Көркемдеу бөлімі, АҚШ

Германия

Кения

Колумбия

Ехоба куәгерлері уағыз ісіне жетекшілік ету үшін әртүрлі елдерде арнайы ғимараттар тұрғызған. Бұл ғимараттар орынды түрде Бетел деп аталады, өйткені еврей тілінен алынған бұл сөз “Құдайдың үйі” дегенді білдіреді (Мұсаның 1-жазбасы 28:17, 19, сілтеме). Басқарушы кеңес АҚШ-тың Нью-Йорк штатында орналасқан бас басқармада қызмет етеді. Олар сол жерден әртүрлі елдегі филиалдардың қызметін қадағалайды. Бетел ғимараттарында қызмет ететіндер Бетел отбасы ретінде белгілі. Олар бір үйдің балаларындай, бір жерде тұрады, бір жерде жұмыс істеп, тамақтанады және Киелі кітапты да бірге отырып зерттейді (Зәбүр 133:1).

Бұл — отбасы мүшелері аянбай еңбек ететін ерекше жер. Бетелде өмірлерін Құдай еркін орындауға арнаған ерлер мен әйелдер Патшалықтың мүддесі үшін толық уақыт қызмет етеді (Матай 6:33). Олар жалақы алмайды, бірақ оларға тұратын бөлме, азық-түлік және жеке шығындарын жабатын көмек беріледі. Әр бетелдіктің өзіне тағайындалған қызметі бар. Біреулері кеңседе, асүйде, асханада істесе, өзгелері баспада, кітап түптеу, тазалық, кір жуу не техникалық қызмет көрсету бөлімінде істейді.

Ол жерде уағыз ісін қолдау үшін қызу жұмыс атқарылады. Бетелде атқарылатын қызметтің басты мақсаты — Киелі кітаптағы шындықты мүмкіндігінше көп адамға жеткізу. Мысалы, қолыңыздағы кітапша осы мақсатпен басып шығарылған. Алдымен, бұл кітапша Басқарушы кеңестің басшылығымен жазылды. Сосын, оның электронды нұсқасы дүниежүзіндегі жүздеген аударма топтарына жіберілді. Аударылған мәтін Бетелдің бірнеше баспаханасында жоғары жылдамдықпен істейтін құрылғыларда басып шығарылып, 110 000-нан аса қауымға жеткізілді. Осы аталған сатылардың әрбіріне атсалысу арқылы Бетел отбасы дүниедегі ең шұғыл тапсырмаға — ізгі хабарды уағыздау ісіне — зор үлес қосуда (Марқа 13:10).

  • Бетелде кімдер қызмет етеді және олар немен қамтамасыз етіледі?

  • Бетелде қандай шұғыл іске қолдау көрсетіледі?