Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Қорынттықтарға 2-хат 8:1—24

8  Бауырластар, Македониядағы қауымдарға Құдай рақымын төккені жайлы хабардар еткіміз келеді.  Олар қиындыққа кезігіп, қатты сыналғанда, тақыр кедейлігіне қарамастан, шексіз қуанды әрі жомарттық танытты.  Өйткені мен олардың жағдайларына қарай, тіпті одан да көп бергеніне куәмін.  Олар жомарт сыйларымен қасиеттілерге қызмет етуге өз үлесін қосуға мүмкіндік беруімізді сұрап жалынып қоймады.  Олар күткенімізден де артық жасады: өздерін алдымен Иемізге және Құдай еркі бойынша бізге қызмет етуге арнады.  Сондықтан Титті араларыңда өзі бастаған сый-тарту жинау ісін аяқтауға талпындырдық.  Сендерде сенім, сөйлеу қабілеті, білім, ынта-жігер және біз өздеріңе көрсеткендей сүйіспеншілік — бәрі де мол. Тап солай, осы жомарт сыйларың да мол болсын.  Мұны бұйрық ретінде емес, басқалардың ынта-ықыласына меңзеп, сүйіспеншіліктеріңнің шынайылығын сынау үшін айтып тұрмын.  Иеміз Иса Мәсіхтің рақымын жақсы білесіңдер: ол кедейлігімен сендерді байыту үшін, өзі бай бола тұра, сендер үшін кедей болды. 10  Бұған қатысты менің ойым — бұл істі қайта қолға алғандарың өздерің үшін пайдалы. Оны бір жыл бұрын бастап қана қоймай, бар ықыластарыңмен кіріскен едіңдер. 11  Енді соны аяғына дейін жеткізіңдер. Осылайша қолда барларыңмен бөлісіп, басында ықылас еткен істеріңді аяқтаңдар. 12  Өйткені Құдайға әсіресе шын ықыласпен берілген сый-тарту ұнамды. Ол адамның қолда жоғына емес, барына қарай қабылдайды. 13  Мен басқалардың жағдайын жеңілдетіп, ал сендердікін ауырлатқым келіп отырған жоқ. 14  Бірақ тең бөлісу арқылы сендердегі молшылық олардың, ал олардағы молшылық сендердің қажеттіліктеріңді қамтамасыз етпек, сонда екі жақ та тең болады. 15  Осылайша “Көп жинаған кісіде артылған жоқ, аз жинаған да мұқтаж болған жоқ” деп Жазбада айтылғандай болады. 16  Титтің де жүрегінде сендердің қамдарыңды ойлауға деген ықылас оятқаны үшін Құдайға ризашылық білдіреміз. 17  Себебі Тит тілегімізді қабылдап қана қойған жоқ, зор ықылас танытып, сендерге өз еркімен барғалы жатыр. 18  Онымен бірге тағы бір бауырласты жіберіп отырмыз. Оны барлық қауымдар ізгі хабарға сіңірген еңбегі үшін мақтайды. 19  Оның үстіне, қауымдар оны осы жомарт сый-тартуды жеткізуге арналған сапарымызда бізге серік болсын деп тағайындады. Бұл істі Иемізді даңқтау үшін және өзгелерге қол ұшын беруге дайын екенімізді дәлелдеу үшін атқарамыз. 20  Өзімізге сеніп тапсырылған осы мол садақаны таратуға қатысты бізге ешкімнің мін таққанын қаламаймыз. 21  Біз “Ехобаның ғана емес, адамдардың да алдында барлық істе адал болуға тырысамыз”. 22  Сондай-ақ олармен қоса тағы бір бауырласты жіберіп отырмыз. Оның ынта-жігеріне талай көзіміз жетті. Ол сендерге нық сенімді болғандықтан, қазір одан да зор ынта-жігер танытып отыр. 23  Титке қатысты қандай да бір сұрақтарың болса, ол менің серіктесім әрі сендердің игіліктеріңді ойлайтын қызметтесім. Ал бауырластарымызға келсек, олар — қауым өкілдері және Мәсіхтің даңқы. 24  Сондықтан оларға сүйіспеншілік танытыңдар, әрі неліктен өздеріңді қауымдарға мақтайтынымызды көрсетіңдер.

Сілтемелер