Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Римдіктерге 9:1—33

9  Исаның ізбасары ретінде жалған емес, шындығын айтып отырмын, өйткені киелі рухтың басшылығымен ар-ұжданым менімен бірге мынаған куәлік етеді:  қасіретім зор, жүрегім үздіксіз сыздайды.  Қанымыз бір бауырларыма көмегі тисе, солар үшін қарғысқа ұшырап, Мәсіхтен аластатылуға да дайынмын.  Құдай оларды, яғни исраилдіктерді, өзінің балалары* еткен, ұлылыққа бөлеген, олармен келісімдер жасасқан. Таурат заңы да, қасиетті қызмет атқару да, Құдайдың уәделері де солардың үлесінде.  Сондай-ақ олар Мәсіх шыққан ата-бабалардың ұрпағы. Бәрін билеп отырған Құдай мәңгі мадақтала берсін! Аумин.  Алайда Құдай сөзі орындалмады деуге болмайды. Өйткені Исраилден тарағандардың бәрі бірдей нағыз исраилдік емес.  Олардың Ыбырайымның ұрпағы болғаны да бәрі бірдей оның балалары екенін білдірмейді. Қайта, Жазбаларда: “Уәде етілген “ұрпақ” Ысқақтан шығады”,— делінген.  Басқаша айтқанда, Ыбырайымнан тарағандардың бәрі Құдайдың нағыз балалары емес, Құдайдың уәдесі бойынша туылған балалар ғана ұрпақ болып есептеледі.  Өйткені Құдай былай деп уәде еткен: “Келесі жылы осы уақытта келемін, сонда Сараның ұлы болады”. 10  Рабиғаға да уәде беріліп, ол арғы атамыз Ысқақтан жүкті болып, бойына егіз ұл бітті. 11  Құдай өзінің таңдап алуға қатысты ниеті адамның ісіне емес, кімді шақырғысы келетініне байланысты екенін көрсету үшін, егіздер туылмай тұрып, яғни ешбір жақсылық не жамандық жасамай тұрып, біреуін таңдады. 12  Сондықтан Рабиғаға: “Үлкені кішісінің құлы болады”,— деді. 13  Бұған қатысты Жазбада: “Мен Жақыпты жақсы көріп, ал Есауды жек көрдім”,— делінген. 14  Онда не демекпіз? Құдайдың әділетсіз болғаны ма? Жоқ, мүлдем олай емес! 15  Ол Мұсаға былай деді: “Мен кімге мейірімді болғым келсе, соған мейірімді боламын, кімге жанашырлық танытқым келсе, соған жанашырлық танытамын”. 16  Демек, Құдайдың таңдап алуы адамның қалауына не қаншалықты күш салғанына емес, Құдайдың мейіріміне байланысты. 17  Перғауын жөнінде Киелі жазбада: “Сен арқылы құдіретімді көрсетіп, бүкіл жер бетіне есімімді жария ету үшін сені тірі сақтап келдім”,— делінген. 18  Сонымен, Құдай өз қалауы бойынша әрекет етеді: біреуге мейірімін көрсетсе, өзге біреудің қасарысуына жол береді. 19  Сен маған: “Онда неге Құдай адамдарды кінәлайды? Оның ашық білдірген еркіне кім қарсы шыға алады?”— дерсің. 20  Ей, пенде, Құдайға қарсы сөйлейтіндей сен кімсің? Жасалған бұйым өзін жасағанға: “Неге мені бұлай жасадың?”— деуші ме еді? 21  Жоқ әлде құмырашының бір балшықтан қадірмен тұтынуға және қарапайым қолданысқа арнап екі түрлі ыдыс жасауға еркі жоқ па? 22  Мынаған не демекпіз, Құдай қаһарын төгіп, құдіретін көрсеткісі келгеніне қарамай, жойылуға лайық, қаһарға ұшырайтын ыдыстарға зор шыдамдылық таныту арқылы 23  өзінің зор ұлылығын көрсетпек болды, әрі мұны ұлылықты қабылдауға алдын ала дайындап қойған мейірімділік көрсетілетін ыдыстар, 24  яғни яһудилерден ғана емес, басқа ұлттардан да шақырылған біздер, арқылы істемек болды. 25  Ошия пайғамбардың кітабында ол былай деген: “Өз халқым еместі енді “халқым” деймін, сүймегенімді “сүйіктім” деп атаймын. 26  Оларға “Сендер менің халқым емессіңдер” деген жерде олар енді “тірі Құдайдың ұлдары” деп аталатын болады”. 27  Ал Ишая пайғамбар Исраил жайында былай деп дауыстаған: “Исраил ұлдары теңіз жағасындағы құм қиыршықтарындай көп болса да, олардың тамтығы ғана аман қалады. 28  Ехоба жер бетінің тұрғындарын жауапқа тартады. Ол мұны толықтай әрі тездетіп жүзеге асырады”. 29  Сондай-ақ Ишая алдын ала: “Әскерлер басы Ехоба ұрпағымызды аман алып қалмағанда, біз Содом мен Ғомора қалаларының кебін киер едік”,— деген. 30  Онда не демекпіз? Басқа ұлт адамдары әділдікке ұмтылмаса да, сенімдерінің арқасында Құдай алдында әділ болды. 31  Ал Исраил болса заңды орындау арқылы әділ болуға тырысқанмен, оны орындай алмады. 32  Неліктен? Себебі олар сенімдері емес, істері арқылы әділ болғысы келді. Олар “сүріндіретін тасқа” шалынды. 33  Бұл жайлы былай делінген: “Міне, мен Сионда сүріндіретін тас, құлататын жартас қойып жатырмын. Оған сенген ешкімнің көңілі қалмайды”.

Сілтемелер

Немесе “асырап алған балалары”.