Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Салоникалықтарға 1-хат 5:1—28

5  Ал уақыттар мен мезгілдерге келер болсақ, бауырластар, сендерге бұл туралы жазудың қажеті жоқ.  Өйткені Ехобаның күні тап ұрының түнде түсетіні сияқты келетінін өздерің жақсы білесіңдер.  Жұрт: “Міне, бейбітшілік пен қауіпсіздік!”— деп айтатын уақытта, жүкті әйелдің толғағы кенеттен басталатыны іспетті, олардың да жойылуы кенеттен келеді. Сонда олар еш құтылмайды.  Бірақ, бауырластар, сендер ұрылар сияқты түнекте емессіңдер, сондықтан бұл күн сендер үшін қапылыста келмейді.  Өйткені бәрің де жарықтың ұлдарысыңдар және күннің ұлдарысыңдар. Біз түндікі де, түнектікі де емеспіз.  Сондықтан басқаларға ұқсап ұйықтамай, қайта, ояу әрі қырағы жүрейік.  Себебі ұйықтайтындар әдетте түнде ұйықтайды, ал мас болатындар әдетте түнде мас болады.  Бірақ біздер — күннің ұлдары — қырағы жүрейік, сенім мен сүйіспеншілікті сауыт қылып, ал құтқарылуға деген үмітімізді дулыға етіп киейік.  Себебі Құдай бізді қаһарына ұшырату үшін емес, Иеміз Иса Мәсіх арқылы құтқарылу үшін таңдап алды. 10  Иса біз үшін өмірін қиды. Ол мұны ояу жүрсек те, ұйықтап жатсақ та онымен бірге өмір сүруіміз үшін істеді. 11  Сондықтан бір-біріңді жұбатып, нығайтып жүргендеріңдей, әрі қарай да солай ете беріңдер. 12  Бауырластар, сендерден сұрайтынымыз — араларыңда ауыр еңбектеніп, Иеміздің ісінде жетекшілік етіп, ақыл-кеңес беріп жүргендерді қадірлеңдер. 13  Оларды еңбектері үшін айрықша құрметтеп, жақсы көріңдер. Өзара тату болыңдар. 14  Бауырластар, өздеріңнен тағы мынаны өтінеміз: тәртіп бұзатындарға ескерту жасаңдар, жаны күйзелгендерді жұбатыңдар, әлсіздерді қолдаңдар, барлық адамдарға төзімді болыңдар. 15  Байқаңдар, ешкім жамандыққа жамандықпен қайтармасын, қайта, әрқашан бір-біріңе және өзгелерге жақсылық жасауға ұмтылыңдар. 16  Әрдайым қуаныңдар. 17  Ұдайы дұға етіңдер. 18  Барлық жағдайда Құдайға ризашылық білдіріңдер. Өйткені Мәсіх Исамен бірліктегі сендерге қатысты Құдайдың еркі — осы. 19  Рухтың жалынын өшірмеңдер. 20  Пайғамбарлықтарға немкетті қарамаңдар. 21  Бәрін тексеріңдер, жақсысын ғана берік ұстаныңдар. 22  Жамандық атаулыдан аулақ жүріңдер. 23  Тыныштықтың Құдайы сендерді толығымен қасиетті ете көрсін. Иеміз Иса Мәсіх осында болған кезде өздеріңе ортақ бүкіл рух, жан мен дене барлық жағынан кіршіксіз сақталғай. 24  Сендерді шақырған Құдай адал, ол бұны жүзеге асырады да. 25  Бауырластар, біз үшін дұға ете беріңдер. 26  Барлық бауырластармен сүйіспеншілікпен сүйіп амандасыңдар. 27  Осы хатты бауырластардың бәріне оқып беріңдер деп, сендерге Иеміздің алдында үлкен міндеттеме жүктеймін. 28  Иеміз Иса Мәсіхтің рақымы сендерге жауа берсін!

Сілтемелер