Малави

Уағыздау тобы

Уағыздау қызметі

Ақсақалдардың кездесуі

Грек жазбаларында Барнаба мен елші Пауыл жайлы жиі сөз етіледі. Олар алғаш пайда болған қауымдарға барып, аралаушы бақылаушылар ретінде қызмет еткен. Не себепті? Олар рухани бауырластары үшін шын жүректен қам жеген. Пауыл қауымдарға “қайта барып, сондағы бауырластардың жағдайын білгісі” келетінін айтқан. Бауырластарды жігерлендіру үшін ол жүздеген шақырым жерді жүріп өтуге дайын болған (Елшілердің істері 15:36). Бүгінгі таңдағы аралаушы бақылаушылар да бауырластарын көруге дәл осындай ыстық ықылас танытады.

Олар бізді жігерлендіру үшін келеді. Әр аудандық бақылаушы 20 шақты қауымды аралайды. Ол бұл қауымдардың әрқайсысына жылына екі рет келіп, олармен бір апта бойы қызметтеседі. Біз осы тәжірибелі бауырластардан және әйелдері бар болса, олардан да көп нәрсеге үйрене аламыз. Аудандық бақылаушы мен оның әйелі жастармен де, қарт бауырластармен де жақынырақ танысуға тырысады. Олар бізбен бірге уағыз қызметіне және Киелі кітап зерттеу сабақтарына баруға қуанышты болады. Бұл бақылаушылар қауым ақсақалдарымен бірге бауырластарға бақташылық сапар жасайды және бізді рухани нығайту үшін қауым кездесулері мен конгрестерде жігерлендірерлік баяндамалар айтады (Елшілердің істері 15:35).

Олар әрбірімізге көңіл бөледі. Аудандық бақылаушылар қауымдағылардың рухани күйі үшін көп қам жейді. Олар ақсақалдар мен қызмет көмекшілерімен кездесіп, оларға міндеттерін жақсырақ атқаруға көмектесетін тиімді кеңестер береді әрі қауымның жетістіктерін қарастырады. Сондай-ақ олар ізашарларға қызметтерін жемісті атқаруға көмектеседі. Олар жариялаушы ретінде жақында қызмет ете бастағандармен танысып, олардың рухани өсіп жатқандары жайлы білгенде, зор қуанышқа бөленеді. Аудандық бақылаушылардың әрқайсысы біздің “игілігімізді ойлайтын қызметтесіміз” ретінде өздерін басқаларға риясыз ұсынуға дайын (Қорынттықтарға 2-хат 8:23). Біздің осы қымбатты бауырластарымыздың Құдайға деген сенімдері мен адалдықтарына еліктегеніміз дұрыс (Еврейлерге 13:7).

  • Аудандық бақылаушылар қауымдарды қандай мақсатпен аралайды?

  • Олардың қызметінің сізге қандай пайдасы бар?