Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Філіпіліктерге 3:1—21

3  Ал енді, бауырластарым, Иемізге шаттанып қуана беріңдер. Бір нәрсені қайталап жазу мен үшін қиын емес, өйткені бұл сендерді қорғайды.  Арам адамдардан*, зияндық жасаушылардан және сүндеттелу рәсімін жақтаушылардан сақтаныңдар!  Нағыз сүндеттелгендер — біздерміз, өйткені біз Құдай рухымен қасиетті қызмет атқарамыз, Мәсіх Исаны мақтан етеміз және өзімізге* сүйенбейміз.  Өзіне сүйенуге кімде толық негіз бар болса, сол — менмін. Егер біреу өзіне сүйенуге негіз бар деп есептесе, менде онікінен де көп негіз бар:  мен сегізінші күні сүндеттелгенмін, Исраил халқының Буниямин руынан шыққанмын әрі еврейден туған таза евреймін; заңды ұстануға келгенде, парызшыл болғанмын,  құлшыныс танытуға келгенде, қауымды қудалаушы, ал заңға сай әділ болуға келгенде, мінсіз болдым.  Бірақ өзім жетістік деп санаған нәрселердің бәрінен Мәсіх үшін бас тарттым.  Иә, Ием Мәсіх Иса туралы аса құнды білім үшін мен бәрінен де бас тарттым. Мәсіх үшін бәрінен айырылдым, әрі оларды түкке тұрғысыз қоқыс санаймын. Осылайша онымен тығыз қарым-қатынаста  және бірлікте боламын. Бұған заңды орындау арқылы әділ болғанымның емес, Мәсіхке сенгенімнің арқасында Құдайдан келген әділдік арқылы ие боламын. 10  Менің мақсатым — Мәсіхті танып білу, оның қайта тірілуінің құдіретін түсіну және сонікіндей өлімді қабылдап, оның азаптарына ортақтасу, 11  сондай-ақ өлімнен бірінші болып қайта тірілетіндердің арасында болу мүмкін болса, соған ұмтылу. 12  Мен сыйымды алып қойдым не кемелділікке жеттім демеймін, бірақ Мәсіх Иса мені не үшін таңдаған болса, мен де соны иемденемін бе, жоқ па — соны көрейін деп ұмтылудамын. 13  Бауырластар, мен оны иемдендім деп есептемеймін, бірақ мынаны сеніммен айта аламын: өткенді ұмыт қалдырып, алдағы нәрселерге ұмтылудамын, 14  Құдайдың сыйына, яғни Мәсіх Иса арқылы шақырған көктегі өмірге жетуді мақсат етіп, жүгіріп келемін. 15  Арамызда кім рухани толысқан болса, осылай ойласын. Ал қандай да бір нәрсе жайында басқа пікірде болсаңдар, Құдай сендерге мұны да ашады. 16  Алайда неге қол жеткізсек, сол тәртіпке сай өмір сүре берейік. 17  Бауырластар, бәрің маған еліктеңдер және біздің үлгімізге еліктеп жүргендерге көңіл аударыңдар. 18  Себебі көп адам Мәсіхтің азап бағанасының жауындай әрекет етуде. Мен олар туралы жиі айтқанмын, ал қазір көз жасымды төгіп айтып отырмын. 19  Олардың ақыры — өлім, құдайлары — өз қарны, ал мақтаныштары — ұятсыз істері. Олар осы дүниелік нәрселерді ғана ойлайды. 20  Ал біздің отанымыз көкте*. Біз сол жердегі құтқарушы Иеміз Иса Мәсіхті асыға күтудеміз. 21  Ол құдіретті күшін бейшара күйдегі денемізді өзінікі іспетті салтанатты денеге айналдыру үшін және барлығын өзіне бағындыру үшін қолданады.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “иттерден”.
Немесе “тәндік нәрселерге”.
Немесе “біз көктің азаматтарымыз”.