Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Ғалаттықтарға 5:1—26

5  Мәсіх бізді осындай еркіндік үшін азат етті. Сондықтан берік тұрыңдар, қайтадан құлдықтың мойынтұрығын кимеңдер.  Мен, Пауыл, мынаны айтамын: егер сүндеттелсеңдер, Мәсіхтен сендерге еш пайда болмайды.  Бұған қоса, сүндеттелетін әрбір адамға тағы айтамын: ол Мұса заңын түгел орындауға міндетті.  Заң арқылы әділ деп жариялануға тырысатын қай-қайсысың да Мәсіхтен ажырап, оның рақымынан айырылдыңдар.  Ал біз тек киелі рух пен сенімнің арқасында жетуге болатын әділдікті асыға күтудеміз.  Иса Мәсіхпен бірліктегілер үшін маңыздысы — сүндеттелу не сүндеттелмеу емес, сүйіспеншілікпен әрекет ететін сенім.  Жақсы жүгіріп бара жатыр едіңдер, шындыққа мойынсұна берулеріңе кім бөгет болды?  Бұған сендерді сендірген — өздеріңді шақырған Құдай емес.  Азғана ашытқы бүкіл қамырды ашытады. 10  Иемізбен бірліктегі сендердің менімен келісетіндеріңе сенімдімін. Ал сендерге қиындық тудырып жүрген адам, мейлі ол кім болмасын, лайықты жазасын алады. 11  Ал маған келсек, бауырластар, егер әлі де сүндеттелудің қажеттігін уағыздап жүрсем, неге күні бүгінге дейін қудаланудамын? Онда азап бағанасы сүріндіретін тас болмас еді ғой. 12  Сендерді мазалап жүргендердің өздерін тарттырып тастағанын қалар едім. 13  Бауырластар, Құдай сендерді еркіндікке шақырды. Бірақ еркіндікті тәндік құмарлықтарыңды қанағаттандыру үшін пайдаланбаңдар, қайта, бір-біріңе сүйіспеншілікпен қызмет етіңдер. 14  Себебі бүкіл Мұса заңы “Жақыныңды* өзіңді сүйгендей сүй” деген бір өсиетке саяды. 15  Ал егер бір-біріңді қауып, жей берсеңдер, онда біріңді-бірің құртып жіберуден сақ болыңдар! 16  Ал менің айтарым — киелі рухтың жетекшілігімен өмір сүріңдер, сонда ешқандай тәндік құмарлыққа берілмейсіңдер. 17  Өйткені тәннің қалауы рухтікіне, ал рухтікі тәндікіне қарсы. Бұлар бір-біріне қарсы. Осылайша сендер істегілерің келгенді істемейсіңдер. 18  Ал рухтың жетелеуімен жүрсеңдер, сендерге заңның билігі жүрмейді. 19  Тәннің істері белгілі, олар — азғындық, арам істер, әдепсіздік*, 20  пұтқа табынушылық, сиқырлық*, қаскөйлік, жанжалқойлық, қызғаныш, ашу-ызаға берілу, талас-тартыс, алауыздық, секталар құру, 21  іштарлық, маскүнемдік, ырду-дырду той-думан құру және осы сияқтылар. Бұрын ескерткенімдей, тағы ескертемін, осындаймен айналысатындар Құдай патшалығын мұра етпейді. 22  Ал киелі рухтың жемісі — сүйіспеншілік, қуаныш, татулық*, шыдамдылық, мейірімділік, ізгілік, сенім, 23  жұмсақтық, ұстамдылық. Бұларға қарсы еш заң жоқ. 24  Бұған қоса, Мәсіх Исаның меншігіндегілер тәндерін және оның құмарлықтары мен қалауларын бағанаға ілді. 25  Егер рухтың жетекшілігімен өмір сүріп жатсақ, әрі қарай да рухтың жетекшілігімен жүре берейік. 26  Атаққұмар болып, бір-бірімізді күншілдікке итермелемейік, іштарлық та жасамайық.

Сілтемелер

Мұндағы “жақының” деп аударылған грек сөзі тек туған-туыс не дос-жаранды емес, кез келген адамды білдіреді.
Грекше аселгея. Бұл сөз өрескелдікпен Құдай заңдарын бұзуға, арсыздық пен ұятсыздыққа нұсқайды.
Немесе “спиритизм, яки жын-перілермен байланысу”.
Немесе “тыныштық”.