Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Салоникалықтарға 1-хат 4:1—18

4  Бауырластар, біз сендерге қалай жүріп-тұруларың керектігін және Құдайға ұнамды болуды үйреткен едік, сендер соған сай әрекет етіп жүрсіңдер. Енді Иеміз Исаның атынан осы жағынан әрі қарай да жақсара беруге шақырып әрі өтініп отырмыз.  Өйткені Иеміз Исаның атынан өздеріңе қандай бұйрықтар бергенімізді білесіңдер.  Құдай сендердің қасиетті болғандарыңды қалайды, сондықтан азғындықтан аулақ болыңдар;  әрқайсысың өз тәніңді* қасиетті сақтап, қадірлеп, жүгендей біліңдер,  Құдайды білмейтін халықтар сияқты, ашкөздене нәпсіқұмарлыққа салынбаңдар;  осындай қылығымен ешкім бауырласына зияндық жасап, оның құқына қол сұқпасын! Себебі сендерге алдын ала айтып, жақсылап түсіндіргеніміздей, Ехоба мұндай күнәлардың бәрі үшін жазалайды.  Құдай бізді арам істермен айналысуға емес, киелі болуға шақырды.  Сондықтан мұны елемейтін кісі адамды емес, сендерге киелі рухын беретін Құдайды елемейді.  Ал бауырластарға деген сүйіспеншілік туралы өздеріңе жазудың да қажеті жоқ, өйткені бір-біріңді сүюді сендерге Құдай үйретіп жатыр ғой. 10  Иә, сендер бүкіл Македониядағы барлық бауырластарға сүйіспеншілік көрсетіп жүрсіңдер. Бірақ, бауырластар, біз сендерді мынаған шақырамыз: осы жағынан әрі қарай да жақсара беріңдер 11  және өздеріңе бұйырғанымыздай, тыныш өмір сүріп, өзгенің ісіне араласпай, өз қолдарыңмен еңбек етуді мақсат етіңдер. 12  Өзге жұрттың алдында әдепті өмір сүрулерің және еш мұқтаждық көрмеулерің үшін осылай етіңдер. 13  Бауырластар, үміті жоқ басқалар сияқты қайғырмауларың үшін, сендерді өлім ұйқысында жатқандар туралы да бейхабар қалдырғымыз келмейді. 14  Исаның өліп, қайта тірілгеніне сенсек, оның жолында өлім ұйқысына кеткендерге онымен бірге болу үшін Құдайдың өмір беретініне де сенеміз. 15  Біз Ехобаның сөзіне сай мынаны айтамыз: Иеміз осында болатын кезде әлі тірі жүретіндеріміз өлім ұйқысына кеткендерден еш озбаймыз. 16  Себебі Иеміздің өзі көктен бас періштенің даусымен бұйрық беріп, Құдайдың кернейімен түседі, сонда Мәсіх жолында өлгендер бірінші болып тіріледі. 17  Сосын, біз — тірі жүргендер — солармен бірге Иемізбен ауада кездесу үшін бұлт ішінде әкетілеміз, сөйтіп, үнемі Иемізбен бірге боламыз. 18  Ендеше бір-біріңді әрдайым осы сөздермен жұбатыңдар.

Сілтемелер

Сөзбе-сөз “ыдысыңды”.