Бәріміз рухани ас-судың пайдасын көрудеміз

Иса өлерінен аз уақыт бұрын өзінің төрт шәкіртімен, Петір, Жақып, Жохан және Әндірмен, оңашада әңгімелескен еді. Ол соңғы күндері өзінің Патша ретінде билік етіп жатқанын көрсететін белгі жайлы айтқанда, бір маңызды сұрақты көтерді. Ол былай деді: “Қожайыны үйіндегі басқа құлдарға ас-суын уақтылы беріп тұруға тағайындаған адал да ақылды құл кім?” (Матай 24:3, 45; Марқа 13:3, 4). Осы сөздерімен Иса “қожайын” ретінде “адал да ақылды құлды” тағайындайтынын уәде етті. Бұл “құл” соңғы күндері Исаның шәкірттеріне рухани ас-суды уақтылы беріп отыру керек-тін. “Адал да ақылды құл” бір емес, бірнеше адамнан құралу керек болды. Сонда бұл қандай адамдар? Бұл — Исаның киелі рухпен майланған шынайы ізбасарларының кішігірім тобы. Бұл топ Ехоба куәгерлерінің Басқарушы кеңесі ретінде белгілі. Бүгінде олар Ехобаға ғибадат етушілерге рухани ас-суды дер кезінде беріп отыр. Біз осы адал “құлдың” өзімізге “қажетті ас-суды уақтылы” беріп отыруына мұқтажбыз (Лұқа 12:42).

“Құл” қожайыны сеніп тапсырған бүкіл меншікке қарайды (Лұқа 12:44). Иса “құлға” Ехобаның жердегі ұйымына жетекшілік етуді тапсырып, оған үлкен жауапкершілік жүктеді. Бұған Құдай ұйымының мүлкіне қарау, уағыз қызметіне басшылық ету және қауым арқылы тәлім беру істері кіреді. “Адал да ақылды құл” бізге қажетті рухани ас-суды уақтылы беріп отыру үшін әдебиеттер басып шығарады және конгрестер мен қауым кездесулері арқылы тәлім береді.

“Құл” Киелі кітаптағы шындықтарға және ізгі хабарды уағыздау тапсырмасына адал. Сондай-ақ ол Мәсіхтің сеніп тапсырған барлық нәрселеріне даналықпен басшылық ететіндіктен ақылды деп аталады (Елшілердің істері 10:42). Ехоба Құдай рухани ас-суды молайтып, зор өсім беру арқылы “құлдың” атқарып жатқан ісіне көл-көсір батасын төгуде (Ишая 60:22; 65:13).

  • Иса шәкірттерін рухани ас-сумен қамтамасыз ету үшін кімді тағайындады?

  • “Құлдың” адал да ақылды екені неден көрінеді?