Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Матай 7:1—29

7  Өздерің айыпталмас үшін, өзгелерді айыптауды доғарыңдар.  Өйткені өзгелерді қалай айыптасаңдар, өздерің де солай айыпталасыңдар. Қандай өлшеммен өлшеп берсеңдер, сендерге де сондай өлшеммен беріледі.  Неліктен бауырласыңның көзіндегі жаңқаны көресің де, ал өз көзіңдегі бөренені байқамайсың?  Өз көзіңде бөрене тұрғанда, қалайша бауырласыңа: “Кәне, көзіңдегі жаңқаны алып тастайын”,— дей аласың?  Екіжүзді! Алдымен өз көзіңдегі бөренені алып таста, сонда бауырласыңның көзіндегі жаңқаны қалай алу керектігін анық көресің.  Қасиетті нәрсені иттерге тастамаңдар, інжу-маржандарыңды шошқалардың алдына лақтырмаңдар. Әйтпесе олар оны аяқтарымен таптап, бұрылып келіп, өздеріңді жарып тастайды.  Сұрай беріңдер, сонда сендерге беріледі; іздей беріңдер, сонда табасыңдар; есікті қаға беріңдер, сонда сендерге ашылады.  Себебі сұрай берген әркім алады, іздей берген табады, қаға бергенге есік ашылады.  Араларыңдағы қандай адам нан сұраған баласына тас берер еді? 10  Яки балық сұраса, жылан берер еді? 11  Демек, сендер күнәкар бола тұра, балаларыңа жақсы сыйлықтар беруді білсеңдер, көктегі Әкелеріңнің өзінен сұрағандарға жақсы нәрселер беретіні еш шүбәсіз! 12  Олай болса, барлық істе басқалар өздеріңе қалай істесін десеңдер, сендер де оларға солай істеңдер. Мұса заңы мен Пайғамбарлар жазбаларының мәні — осы. 13  Тар қақпа арқылы кіріңдер, себебі жойылуға апаратын жол кең әрі даңғыл, онымен жүретіндер көп. 14  Ал өмірге апаратын қақпа да, жол да тар. Оны табатындар аз. 15  Жалған пайғамбарлардан сақтанып жүріңдер! Олар сендерге қой терісін жамылып келеді, бірақ шын мәнінде олар аш қасқырлар. 16  Оларды жемістерінен танисыңдар. Ешкім тікеннен жүзім, түйетікеннен інжір жинамайды, солай емес пе? 17  Сол сияқты, әрбір жақсы ағаш жақсы жеміс, ал нашар ағаш нашар жеміс береді. 18  Жақсы ағаш нашар жеміс, нашар ағаш жақсы жеміс бере алмайды. 19  Жақсы жеміс бермейтін әрбір ағаш шабылып, отқа тасталады. 20  Олай болса, сол адамдарды жемістерінен танисыңдар. 21  Маған: “Ием! Ием!” дейтіндердің бәрі емес, көктегі Әкемнің еркін орындайтындар ғана Көк патшалығына кіреді. 22  Сол күні маған көп адам: “Ием, Ием, біз сенің атыңнан пайғамбарлық етпедік пе? Сенің атыңнан жындарды қуып шығып, сенің атыңнан көптеген құдіретті істер жасамап па едік?”— дейтін болады. 23  Сонда мен оларға: “Сендерді ешқашан таныған емеспін! Менен аулақ кетіңдер, заңсыздық жасаушылар!”— деп ашық айтамын. 24  Сондықтан осы айтқандарымды естіп, оларды орындайтын әркім өз үйін жартасқа салған ақылды адамға ұқсайтын болады. 25  Жаңбыр құйып, сел жүріп, үйді дауыл соққылағанда, ол құлаған жоқ. Өйткені үйдің іргетасы жартасқа қаланған болатын. 26  Ал осы айтқандарымды естісе де, орындамайтын әркім үйін құм үстіне салған ақымақ адамға ұқсайтын болады. 27  Жаңбыр құйып, сел жүріп, үйді дауыл соққылағанда, ол қирап, жермен-жексен болды”. 28  Иса сөзін аяқтағанда, жұрт оның тәліміне қайран қалды. 29  Өйткені ол заң мұғалімдері сияқты емес, билігі бар адамдай тәлім берді.

Сілтемелер