Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Қорынттықтарға 1-хат 14:1—40

14  Сүйіспеншілікке ұмтылыңдар. Рухани сыйлар алуға, әсіресе пайғамбарлық ету сыйын алуға барынша тырысыңдар.  Себебі өзге тілде сөйлейтін кісі адамдарға емес, Құдайға сөйлейді: ол рух арқылы қасиетті құпияларды айтқанымен, оны ешкім түсінбейді.  Ал пайғамбарлық ететін кісі сөздерімен адамдарды рухани нығайтады, жігерлендіреді әрі жұбатады.  Өзге тілде сөйлейтін адам өзін, ал пайғамбарлық ететін адам қауымды нығайтады.  Мен бәріңнің де әртүрлі тілдерде сөйлегеніңді қалар едім, бірақ одан гөрі пайғамбарлық еткендерің артық. Иә, әртүрлі тілдерде сөйлейтін адам қауым нығаю үшін өз сөздерін аудармаса, одан пайғамбарлық ететін адамның пайдасы көбірек.  Бауырластар, мен сендерге келіп, алдарыңда әртүрлі тілдерде сөйлесем, менен қандай пайда? Ал егер көмектесуді қаласам, аянға, білімге және пайғамбарлыққа негізделе отырып әрі тәлім боларлықтай етіп сөйлеуге тиіспін.  Сыбызғы, арфа сияқты жансыз аспаптар да үн шығарады ғой. Бірақ ырғағы өзгеріп тұрмаса, сол сыбызғы немесе арфада не ойналып жатқанын қайдан білеміз?  Керней түсініксіз үн шығарса, кім соғысқа дайындалады?  Сол сияқты, ауыздарыңнан түсінікті сөз шықпаса, не айтқандарыңды адам қалай түсінеді? Айтқандарың далаға кетеді ғой. 10  Дүниеде қаншама көп тілдер бар, бірақ олардың ешқайсысы да мәнсіз емес. 11  Егер айтылған сөздің мағынасын түсінбесем, мен сөйлеп тұрған адам үшін, ал ол мен үшін шетелдік болады емес пе? 12  Сол сияқты сендер де рухтың сыйларына ие болуды барынша қаласаңдар, онда қауымды нығайтатын сыйларды молынан алуға ұмтылыңдар. 13  Сондықтан өзге тілде сөйлейтін адам өз сөздерін аудара алу үшін дұға етсін. 14  Егер мен өзге тілде дұға етсем, онда рух дарытқан сый дұға етуде, бірақ санаммен оны түсінбеймін. 15  Сонда не істеу керек? Мен рух дарытқан сыймен, сондай-ақ санаммен де дұға етемін. Рух дарытқан сыймен, сондай-ақ санаммен де Құдайды мадақтап жырлаймын. 16  Ал егер рух дарытқан сыймен Құдайды мадақтап жырлағаныңда, сол жердегі қарапайым кісі не айтып жатқаныңды түсінбесе, білдірген ризашылығыңа қалайша “аумин” дейді? 17  Сен жақсылап ризашылық білдіргеніңмен, бұдан әлгі кісі рухани нығаймайды. 18  Мен барлығыңнан да көп тілде сөйлеймін, сол үшін Құдайға ризамын. 19  Әйтсе де қауымда өзге тілде 10 000 сөз айтқанша, басқаларға тәлім беру үшін түсінікті болатын бес сөз айтқаным артық. 20  Бауырластар, түсініктерің жас баланікі сияқты болмасын. Бірақ жамандыққа келгенде, бала сияқты, ал түсінуге келгенде, ересек адамдай болыңдар. 21  Мұса заңында былай делінген: “Бұл халыққа шетелдіктердің тілімен және бөтендердің аузымен сөйлеймін, бірақ сонда да олар мені тыңдаудан бас тартады,— дейді Ехоба”. 22  Сонымен, әртүрлі тілдерде сөйлеу — сенетіндер үшін емес, сенбейтіндер үшін белгі, ал пайғамбарлық ету — сенбейтіндер үшін емес, сенетіндер үшін белгі. 23  Сондықтан бүкіл қауым жиналып, бәрі әртүрлі тілдерде сөйлеп жатқанда, қарапайым не сенбейтін адамдар сол жерге келсе, олар сендерді естері ауысыпты демей ме? 24  Ал бәрің пайғамбарлық етіп жатқанда, сенбейтін не қарапайым адам келсе, айтқан сөздерің оны әшкерелейді әрі өзін мұқият тексеруге талпындырады. 25  Сонда жүрегіндегі құпиялары айқын болып, бас ұрып: “Құдай шынымен сендердің араларыңда!”— деп, Құдайға тағзым етеді. 26  Сонымен, бауырластар, не істеу керек? Бірге жиналғанда, бірің забур жырларын айтасың, бірің тәлім бересің, бірің аян аласың, бірің өзге тілде сөйлейсің, тағы бірің аударасың. Осының бәрін бір-біріңді нығайту үшін істеңдер. 27  Өзге тілде сөйлейтіндер болса, екеуі, көп дегенде үшеуі кезектесіп сөйлесін, ал басқа біреу аударсын. 28  Егер аударатын ешкім болмаса, қауымда үндемей, іштей Құдайға сөйлесін. 29  Пайғамбарлардың да екеуі не үшеуі сөйлеп, ал басқалар мағынасын пайымдасын. 30  Егер сонда отырғандардың бірі аян алса, сөйлеп тұрғаны оған сөз берсін. 31  Бәріңе кезектесіп пайғамбарлық етуге болады. Сонда бәрің тәлім алып, жігерленесіңдер. 32  Пайғамбарлық ету сыйын пайғамбарлардың өздері қадағалау керек. 33  Өйткені Құдай — тәртіпсіздіктің емес, татулықтың Құдайы. Қасиеттілердің барлық қауымдарындағыдай, 34  әйелдер қауымда үндемесін, себебі оларға сөйлеуге рұқсат етілмейді. Қайта, ер адамдарға бағынсын, Құдай заңында да осылай делінген. 35  Егер бірдеңені түсінбесе, үйінде күйеулерінен сұрасын. Өйткені әйелдің қауымда сөйлегені ұят. 36  Құдай сөзі сендерден шығып па еді, әлде сендерге ғана жетіп пе еді? 37  Кім өзін пайғамбармын не рухтың сыйына иемін деп ойласа, менің жазып отырғандарымды Иеміздің өсиеті деп қабылдасын. 38  Ал мұны елемейтін адам елемеген күйінде қалады. 39  Сонымен, бауырластарым, пайғамбарлық етуге талпына беріңдер, сөйтсе де әртүрлі тілдерде сөйлеуге тыйым салмаңдар. 40  Тек барлығы лайықты әрі тәртіппен болсын!

Сілтемелер