (Елшілердің істері 13:47). Олар зор жетістікке жетті. Мысалы, миссионерлер Перуге алғаш рет келгенде, онда бірде-бір қауым жоқ болатын. Қазір ол жерде 1000-нан аса қауым бар. Миссионерлер Жапонияда уағыздай бастағанда, ол жерде Куәгерлердің саны онға да жетпейтін. Ал қазір олардың саны 200 000-нан асады. Ғалақат мектебінде оқу курсы бес айға жалғасады әрі онда Құдай Сөзі мұқият қарастырылады. Оған арнайы ізашарлар, миссионерлер, филиалдарда қызмет ететіндер мен аудандық бақылаушылар бара алады. Бұл мектеп оларды дүниежүзі бойынша атқарылып жатқан іске қолдау көрсетуге дайындайды.

  • Ізашарлық қызмет мектебі қандай мақсатпен ұйымдастырылған?

  • Патшалықты жариялаушыларға арналған мектепте кімдер дәріс алады?