Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Петірдің 2-хаты 3:1—18

3  Сүйікті бауырластар, өздеріңе жазып отырған екінші хатымда, бірінші хатымдағыдай, белгілі бір жайттарды естеріңе салу арқылы анық ойлау қабілеттеріңді оятқым келіп отыр.  Мен мұны қасиетті пайғамбарлардың бұрын айтып кеткен сөздерін және елшілерің арқылы берілген Иеміз әрі Құтқарушымыздың өсиетін естеріңде сақтаса екен деп істеп отырмын.  Ең бастысы, сендер мынаны білесіңдер: соңғы күндері мазақ сөздер айтатын мазақтаушылар келеді. Олар өз қалауларын орындайды  және былай дейтін болады: “Ол келем* деп уәде еткен еді ғой, келгені қайда? Ата-бабаларымыз өлім ұйқысына кете бастағалы бері ештеңе өзгерген жоқ, жаратылыс басталғалы бері бәрі де сол күйі жалғасып келеді”.  Бірақ олар мынаны әдейі ескермейді: аспан баяғыдан бері бар болған, Құдайдың сөзі бойынша, жер де қатты дене болып судан шығып және суға оранып тұрды.  Ежелгі замандағы дүние осы сулардың астында қалып, жойылды.  Ал қазіргі аспан мен жер, сол сөз бойынша, отпен жойылу үшін арсыздардың сотталып, жойылатын күніне сақталып отыр.  Алайда, сүйікті бауырластар, Ехоба үшін бір күн мың жылға, ал мың жыл бір күнге тең екенін ескерусіз қалдырмаңдар.  Кейбіреулер ойлағандай, Ехоба уәдесін орындауды баяулатып жатқан жоқ, қайта, сендерге шыдамдылық танытып отыр, өйткені ол бірде-бір адамның жойылмай, бәрінің өкінгенін қалайды. 10  Ехобаның күні ұры іспетті келеді. Сол күні аспан ысқырып келген қатты шумен жоқ болып, аспан мен жердің құрамдас бөліктері шоқтай қызып, балқып кетеді. Ал жер мен ондағы істер әшкере болады. 11  Мұның бәрі осылай құрып кететін болса, сендердің жүріс-тұрыстарың қасиетті, ал іс-әрекеттерің Құдайға шын берілген адамдарға тән болу керек емес пе!? 12  Өйткені сендер Ехобаның күнінің келгенін* күтіп, оны естеріңде мықтап ұстап жүрсіңдер ғой. Сол күні аспан өртеніп балқып, аспан мен жердің құрамдас бөліктері қатты қызып еріп кетеді. 13  Ал біз оның уәдесіне сай, әділдік орнайтын жаңа аспан мен жаңа жерді күтудеміз. 14  Сондықтан, сүйікті бауырластар, осыларды күтіп жүргендеріңде, ақыр соңында ол сендерді былғанбаған, таза әрі тату деп табу үшін қолдан келгеннің бәрін істеңдер. 15  Сондай-ақ Иеміздің шыдамдылығын құтқарылудың мүмкіндігі деп біліңдер. Сүйікті бауырласымыз Пауыл да өзіне берілген даналықпен осы туралы сендерге жазған. 16  Ол осы жайттар жөнінде барлық хаттарында айтып жүр. Алайда оларда түсінуге қиын жерлер де бар. Бұларды надан, сенімде тұрақсыз адамдар өзге Жазбаларды бұрмалағанындай бұрмалап, өздерін жойылуға жетелеуде. 17  Сол себепті, сүйікті бауырластар, осыны алдын ала білгендіктен, сақ жүріңдер: бұзық адамдар сендерді жаңсақ ойларымен еліктіріп әкетіп, берік тұрған негіздеріңнен құлатпасын. 18  Қайта, Иеміз әрі Құтқарушымыз Иса Мәсіхтің рақымына бөлене беріп, ол жайлы білімдерің арта түссін. Ол қазір де, мәңгілік бойы да даңқтала берсін!

Сілтемелер

Грекше парусиа. 5-қосымшаны қараңыз.
Грекше парусиа. 5-қосымшаны қараңыз.