Мазмұнға өту

Мазмұнын көру

Ехоба куәгерлері

Тілді таңдау қазақ

Матай 26:1—75

26  Иса осының бәрін айтып болған соң, шәкірттеріне:  “Екі күннен кейін Құтқарылу мейрамы* болатынын білесіңдер. Сонда Адам Ұлы бағанаға іліп өлтірілу үшін ұстап беріледі”,— деді.  Сол кезде жоғарғы діни қызметкерлер мен ел ақсақалдары Қаяпа деген бас діни қызметкердің ішкі ауласына жиналып,  кеңес құрды. Олар Исаны айламен ұстап алып, өлтірудің жолын іздестірді.  Алайда: “Мұны мейрамда істемейік, әйтпесе халық арасында наразылық тууы мүмкін”,— десті.  Бетанияда болғанда Иса алапеспен ауырған Шимонның үйінде  дастарқан басында жантайып жатты. Сонда өте қымбат иісмай құйылған тас құты ұстаған бір әйел келіп, оны Исаның басына құя бастады.  Бұны көрген шәкірттері наразылық білдіріп, былай десті: “Мұндай ысыраптың қажеті не?  Оны қымбат бағаға сатып, кедейлерге үлестіруге болар еді ғой!” 10  Олардың не жайлы сөйлесіп жатқанын білген Иса былай деді: “Бұл әйелді неге мазалайсыңдар? Ол маған жақсылық жасады. 11  Кедейлер әрқашан қастарыңда ғой, ал мен әрқашан қастарыңда болмаймын. 12  Иісмайды денеме құюымен ол мені жерлеуге дайындады. 13  Сендерге шындығын айтамын, ізгі хабар дүниенің қай жерінде уағыздалмасын, бұл әйел де еске алынып, осы істегені жайлы айтылатын болады”. 14  Сонда Яһуда Исқариот есімді он екі елшінің бірі жоғарғы діни қызметкерлерге барып: 15  “Оны қолдарыңа түсірсем, маған не бересіңдер?”— деп сұрады. Олар отыз күміс теңге беруді уәде етті. 16  Осы кезден бастап ол Исаны ұстап берудің қолайлы сәтін іздеді. 17  Ашымаған нан мейрамының бірінші күні шәкірттері Исаға келіп: “Құтқарылу мейрамының асын қайда дайындағанымызды қалайсың?”— деп сұрады. 18  Ол мынаны тапсырды: “Қаладағы пәленшеге барып, былай деңдер: —Белгіленген уақытым жақын. Құтқарылу мейрамын шәкірттеріммен бірге сенің үйіңде тойлаймын деп, Ұстазымыз сәлем айтты”. 19  Шәкірттері Иса бұйырғандай, мейрамға қажеттінің бәрін даярлады. 20  Кеш түскенде Иса он екі шәкіртімен дастарқан басына жантайды. 21  Тамақтанып жатқанда, ол: “Сендерге шындығын айтамын, араларыңдағы біреу маған опасыздық жасайды”,— деді. 22  Бұған олар қатты еңселері түсіп, бірінен соң бірі: “Ием, мен емеспін ғой, солай ма?”— деп сұрай бастады. 23  Ол былай деп жауап берді: “Менімен бірге табаққа қол салып жатқан біреуің маған опасыздық жасайсың. 24  Рас, Адам Ұлы өзі туралы жазылғанға сай кетіп бара жатыр. Бірақ Адам Ұлына опасыздық жасаған кісі қасіретке қалады! Бұдан гөрі оның дүниеге келмегені жақсы еді!” 25  Сонда оған опасыздық жасағалы жүрген Яһуда: “Ұстаз*, сол кісі менмін бе?”— дегенде, Иса: “Мұны өзің айтып тұрсың”,— деді. 26  Олар әлі тамақтанып жатқанда, Иса қолына нан алып, дұға еткен соң, шәкірттеріне сындырып беріп жатып: “Алыңдар, жеңдер. Бұл менің денемді білдіреді”,— деді. 27  Сосын, шарап құйылған тостағанды алып, Құдайға ризашылық білдірді де, оларға беріп жатып, былай деді: “Мынадан бәрің де ішіңдер. 28  Өйткені бұл көптеген адамдардың күнәсі кешірілу үшін төгілетін менің қанымды — “келісім қанын” — білдіреді. 29  Бірақ сендерге былай деймін: Әкемнің Патшалығында сендермен бірге жаңа шарап ішетін күнге дейін, енді қайтып шарап ішпеймін”. 30  Соңында, олар мадақтау әндерін айтты да, Зәйтүн тауына қарай жүрді. 31  Сонда Иса оларға былай деді: “Басыма түсетін жағдайға бола осы түні бәрің мені тастап кетесіңдер, өйткені Киелі жазбаларда “Бағушыны ұрып өлтіремін, сонда отардағы қойлары бытырап кетеді” делінген. 32  Бірақ мен қайта тірілгеннен кейін, сендерден бұрын Ғалилеяға барамын”. 33  Ал Петір: “Басыңа түскен жағдайға бола бәрі тастап кетсе де, мен сені ешқашан тастамаймын!”— деді. 34  Бұған Иса: “Саған шындығын айтамын, осы түні, әтеш шақырғанша, сен менен үш рет танасың”,— деп жауап берді. 35  Сонда Петір: “Сенімен бірге өлуге тура келсе де, сенен еш танбаймын!”— деді. Басқа шәкірттер де осыны айтты. 36  Бұдан кейін Иса олармен бірге Гетсимани деген жерге келді. Ол шәкірттеріне: “Мен ана жерге барып дұға айтып келгенше, осында отыра тұрыңдар”,— деді де, 37  Петір мен Зебедейдің екі ұлын өзімен бірге ертіп кетті. Сосын, қайғыға батып, қатты күйзеле бастады. 38  Иса оларға: “Жаным өлердей қайғырып тұр. Сендер осында қалып, менімен бірге ұйықтамай сергек болыңдар”,— деді. 39  Сөйтті де, әрірек барып, етпетінен жығыла кетіп: “О, Әкем, мүмкін болса, осы тостағанды менен әкете көр. Бірақ менің емес, сенің қалауың болсын”,— деп дұға етті. 40  Қайтып келгенде, шәкірттерінің ұйықтап жатқанын көріп, Петірге: “Ең болмағанда, бір сағат менімен бірге сергек бола алмағандарың ба? 41  Азғырылмау үшін сергек болып, ұдайы дұға етіңдер. Рух дайын, бірақ тән әлсіз”,— деді. 42  Ол екінші рет әрірек барып: “О, Әкем, бұл тостағанды менен әкету мүмкін болмай, оны ішуім керек болса, онда сенің еркің орындалсын”,— деп дұға етті. 43  Қайтып келгенде, олардың тағы ұйықтап жатқандарын көрді, өйткені көздерін ұйқы басқан еді. 44  Сонда Иса шәкірттерін қалдырып, тағы да барып, үшінші рет дәл сол сөздерін айтып дұға етті. 45  Сосын, оларға келіп, былай деді: “Осындай уақытта ұйықтап, демалып жатырсыңдар ма?! Міне, Адам Ұлы күнәкарлардың қолына ұстап берілетін уақыт жақындап қалды. 46  Тұрыңдар, кеттік! Міне, маған опасыздық жасайтын адам таяп қалды”. 47  Ол әлі сөйлеп тұрғанда, он екі елшінің бірі Яһуда қолдарына семсер, сойыл ұстаған үлкен тобырмен келді. Оларды жоғарғы діни қызметкерлер мен ел ақсақалдары жіберген еді. 48  Опасыздық жасайтын адам қандай белгі беретінін айтып: “Мен кімнің бетінен сүйсем, ол — сол кісі. Соны тұтқындаңдар”,— деген болатын. 49  Ол тіке Исаға келіп: “Амансың ба, Ұстаз!”— деді де, ақырын ғана бетінен сүйді. 50  Бірақ Иса оған: “Достым, мұнда не үшін келдің?”— деді. Сонда олар Исаға жақындап келді де, оны тұтқынға алды. 51  Кенет Исаның қасындағылардың бірі семсерін суырып алып, бас діни қызметкердің құлының құлағын шауып түсірді. 52  Бірақ Иса оған былай деді: “Семсеріңді қынабына сал! Қолына семсер алғандардың бәрі семсерден өлер. 53  Жоқ әлде Әкемнен дәл қазір періштелердің қалың қолын* жіберуін сұрап өтіне алмайды деп ойлайсың ба? 54  Онда осылай болу керектігі айтылған Жазбалар қалай орындалмақ?” 55  Сосын, Иса тобырға қарап: “Қарақшыны ұстауға келгендей, семсер, сойылмен келгендерің қалай? Күн сайын ғибадатханада тәлім беріп, қастарыңда болғанымда тұтқындамап едіңдер. 56  Бірақ мұның барлығы пайғамбарлар жазбаларының жүзеге асуы үшін осылай болды”,— деді. Сонда шәкірттерінің бәрі оны тастап, қаша жөнелді. 57  Исаны тұтқынға алғандар оны бас діни қызметкер Қаяпаға апарды. Сол жерге заң мұғалімдері мен ақсақалдар жиналған еді. 58  Петір оған алыстан ілесе отырып, бас діни қызметкердің ішкі ауласына дейін барды. Онда кірген соң, істің немен бітетінін білу үшін үй қызметшілерінің қасына барып отырды. 59  Осы кезде жоғарғы діни қызметкерлер мен бүкіл Жоғарғы кеңес* Исаны өлімге кеспек болып, оған қарсы жалған айғақтар іздестіріп жатты. 60  Бірақ көптеген жалған куәлар келгенмен, бірде-бір айғақ табылмады. Ақырында, екі куә келіп, 61  былай деді: “Мына кісі: —Құдайдың ғибадатханасын қиратып, үш күнде қайта тұрғыза аламын,— деген болатын”. 62  Сонда бас діни қызметкер орнынан тұрып: “Айтар жауабың жоқ па? Олар саған қарсы куәлік беріп жатыр ғой!”— деді. 63  Бірақ Иса үнсіз тұра берді. Сонда бас діни қызметкер: “Тірі Құдайдың алдында ант етіп, бізге мынаны айт: сен Құдай Ұлы Мәсіхсің бе?”— деді. 64  Иса оған: “Мұны өзің айтып тұрсың. Мен сендерге мынаны айтамын: бұдан былай Адам Ұлының құдіретті күштің* оң жағында отырғанын және аспандағы бұлттарда келе жатқанын көретін боласыңдар”,— деп жауап қатты. 65  Сол кезде бас діни қызметкер киімінің өңірін жыртып: “Мынау Құдайды қорлап тұр! Бізге бұдан басқа қандай куә қажет? Құдайды қорлағанын өздерің естідіңдер ғой. 66  Бұған не дейсіңдер?”— деп сұрағанда, олар: “Ол өлімге лайық!”— деп жауап қатты. 67  Олар Исаның бетіне түкіріп, жұдырықтады. Басқалары болса жағынан салып-салып жіберіп: 68  “Әй, Мәсіх! Пайғамбар болсаң, айтшы, сені кім ұрды?”— деді. 69  Осы уақытта Петір сыртта, ішкі аулада, отыр еді. Оған бір қызметші қыз келіп: “Сен де ғалилеялық Исамен жүретін едің ғой!”— деді. 70  Бірақ ол бәрінің алдында: “Сенің не айтып тұрғаныңды білмеймін”,— деп мойындамады. 71  Петір қақпа алдына келгенде, басқа бір қыз оны байқап қалып, сондағыларға: “Мынау назареттік Исамен бірге жүретін”,— деді. 72  Ол тағы да танып: “Мен ол кісіні танымаймын”,— деп ант ішті. 73  Сәлден кейін сонда тұрғандар келіп: “Сен шынымен солардың бірісің! Қалай сөйлегеніңнен-ақ көрініп тұр!”— деді. 74  Бірақ Петір: “Мен ол кісіні танымаймын!”— деп, қарғанып, ант іше бастады. Сол сәтте әтеш шақырды. 75  Сонда Петірдің есіне Исаның “әтеш шақырғанша, сен менен үш рет танасың” деген сөздері түсті де, сыртқа шығып, қатты жылады.

Сілтемелер

Түсіндірмені қараңыз.
Сөзбе-сөз “Равви”.
Сөзбе-сөз “он екі легионнан астам”. Легион — ежелгі Римнің әскери жасағы.
Түсіндірмені қараңыз.
Немесе “Құдіреті күштінің”.