Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Філіпіліктерге 1:1—30

1  Мәсіх Исаның құлдары Пауыл және Тімөтеден, Філіпідегі бақылаушылар мен қызмет көмекшілерін қоса алғанда, Мәсіх Исамен бірліктегі барлық қасиеттілерге:  Құдай Әкеміз бен Иеміз Иса Мәсіх сендерге рақымы мен тыныштығын сыйласын!  Сендерді еске алған сайын Құдайға әрдайым ризашылық білдіріп,  үнемі барлығың үшін жалбарынамын, әрі мұны қуана істеймін,  өйткені ізгі хабарды естіген күннен бастап оның таралуына үлес қосудасыңдар.  Мен мынаған сенімдімін: Құдай сендердің араларыңда бастаған жақсы ісін Иса Мәсіхтің күніне дейін толық аяқтайды.  Барлығың жайлы осындай ойда болуыма толық негізім бар, себебі бұғауда отырған және ізгі хабарды қорғап, оны заңдастыруға тырысып жатқан менімен бірге Құдайдың рақымына ортақтас сендер менің жүрегімнен орын алдыңдар.  Бәріңді Мәсіх Иса іспетті бар көңіліммен жақсы көріп, қатты сағынып жүргеніме Құдай куә.  Мен үнемі дұға етіп, тура білімдерің мен түсініктерің тереңдеп, сүйіспеншіліктерің арта берсе екен, 10  ненің маңыздырақ екеніне көз жеткізіп, осылайша Мәсіхтің күніне дейін кіршіксіз таза болсаңдар екен, ешкімнің сеніміне нұқсан келтірмесеңдер 11  және Құдайға мадақ пен даңқ әкелу үшін Иса Мәсіх арқылы әділ істерді молынан жасай берсеңдер екен деп сұраймын. 12  Бауырластар, басыма түскен жағдайдың ізгі хабарға бөгет жасамай, қайта, кең таралуына септігін тигізіп жатқанын білсеңдер екен деймін. 13  Мұнда патшаның бүкіл күзетші жасағына және басқаларға да менің Мәсіхке қызмет еткенім үшін бұғауда отырғаным мәлім болды. 14  Сондай-ақ бұғауда отырғаным Иемізге қызмет етіп жүрген бауырластардың басым көпшілігіне сенімділік беріп, олар Құдай сөзін айтуға қорықпай, бұрынғыдан да батылдана түсті. 15  Рас, кейбіреулер Мәсіх туралы қызғаныштан және бақталастықпен, ал басқалары таза ниетпен уағыздап жүр. 16  Соңғыларын Мәсіх туралы уағыздауға сүйіспеншілік талпындырады, өйткені олар менің ізгі хабарды қорғауға тағайындалғанымды біледі. 17  Ал біріншілері мұны таза ниетпен емес, күншілдіктен істеп, бұғаудағы маған одан бетер қасірет тартқызғылары келеді. 18  Бұның нәтижесі не болды? Мейлі, қара не ақ ниетпен болсын, Мәсіх туралы уағыздалып жатыр, мен соған қуанамын. Бұдан былай да қуана беремін. 19  Себебі бұл сендердің жалбарынғандарыңның және Иса Мәсіхтің рухының қолдағанының арқасында мені құтқарылуға жеткізетінін білемін. 20  Өйткені еш ұятқа қалмайтыныма, қайта, мен барынша батыл сөйлегендіктен Иса әрдайым мадақталып келгендей, қазір де менің тәнім арқылы, өмірім не өлімім арқылы, мадақталатынына үміттеніп, соны зарыға күтемін. 21  Өмір сүрсем, Мәсіх үшін сүремін, ал өлсем, бұл мен үшін ұтыспен тең. 22  Егер әрі қарай осы тәнімде өмір сүрер болсам, өнімді еңбек етемін. Бірақ қайсысын таңдайтынымды айтпаймын. 23  Екеуінің қайсысына тоқталарымды білмеймін. Өйткені менің қалайтыным — босатылып, Мәсіхпен бірге болу, ал бұның әлдеқайда артық екені анық. 24  Алайда менің тәнімде қалғаным сендер үшін қажеттірек. 25  Осыған сенімді болғандықтан сендер жетістікке жетіп, сенімдеріңнен туатын қуанышқа ие болуларың үшін тәнімде қалып, қастарыңда болатынымды білемін. 26  Осылайша қайтадан өздеріңмен болғанымда, мен арқылы Мәсіх Исаның шәкірті ретінде зор шаттыққа кенелесіңдер. 27  Тек Мәсіх туралы ізгі хабарға лайық әрекет етіңдер. Мен келіп, сендерді көрем бе, жоқ әлде қастарыңда болмаймын ба, сендер туралы берік әрі өзара ниеттес, ізгі хабарға деген сенімдері үшін бір кісідей иық тіресе күресуде, 28  әрі қарсыластарынан еш қаймықпайды дегенді естігім келеді. Бұл — олар үшін жойылатындарының, ал сендер үшін құтқарылатындарыңның дәлелі. Мұны Құдай білдіріп отыр, 29  өйткені сендерге Мәсіхке сену мәртебесі ғана емес, ол үшін азап шегу мәртебесі де берілген. 30  Себебі бұрын менің күрескенімді көрдіңдер, әлі де күресіп жүргенім жайында естудесіңдер, әрі өздерің де мен сияқты күресіп жүрсіңдер.

Сілтемелер